Жаңалықтар

Ақтөбе әуежайы «Ашық аспан» жобасы негізінде жұмыс істеп жатыр

Соңғы айларда ішкі рейстер саны артқан

Биыл 3 қыркүйектен бастап B&K AERO әуе компаниясының Ақтөбе-Анталия халықаралық қатынасындағы рейстері іске қосылады. Алдағы уақытта Ақтөбе-Үрімші және Ақтөбе-Пекин халықаралық рейстерін ашу жоспарда бар. Бұл туралы «Ақтөбе халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасы Дастан Малиев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз-турын өткізу барысында мәлімдеді.
Әуежайда журналистерге арналған экскурсия ұйымдастырылды. Шарада «Ақтөбе халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Дастан Малиев журналистерге мұндағы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар, жаңалықтарымен бөлісті. Сондай-ақ ол карантин кезінде жолаушыларға көрсетілген қызмет пен мекемедегі санитарлық талаптардың сақталу жайын да түсіндірді.

— Карантин кезінде барлық қажетті қауіпсіздік шаралары сақталады. Бүгінгі күні әуежай ғимаратының барлық залында антисептиктер үшін санитайзер құрылғылар орнатылған. Сонымен қатар басқа да санитарлық талаптар, яғни әлеуметтік қашықтық пен бетперде режимі, байланыссыз термометрия сақталған, — деді ол.
Әуежайдағы экскурсия ғимаратқа кіреберісте орнатылған тепловизор қондырғысын таныстырудан басталды. Бұл — дене қызуын қашықтан өлшейтін құрылғы. Дастан Малиевтің айтуынша, компьютермен басқарылатын бұл қондырғының жұмысы кезекшілік әдіспен бақыланады. Егер ғимаратқа дене қызуы жоғары адам кірсе, датчик бұл туралы автоматты түрде хабарлайды және тиісті шара қабылданады. Әуежайдағы тепловизордың қондырылғанына бір айдан астам уақыт болған. Сол аралықта аталған қондырғы арқылы екі-үш жолаушының дене қызуының жоғары екені анықталыпты.
— Бұл — жолаушылардың ғимаратқа кіруіне кедергі келтірмеу үшін жасалған шара әрі санитарлық талапты сақтаудың бірден-бір жолы. Тағы бір айта кететін жайт, бетпердесі жоқ жолаушылардың дәріхана іздеп, сабылуының қажеті жоқ. Бұл орайда әуежай тарапынан бетперде ұсынылады, — деді басқарма төрағасы.
Карантин кезінде халықаралық қатынастағы барлық рейстің тоқталғаны белгілі. Алайда ішкі рейстердің саны бірнеше есеге өскен. Мәселен, «Эйр Астана» компаниясының рейсі 14-тен 29-ға дейін, «Sсat» әуе компаниясы 5-тен 12-ге дейін, «Qazaq air» компаниясының рейстері 5-тен 14-ке дейін өскен. Тиісінше, жолаушылар ағыны да артқан. Атап айтқанда, мамыр айында 10 мың жолаушыға қызмет көрсетілсе, маусым-шілде айларында бұл көрсеткіш 50 мыңға жеткен.

