Жаңалықтар

Комиссия мүшелері  дәріханаларды аралады

Қазір Ақтөбе дәріханаларында бұрынғыдай кезек жоқ. Бір дәріханадан іздегенін таппағандар екіншісінен кезіктіреді. Өйткені өңірдегі дәріханалар қоймасы апта сайын толықтырылып, қажетті дәрілер дәріханаларға күн сайын жеткізіліп отыр. Ақтөбе қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мүшелері дәріханадағы медициналық препараттардың қоры мен сатылу көлемін бақылап, құнын білді.

Комиссия мүшелері сұранысқа ие парацетамол препаратын «Айболит», «Europharma»,  «Желдорфармация» дәріханаларының барлығынан кезіктірді. Өткен аптада бұл дәрі көптеген дәріханаларда  бітіп қалғандықтан оның баламасы сатылған болатын. Қазір тұрғындар  дәріні мөлшермен алуға үйрене бастапты. Бұрынғыдай 10 қорабын бірден сұрамайды.

— Дәріханаға парацетамол іздеп келдім. Екеуден беріп жатыр екен, бағасы қолжетімді. Көптеген адамдар дер кезінде таба алмай қалған соң алдын ала алып қойып жатырмын. Әзірге отбасымнан ешкім ауырған жоқ, — дейді қала тұрғыны Бәтима Даулетиярова.

«Europharma» дәріханасының меңгерушісі Гүлнар Юсупованың айтуынша, дәріханаға вирусқа қарсы, қызу түсіретін препараттар мен антибиотиктер уақытында жеткізіліп  отыр. Тұрғындар жиі сұрайтын дәрі-дәрмектердің барлығы бар.

— Тек қазір цефтазидим бітіп қалды. Ал левофлоксациннің таблетка түрі ғана бар.  Біз әр дүйсенбі, сәрсенбі, жұма сайын дәрілерге тапсырыс береміз. Жалпы медициналық препараттың қай түрі де қолжетімді бағада сатылып жатыр. Шетелден әкелінетін дәріге тек 10 пайыз үстемақы қосылады, — дейді ол.

«Желдорфармация» дәріханасынан да қажетті дәрілердің көбі табылды. Дәріхана меңгерушісі Гүлсина Анарбекова кезек сейілгенімен, тұрғындар парацетамол, мукалтин және вирусқа қарсы препараттарды көбірек сұрайтынын айтты.

Комиссия мүшелері бағасы жоғары кейбір дәрілерді жазып алды. Сондай-ақ барлық дәріханаларда қызу өлшегіш құралдың жоқтығын байқады. Дәріхана меңгерушілеріне аса қажетті антибиотик, вирусқа қарсы препараттардың тізімі мен бағасын іліп қою ұсынылды.

Айта кету керек, өткен аптада өңірге 1 миллион 600 мың дана ең қажетті дәрі-дәрмектің екінші легі жеткізілген болатын. Дәріханалар қоймасы Ақтөбе облысының әкімдігі мен Орынбор қаласындағы облыстық дәріхана қоймасы арасындағы келісім аясында толықтырылды. Сондай-ақ «ТК-Фарм Ақтөбе» ЖШС фармацевтикалық зауыты вирусқа қарсы грипповир препаратын шығара бастаған. Оның бағасы нарықтағы ұсынылған аналогтардан 42 пайыз арзан тұрады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button