Жаңалықтар

Есет батыр ескерткіші елдің рухын көтереді

Есет Көтібарұлы есімі «Айман-Шолпан» эпосы арқылы иісі қазаққа тегіс мәлім. Есет Шекті Көтібар батырдың шаңырағында 1803 жылы дүниеге келген. Оның есімі қазіргі ұлттық «Қазақстан» энциклопедиясына, бұрынғы Қазақ совет энциклопедиясына (ҚСЭ, 1974 ж, 4-том, 188-189 бб.), облыстық «Ақтөбе» энциклопедияларына енген.

Есет 15 жасында-ақ Жайық казактарына қарсы күресте көзге түсіп, «Батыр бала», ал кейін ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарында Жоламан Тіленшіұлы қозғалысында ерлік көрсетіп, сол кезден бастап халық ішінде Есет батыр атанған. Әкесі Көтібар батырдың тапсырмасымен Хиуа хандығына әлденеше рет барып, қазақтар мен хиуалықтар арасындағы даулы мәселелерді шешуге атсалысқан.

Есет Көтібарұлы 1847-1858 жылдар аралығындағы патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілісін басқарды. Ол батырлығының үстіне ақылды, аруақ қонған адам еді. Сол көтеріліске қатысқан Ақпан ақын Есет туралы: «Ер Есет елдің басы еді, Арыстандай азулы, Әруағы жұрттан озулы, Патшаның құрған торына, Бой бермеді бағынбай»… — дейді. Оны көрген, орыстың белгілі ғалымы Е.П.Ковалевский: «Дала Геркулесі оның келбеттілігі мен парасаттылығына европалықтар да тәу етер еді» — деп жазды.

Ұзындығы 230 шақырымға созылған Ұлы Борсық, Кіші  Борсық құмын қыстайтын, бір шеті Елек өзенінің орта тұсы, екінші шеті Хиуа хандығымен шектесетін алып аумақты жайлайтын Шекті руы 1858 жылға шейін Ресейдің үстемдік етуіне мойынсынбады. Көк бөріше алысты. Осы өңірді ұзақ зерттеген ғалым И.Ф.Бларамберг 1852 жылы Санкт-Петербургтен шыққан «Земли киргиз-кайсаков Малой Орды» деген кітабында: «Самые войнственные т.е. наиболее вооруженные роды кайсаков находятся там, где русские влияние еще слабо. Таков вес, чиклинский род, самый мятежный наиболее запутанный в баранте! Особенно отделение Тилеу-Кабак», — деп жазды.

Кенесары ханнан соңғы, Кавказдағы Шәмілден соңғы патша отаршылдарына үлкен үрей әкелген адам Есет батыр болды. Бұл жөнінде 1858 жылы Санкт-Петербургтен шығатын «Русский художественный листок» журналында «Бии Есет Кутыбаров» деген мақала жарияланады, сол мақалада: «Бии Исет Кутыбаров, известный возмутитель Киргизской степи Малой Орды, лет пятнадцать  опустошал ее в различных направлениях и несколько раз уже настигаемый нашими отрядами постоянно ускользал от преследования и погонии. Имя Исета в Малой Орде было также грозно, как и соотечественник его Кенесары, убитого в сороковых годах, из пределах Сибири, закаменными киргизами, или имя героя Кавказского Шамиля», — деп таңбаланған.

Зеңбірікпен, пулеметпен, мылтықпен мұздай қаруланған, арнайы дайындықтан өткен Ресей отарлаушылары әскеріне он бір жыл бойы бой бермеуі – көтеріліс басшысы Есеттің даналығына байланысты болатын.