— Жүк тауарларын жөнелту үшін Ақтөбе мен Қытай арасында рейс ашылды. Биыл 3 қыркүйектен бастап B&K AERO әуе компаниясының Ақтөбе-Анталия халықаралық қатынасындағы рейстері іске қосылады. Алдағы уақытта Ақтөбе-Үрімші және Ақтөбе-Пекин халықаралық рейстерін ашу жоспарымызда бар. Бүгінгі күні «Sсat» әуе компаниясы осы мақсатта рұқсат алу процедуралары бойынша жұмыс істеп жатыр. Себебі әрбір рейс үшін рұқсат қажет. Оның ішінде халықаралық бағытқа рұқсат алу қиындау. Қазіргі күні бұл бағытта жұмыс жасалып жатыр. Тағы бір айта кететін жайт, бүгінгі күні біз облыс әкімдігімен бірлесіп «Ашық аспан» жобасы негізінде жұмыс жасап жатырмыз. «Ашық аспан» жобасы — ауа еркіндігіндегі бесінші саты. Бұл жобаның біз үшін тиімділігі неде? Яғни түсінікті болу үшін айтсам, егер Пекиннен Мәскеуге рейс ұшса, бұл әуе кемесін бізге де қабылдауға мүмкіндік береді. Бірқатар жолаушының осы жерден түсуіне, ал енді біреулерін сол рейске осы жерден отырғызуға мүмкіндік бар. Бұл — коммерциялық тасымалды жүзеге асыру, — деді басқарма төрағасы.

Ол өз сөзінде әуе рейстеріне қатысты жаңалықтарды ғана емес, сондай-ақ жолаушылар үшін тиімді жаңа қызмет түрлерін де таныстырып өтті. Әуежай ғимаратында барлық терминалдар бойынша ақпараттық-навигациялық тақталар орнатылған. Ең бастысы — мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз өтуіне жағдай жасалған. Яғни мұнда мүгедектерді ұшаққа дейін алып өтетін қызмет ұсынылған. Дастан Малиев алдағы уақытта мұндай жандарға ыңғайлы болу үшін ұшақ бортына өздігінен көтерілетін кресло-арба сатып алу жоспарда бар екенін де айтты. Сондай-ақ болашақта жолаушылар үшін әуежай ғимаратының күту залдарында жұмсақ жиһаздары бар аймақтар жасақталып, желдеткіштер орнатылмақ, қолжетімді бағада қызмет ұсынатын кофеханалар ашылмақ. Мұның барлығы халықаралық әрі стандартқа сай негізде жүзеге асырылады. Мақсат — қызмет сапасын арттыру.
Басқарма басшысы журналистерді әуежай ғимаратында ашылған ана мен бала бөлмесіне бастап барды. Бұл жерде балалар үшін ойын алаңдары жасақталып, тынығуға арнайы кереуеттер қойылған. Яғни жолға шыққан аналар рейстер кешіккен жағдайда осы орында балаларының жағдайын жасап, тамақтандыруына да мүмкіндігі бар. «Ана мен бала бөлмесі халықаралық талаптарға сай жабдықталды. Бұл жерде де санитайзер құрылғыларының болуы міндетті», — деді ол.
Көлік инфрақұрылымын қалыптастыру — әуежай қызметіндегі негізгі шаралардың бірі. Дастан Малиев алдағы уақытта автотұрақ алаңын кеңейту, периметрі бойынша ғимараттың қоршауы мен шатыры, ұшаққа дейінгі дәліз сияқты өзге де құрылысты талап ететін аймақтарды жөндеу жоспарға алынғанын атап өтті.
Рейстер кезінде қызмет көрсететін арнайы техникалар, яғни перрон алаңындағы автобустар мен автомобиль траптарын алуды жоспарлап отырмыз. Мұның барлығы жолаушыларға ыңғайлы болу үшін әрі олардың уақытын үнемдеу мақсатында жүзеге асырылмақ, — деді басқарма төрағасы.
Бүгінде Ақтөбе әуежайындағы вип-залға жөндеу жұмыстары жасалып, мұндағы интерьерлер де түгел жаңартылған. «Сырттан келетін қонақтар қаланың келбетін әуежайға түскеннен-ақ байқайды. Сондықтан әуежай ғимараты барлық талаптарға сәйкес болуы шарт. Сол үшін біз ғимаратта қадірлі қонақтарды қарсы алып, шығарып салуға арналған арнайы екі бөлмені жасақтадық, — деді Д.Малиев.
Мамандардың айтуынша, әуе рейстері үшін билет бағасында ешқандай өзгеріс жоқ. Әзірге билет бағасы сол қалпында қалып отыр.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button