Жаңалықтар

Жаңа оқу жылына әзірлік тиянақталды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Жиынға облыс прокурорының орынбасары, облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары мен бейнебайланыс арқылы қала, аудан әкімдері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасарлары облыс басшысына  «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының орындалуы, білім беру ұйымдарының оқу жылына әзірлігі және өңірдегі вирустық инфекцияға қатысты  эпидемиологиялық жағдайлар бойынша баяндады.

Облыс әкімінің  бірінші орынбасары Нұржауған Қалауовтың мәліметінше, ай басынан бері төсек-орын жүктемесі 78%-дан 18,3%-ға дейін төмендеген. Осыған байланысты провизорларда 2556 төсек-орын резервке ауыстырылды. Күзгі мезгілде вирустың таралуы қарқын алған жағдайда әзірлік жұмыстары пысықталуда. Инфекциялық стационарлардағы кереует сандарын  337-ден 487-ге, провизорларда 1010-нан 3436 арттырған. Өңірде 1371  төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілген. 3 стационар орталықтандырылған оттекті және басқа медициналық газдарды беру жүйесімен қамтылған. Ақтөбе медициналық орталығының оттегі станциясын үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге екінші резервтік желі тартылып, 3 автономды дизель электр генераторы жөнделуде.

Облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров  «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының  жүзеге асуына тоқталды. Ведмоствоаралық комиссияның  есебі бойынша өңірде 303 жоба іске асырылуда, оның ішінде 296 жобаның  мердігерлері анықталып, шарттар жасалды. Қалған 7 жобаға конкурстық рәсімдер өткізіледі. Осы нысандар бойынша конкурстық рәсімдерді 1 қыркүйекке дейін аяқтау  жоспарда. Бұл ретте, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, автомобиль жолдары басқармалары мен Ақтөбе қаласы, Алға, Қобда, Мұғалжар, Темір және Шалқар аудандарының әкімдері  қаржыны  игеруге қатысты облыс басшысынан ескерту  алды.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбеттің айтуынша, жаңа оқу жылына бірқатар шаралар қолға алынған. Мектепке дейінгі ұйымдарда кезекші топтарға қабылдау ата-аналардың қалауы бойынша ұйымдастырылуда. Облыс бойынша 311 балабақшада 788 кезекші топқа 9460 бала барады. 7466  бала дәстүрлі, 28228  бала қашықтан білім алады деп күтілуде. Білім күнін онлайн режимінде өткізу жоспарлануда.  Биыл 1-класқа  19 682 бала қабылдану болжамы бар. Эпидемиологиялық ахуалға қарай жаңа оқу жылында қашықтан оқыту және шалғай елді мекендерде дәстүрлі оқыту форматы қарастырылады. Сонымен қатар, оқулықтар сатып алуға  1 миллиард 717 миллион теңге бөлінген.  Оқулықтардың 100%-ы баспалардан алынды, облысқа 70%-ы жеткізіліп таратылуда.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыстық білім басқармасының басшысына  қашықтан оқытылатын мектеп оқушыларын интернет желісімен қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыруды,  білім ошақтарында  талаптардың сақталуын қатаң бақылауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button