Жаңалықтар

Қарғалыда 800 шаршы метр тұрғын үй салынады

Nur Otan партиясынан облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Амангелді Есіркепов Қарғалы ауданының тұрғындарымен кездесіп, сайлаушыларға партия бағдарламасының басым бағыттарын түсіндірді.

— Бүгінгі күні елімізде көптеген тұрғын үйлер салынып, жолдар, ауруханалар, мектептер жөнделуде. Мәдениет, білім беру, медицина салалары бойынша тұрғындар игілігіне жаңа нысандар ашылуда. Халықты жұмыспен қамту мәселелері шешілуде. Ал бұл міндеттерді жүзеге асыруға бюджеттен орасан зор қаражат бөлінуде.

Мұның барлығы — ел игілігі үшін жасалған жұмыстар, сондықтан халық бұл бастамаларды лайықты бағалауы керек. Ал біздің партия осы жасалған істерді одан әрі жалғастыра отырып, өңір экономикасының дамуының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, жұмыспен қамтуды сақтауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға барлық күш-жігерін салады. Біз өз облысымызды қауіпсіз және өмір сүруге ыңғайлы ету үшін алға қойылған міндеттерді ойдағыдай орындауымыз керек, — деді Амангелді Есіркепов.

Өз сөзінде үміткер тұрғындарға алдағы бес жылда облыста 30 ірі жоба, сондай-ақ 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылатынын жеткізді. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында кем дегенде 200 жоба қаржыландырылатынын айтты. Ал «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыста жылына кемінде бір мың жоба жүзеге асырылып, халықты жұмыспен қамту үшін жыл сайын кем дегенде 21 мың жаңа жұмыс орны құрылады.

Сондай-ақ облыс бойынша жеке үйлер салуға 23 мың жер учаскесі беріледі. Осылайша алдағы бес жыл ішінде шамамен 28 мың отбасы баспаналы болады. Бұл тұрғындар арасындағы тұрғын үй кезегін 10%-ға төмендетеді.

— Ал Қарғалы ауданының орталығында алдағы бес жыл ішінде жалпы ауданы 800 шаршы метр жалға берілетін-коммуналдық тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп, жыл сайын аз қамтылған отбасыларға үш пәтерден беріледі. Сондай-ақ Петропавловка және Қалдаяқов ауылдарының тұрғындары жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін ала алады. Айта кету керек, бүгінде ауданда тұрғын үй кезегінде 259 адам тұр, — деді үміткер.

Оның айтуынша, партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілгендей, 2021-2025 жылдары аудандағы автокөлік жолдарының сапасын кезең-кезеңмен жақсарту үшін бірқатар жобалар іске асырылмақ. Мәселен, 2021 жылы Ш.Қалдаяқов ауылына кіреберістегі ұзындығы 1,8 шақырым жол жөнделсе, 2022 жылы жалпы ұзындығы 23 шақырым болатын «Бородиновка-Степное» автокөлік жолын жөндеу мәселесі шешіледі. Сонымен қатар алдағы жылдары ұзындығы 17,5 км болатын «Бадамша-Бородиновка» автокөлік жолына, Қосестек (3,63 км), Бадамша (6,38 км), Петропавловка (4 км), Ш.Қалдаяқов (3 км) ауылдарының ішкі жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Кездесу барысында Амангелді Есіркепов тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, оларды Nur Otan партиясына дауыс беруге шақырды.

Айта кету керек, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында санитарлық талаптар мен  қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуда.

Данагүл ҚАЗИХАН,

(Қаржы Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық

сайлау қорынан төленді).

Басқа жаңалықтар

Back to top button