Жаңалықтар

Ауылдың шаңырағын тіктеген азамат

…Алға ауданының құрметті азаматы, өңірімізге белгілі дәрігер Сағынғали Тәженов туралы жазарда ол кісінің осы уақытқа дейін алған атақтары мен марапаттарынан бастасақ, мақаламыздың жартысы соған кетер еді. Бәрімізге жақсы таныс ағаның келбетін біз басқа қырынан ашуға тырыстық…

Алғаға таяқтастам жерде көпшілік арасында «Подхоз» аталып кеткен ауыл бар. Кезінде Одаққа белгілі химия зауытының қосалқы шаруашылығы болған жер. Зауыт құлағаннан кейін, бұл ауылдың да күйі кетті — бұрынғы жайқалған алма бақ та жойылды, тұрғындар жайлы жер іздеп, жан-жаққа тарады. Ар жағындағы Бесқоспа, Есет батыр ауылдарына барған заманауи игіліктер бұл ауылды айналып өтті. Кезінде орталықтан үй алуға шамалары келмей, осы жерді паналаған отбасылар балалары Алғаға қатынап оқыды. Алғадан қарағанда көрініп тұратын шағын ауылға қыстың бұрқасын борандарында қатынау да қиын еді.

Біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Сағынғали Айтжанұлы еңбек демаласына шығып, өзі қырық жылдай абыроймен атқарған дәрігерлігін тоқтатты да, біржола шаруашылықпен айналысуға көшті. Есет батыр ауылына қарасты жерде аздаған мал ұстап, бақша егіп, зейнет жасын шағын ғана жеке шаруашылығында өткеріп жатқан-ды.

Ақтөбе мен Алғаға келе жатқанда өзінің қарадомалақ балалық шағы өткен ауылдың тұсынан жүрегі қан жыламай өте алмайтын. Бала кезінде тал-дарақты ат қып мініп, алмасы қайысқан бақта ойын қыздырған кезі сағынышпен кеудесін сыздатып, балығы тайдай тулаған өзен — Електің саласы көзіне оттай басылып, ішінде бір қынжылыс пайда болатын.

Сағынғали ағаның айналасы да, осы жолдардың авторы да ол кісінің табиғатынан мазасыз екенін жақсы білеміз. Аудандық ауруханаға небір білікті мамандарды тартып, заманауи құралдар алып шапқылап жүретін ылғи. Ұжымындағы талай жасқа тек ұстаз болып қана қоймай, жастардың біріне пәтер алуға, бірінің баласын бақшаға орналастыруға көмектескенін де көзіміз көрді.

Қазақта жасы үлкен ер азаматты «шал», «ақсақал», «абыз» деп үшке бөліп атайды. «Шал» дегеніміз — жиналып алып карта ойнайтын, ізінен ерген жасқа айтатын ақылы жоқ, қара басын күйттеген топ деседі. «Ақсақал» — артындағы ұрпаққа ақылын айтып, жол сілтейтін, өзінің орны мен салмағын білетін қарт. Ал «абыз» деп елі мен жері үшін қолынан келгенше пайдалы шаруа жасайтын, жасап жүрген абыройлы адамды атайды екен.

Жасы жетпіске келсе де, қайратты да қағілез Сағынғали аға өзі туған ауыл —«Подхоздың» жағдайын қолға алуды мақсат етті. Өмір бойы бір ғана айлыққа қараған қарапайым дәрігерде миллион қайдан болсын, меценаттық жасауға шамасы келмеді. Бірақ ауданның жағдайы мен ресурсын бес саусағындай білетін ол аудан басшылығына  кіріп, ұсыныс жасады. Қаражат көзін қарастыруға көмектесті.

Сонымен «қалауын тапса қар жанады» деген, алдымен ауылға газ өткізуге кірісті. Бір істі бастаса, соны тап-тұйнақтай қылып жасауға тырысатын мазасыз кісі мердігерлердің басы-қасында жүріп, ол істің ойдағыдай атқарылуын қадағалады. Шағын ауылға газ келген соң, ел де көшіп келе бастады. Шаруа қожалықтарын ашқандар қарасы да көбейді.

Сонау зауыт заманында өткізілген электр желісі де шаршап тұрған, ауылға жаңадан электр желісін тартуды қолға алды сосын. Ендігі кезекте ауызсу мәселесі тұрған еді. Тағы да аудан басшылығын жағалап жүріп, бұл мәселе де шешілді.

Бас-аяғы бір-екі жылдың ішінде халыққа керек үш бірдей үлкен шаруа атқарылды: ауылға газ, жарық, су келді. Осы істің басы-қасында Сағынғали Тәженов жүрді.

Қасынан күнде өтетін шағын ауыл түн болса самаладай жарқырап, күндіз малы өріске беттеген берекелі мекенге айналғанын көріп-біліп жүрген біз де арнайы барып, жасалған шаруаларды көзімізбен көріп қайттық.

Сағынғали Айтжанұлы бізге ерінбей-жалықпай ауылды аралатып, бала кезінде балығын аулап, суына шомылған өзенді көрсетті. Алма  бақ туралы да сөз болып: «Ауылдастарға бақты қайта қалпына келтіру керектігін айтып жүрмін, болашақта мұны да қолға аламыз», — деді.

— Бұл ауылда менің көмекшілерім бар, қазір таныстырам, — деген аға бізді ауыл тұрғындарына таныстырды. Ләззәт, Люда тәрізді қыздар ағаны қаумалап алып, шаруаларын айтып жатыр. Жасалған шаруаларға тоқталған Сағынғали аға оларға тағы бір тапсырмалар беріп, әкелген жүзімін ұсынып жатты.

Ауылдан шығаберісте ашық алаң бар екен, сол жерге мектеп саламыз деп ауылдастар қоныс аударатын адамдар іздеп, бала санын көбейтуді де қолға алып жатыр екен.

Құлай жаздап барып шаңырағын тіктеген ауылдан сондай бір ризашылық сезіммен аттандық, кез келген адам өзінің кіндік қаны тамған жерге осылай қызмет атқарса, елде қаңыраған ауыл қалмас еді-ау деген ой кетті ішімізде…

…Ауданның құрметті азаматы, бірнеше медаль-ордендердің иегері, асыл әке, аяулы жар Сағынғали Тәженовтің біз суреттеген бір қыры осындай.

Шағын ғана берекелі ауылдың тұрғындары бізбен жылы қоштасып, ауылдан аттанарда  әзіл-шыны аралас бір тілектерін айтып қалды.

«Ауылымызға жан бітірген, барлық жағдайымызды жасауға мұрындық болған Сағынғали ағаның еңбегін қалай ақтайтынымызды білмейміз. Зауыттан қалған орысша атаумен қашанғы жүреміз. Біздің ауылымызды «Тәженов ауылы» деп атағымыз келеді, оған ағаның еңбегі сіңді, осыны тиісті орындарға жеткізсеңіз екен» — деді.

Несі бар, орынды ұсыныс. Өзінің кіндік қаны тамған ауылына осындай еңбек жасаған адам қандай да құрметке лайық, заң аясында болса ойланып көруге болатын дүние.

Оның азаматтық ажарын азғантай мақалада аша алдық па, жоқ па, ол жағын оқырман таразылай жатар. Әр ауылда осындай ақсақал болса, қазақтың туы құлай қоймас…

Шара ЕЛЕУСІЗ,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button