Жаңалықтар

Жазасын өтеушілерге 4 миллион теңгенің дәрі-дәрумені бөлінді

Елде төтенше жағдай жарияланған алғашқы күннен бастап Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті өз жүйесіне қарасты мекемелердегі сотталғандар мен тергеушілер арасында COVID-19 қауіпті індетін болдырмау, алдын алуға қатысты нақты шараларды қабылдаған болатын. Осыған байланысты Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының тапсырмасымен барлық түзеу мекемелеріндегі медицина қызметінің дәрігерлері коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл алгоритміне сәйкес жергілікті билік пен аумақтық денсаулық сақтау органдарымен жүйелі жұмыс жасауға көшті.
Жуырда облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен жергілікті билік түзеу мекемелеріндегі айыпталушылар мен сотталғандар арасында коронавирусты болдырмау, алдын алу шараларын күшейту және иммунитеттерін нығайту мақсатында 4 миллион теңгені құрайтын дәрі-дәрумен бөлді. Олар: қызуды, қақырықты түсіруге арналған аппараттар мен дәрілер, инфекцияның алдын алуға арналған антибиотиктер, иммунитетті көтеруге арналған дәрумендер және басқа дәрілік заттар.
— Облыс әкімі Оңдасын Сейілұлының дер кезіндегі қолдауының арқасында қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты түзеу мекемелеріндегі медицина қызметкерлері айыпталушылар мен сотталғандар арасында коронавирустың алдын алу бойынша нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Сонымен қатар облыс әкімдігі көмек ретінде берген оттегімен тыныс алуды қамтамасыз етуге арналған 4 дана Бобров аппараты қазіргі уақытта КА-168/1 тергеу изоляторына және КА-168/2 түзеу мекемесіндегі инфекциялық оқшаулау изоляторына қойылды. Түзеу мекемелеріндегі айыпталушылар мен сотталғандар арасында коронавирусты болдырмау, алдын алу бойынша аталған жұмыстар алдағы күндері де жалғасын табады, — дейді Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі Алмас Шамишев.
Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап облыс әкімінің қолдауымен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі айыпталушылар мен сотталғандар үшін қызу өлшеуге арналған аппараттар және 26 мыңға жуық бір реттік бетперде бөлінген болатын.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button