Жаңалықтар

Досжан хазіреттің мөрі тікелей ұрпағының қолына тиді

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы ірі қоғам қайраткері, Құнанбай қажымен бірге Мекке-Мединеге сапар шегіп, сол жақта қазақтарға арнап қонақ үй, сондай-ақ қазіргі Ақтөбе өңірінде мешіттер салдырып, медреселер ашқан Досжан хазірет Қашақұлының ұрпақтары кеңес заманындағы зобалаңдарда зардап шеккен еді.

Сталин заманындағы қудалаулар тұсында Досжан әулеті хазіреттің көп мұрасынан айырылып қалған. Тікелей ұрпақтарының қолында оның тек Құран кітабы ғана сақталғаны, ал қолдан-қолға өткен мөрінің де табылғаны, бірақ ол басқа адамда екені біздің газетімізде бұрын да жазылған еді.

Жақында осы мөр Досжан хазіреттің тікелей ұрпақтарының қолына қайта тиіпті. Бұл жөнінде біз хазіреттің өмірі мен қызметін зерттеу ісіне үлкен үлес қосып жүрген азамат Айшуақ Дәрменұлынан есіттік:

— Досжан хазірет — бүкіл қазаққа ортақ, ұлттық деңгейдегі тұлға. Оның осы кезге дейін Шұбарқұдық кенті тұрғынының қолында сақталып келген мөрі жақында тікелей ұрпағы — Асқар Хабибуллинге табысталды. Мөрдің бетіне араб қарпімен: «Аллаға құлшылық етуші молла Досмұхаммед ибн Қашақ 1248» деп жазылған. Асқар Хабибуллин — Досжан хазіреттің үлкен баласы Хабибулладан тараған шөпшегі, — деді ол.

Досжан хазірет мөрінің өз әулетіне қайта оралуы, расында, қуанышты оқиға.

Ал оның Құран кітабын кезінде немересі Зайыт ишан тығып, сақтап қалған. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана кітап төрдегі құрметті орынға қойылыпты.

А.САРЫБАЙ.

 Суретте: Досжан хазіреттің мөрі, қайта қалпына келтірілген нұсқасы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button