Жаңалықтар

500-ден астам адамға кеңес берілді

Акция

26-27 тамыз күндері ақтөбелік полицейлер республикалық «Жолдағы қабылдау» акциясы аясында 500-ден астам адамға кеңес берді. Акцияның негізгі мақсаты  — халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, соның ішінде Армениядан әкелінген көлік құралдарын тіркеу бойынша консультативтік және құқықтық қолдау көрсету және азаматтардың ішкі істер органдарына деген сенімін арттыру.

Шара аясында әкімшілік полиция, жергілікті, қалалық басқармалар мен аудандық полиция бөлімдерінің өкілдері тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Полиция басқармасының баспасөз қызметі берген дерек бойынша, алғашқы күні полицейлердің қызметіне 200-ден, екінші күні 300-ден астам адам жүгінген.

Облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына барып, туындаған мәселелер бойынша 10-нан астам автокөлік иелеріне жеке түсініктеме берді.

— Бүгінге дейін Армениядан әкелінген 1752 автокөлік тіркелген. Армениядан әкелінген көлік иелерімен темір тұлпарын есепке қою қажеттілігі туралы жеке түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар көрші облыстардағы әріптестермен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Мысалы, ақтөбелік азамат Батыс Қазақстан облысынан автокөлік сатып алған, алайда иесі көлікті ресімдеуден бас тартқан. Біздің қызметкерлер оралдық әріптестермен хабарласып, мәселені екі күн ішінде шешуі керек, — деді А.Арыстанов.

Қайта жабдықталған және рулі оң жақта орналасқан автомобильдерді тіркеу мерзімі ұзартылды. Себебі рулі оң жақта орналасқан көліктер қайта жабдықталып, сәйкестік сертификатын алуы тиіс. Бүгінгі таңда мұндай орталықтар екі қалада — Алматы мен Қостанайда ғана жұмыс істейді. Басқа облыстарда да алдағы уақытта сертификаттау орталықтары ашылмақ.

Азаматтарды қабылдау Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарында жүргізілді.

Сондай-ақ, жедел желі телефоны бойынша да сұрақтарға жауап берілді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button