Он бір жыл бойы патша үкіметі көтеріліс басшыларын қолға түсіре алмады. Олар жазалаушы отрядтарды біресе құмға салып, біресе шөлге ұрындырып тұтқиылдан шабуыл жасап, қиын жағдайға ұшырата берді. Патша өкіметі енді айуандық іс-шараға көшті, тұтас ауылдарды от қойып өртеп жібереді. Қазақ ауылдарын өртеп, бала-шағаны қырған, әйел, қызды зорлап, қарттарды қорлаған жазалаушы жендеттер туралы Лондонда шығып тұрған Герценнің «Колокол» журналы 1858 жылғы №28 санында: «Ежелгі соғыстар немесе моңғол шапқыншылығы замандарынан бері полковник Кузьмин мен майор Дерышевтың шапқыншылығынан асып түскен айуандық болған емес» деп жазды. Немістің «Аусбург газеті» де үрейлі мақалалар жариялады.

Ел тағдырын ойлаған көтеріліс басшысы Есет 1858 жылы амалсыз Ресеймен келіссөзге келіп, өз күресін тоқтатады. Ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушылар өзге елдерге барып бой тасалайды. Қолға түскен Ерназар мен Бекет Сібірге айдалады. Бұл батырлар туралы жыраулар «Ерназар-Бекет», «Бекет батыр» жырларын шығарады. «Бекет батыр» жыры бүкіл қазақ даласын шарлап кетеді. Кейіннен Мұхтар Әуезов бұл жыр туралы ғылыми зерттеу жазып, мұнымен тоқтамай «Бекет батыр» пьесасын   жазып, оны 1939 жылы Алматыдағы опера және балет театрында сахналатады. Бұл көрсетілім «үлкен ұлтқа қарсы» деген желеумен ұзамай тоқтатылады.

Биыл қазан айының 9, 11, 12 күндері облыс әкімдігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» аясында ұлы классик М.Әуезовтің «Бекет батыр» пьесасының желісімен «Ерназар-Бекет» пьесасы деп жазылып, 80 жылдан соң облыстық Т.Ахтанов драма театрында қойылды.

1999 жылы ғалым Самат Құрманалин «1847-1858 жылдардағы Есет Көтібарұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс» деген тақырыпта тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне диссертация қорғады, сөйтіп, мұны біржолата ғылыми айналымға қосты.

Есет Көтібарұлының Шалқар ауданындағы мазары Ақтөбе облысы бойынша «Қазақстанның киелі орындарына» жатқызылған 100 нысанның қатарына енді. Есетке байланысты әлі күнге дейін ғажайып бір құбылыс бар. Ағайынды  Есет, Дәрібай кесенесі күре жолдың бойында тұр. Ерсілі-қарсылы өткен автомашиналардың барлығы тоқтап өтеді. Тіпті өзге ұлттар да тоқтайды.  Себебі, тоқтамай өткен автомашина не бұзылады, не аударылады. Біз ес білгелі, атеистік кеңес заманынан бері солай. Басына түнеп, Жасаған Иеміз сәтін салып, обыр ауруынан жазылып кеткен адамды да өз көзімізбен көрдік.

Қазіргі таңда облыстық әкімдіктің алқауымен Есет Көтібарұлына Ақтөбе қаласында ескерткіш қою мәселесі шешіліп, ескерткіш жобасы республикалық «Қазақстанда орнатылатын монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның» талқылауынан өтті. Мүсінші Нұр-Сұлтан қаласында болған конкурстық жобаны ұтып, комиссия шешімімен бекітілді. Ақтөбе қалалық әкімшілік шешімімен ескерткіш бой көтеретін жер телімі берілді. Бұйыртса, облыс жастарын отаншылдыққа тәрбиелеуге мұның қосар үлесі зор болмақ. Ел азаматтары осы іс-шараның жоғарғы денгейде өтуіне, батырлығы, даналығы, киелілігі ел жадындағы Есет бабаға ескерткіш қоюға үлес қосып, атсалысады деп сенеміз.

«Есет батыр Көтібарұлы атындағы» қоғамдық қорының есепшоты:

«Қазақстан Халық банкі» АҚ, БИК: HSBKKZKX

ИИК: KZ586010121000119231

БСН: 191040007775.

 Аманғали МҰХАНБЕТУЛИН,

Жұманазар АСАН,

өлкетанушылар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button