Жаңалықтар

Этнос өкілдері батырлар мекенінде

Сенбі күні «Қоғамдық келісім» мекемесінің құрамындағы этно-мәдени бірлестік өкілдері Қобда ауданында болып, батырлар мекеніндегі киелі орындарды аралады.

Қойнауы аңыз бен тарихқа толы ауданға келген қонақтар алдымен Қазақстанның 100 сакралды орындарының қатарына енген «Абат-Байтақ» кесенесіне барды. Мұнда этно-мәдени бірлестік мүшелері археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуге келген ғалым, археолог, этнограф, тарих ғылымдарының докторы Серік Әжіғалимен жүздесіп, көкейде жүрген сауалдарына жауап алды.

Бұл кесененің «Абат-Байтақ» деп аталуының өзінде мән бар. Аңызға сүйенетін болсақ, Абат ноғайлы кезеңіндегі дала философы, жерұйықты іздеген Асан қайғының ұлы деп саналады. Абат: «бұл көкмайса жер екен, осы жерге қоныстанайық» деп хабар айтпақшы болып желмаяға мініп шаба жөнелгенде желмаясы тулап, лақтырып, ішкі құрылысы сөгіліп көз жұмады. Асан қайғы баласының ажалына қатты қайғырып, ұлының аты өшпеуі үшін барлық халыққа бір күнде кесене салуды бұйырады. Байтақ ел болып салынған кесене болғандықтан Абат сөзіне «Байтақ» сөзі қосылып айтылып кеткен деседі. Тағы мән беретін жағдай XIV ғасырда дала мәдениетіне парсы сөзі қосылған. «Байтақ» негізі парсының «пайтах» деген сөзінен шыққан. Сондықтан бұл жер батырға салынбаған деп тұжырым жасауға болады. Өйткені дала дәстүріне сәйкес орта таптың батырларына бұндай ірі кесенелер орнатылмаған. Демек бұл жерде хан ұрпағы немесе қандай да бір ханның өзі жерленген болуы мүмкін. Аңыз аңызымен, бірақ шындыққа тіке қарап, қателікке жол бермеуіміз керек. Сондықтан ғылыми тілде ескерткішті атрибутациялау яғни сәйкестендіру мәселесі әлі ашық күйінде қала бермек. Менің болжамдарым бар,  бірақ әлі тереңірек зерттеуді қажет етеді, ол, әрине, уақыттың еншісінде. Дегенмен біз бұл жәдігерді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Көпшілігі қазір алтын іздеуге құмар-ақ. Ал түсіне білген адамға бұл — біздің «екінші алтынымыз». Реставрацияны Түркістаннан келіп жасады. Реставрация жасарда өте нәзік көзқарас болғаны жөн. Сондықтан этикасы мен эстетикасын және идеологиясын сақтауға барынша мән берілді, — дейді Серік Әжіғали.

Бұдан соң, қонақтар Әлия ауылына арнайы барып, батырдың рухына тағзым етті. Ауыл ортасына орнатылған ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр қызды бір минут үнсіздікпен еске алды. Ал «Әлия» патриоттық облыстық тәрбие беру орталығында оларға батырдың ерлікке толы өміріне қатысты мағлұматтар айтылды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button