Жаңалықтар

Кәсіподақ белсенділері бас қосты

«Либерти» ойын-сауық орталығында Ақтөбе облысының жастар кәсіподақ белсенділерінің арасында өзара іс-қимылды нығайту және жастар кәсіподақ қозғалысын дамыту мақсатында алғаш рет викториналық сұрақтардан құралған «Квиз, плиз!» зияткерлік ойыны өтті.

Аталған шараны «Квиз, плиз!» халықаралық зияткерлік ойынының қолдауымен Ақтөбе облысының Кәсіподақтар Орталығы жоғары деңгейде ұйымдастырды. Зияткерлік ойынға облыстың салалық, жергілікті және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жастар кәсіподақ белсенділерінен құралған 15 команда қатысып, ядролық физика, әдебиет тарихы, жұмыскерлердің еңбек құқығы және кәсіподақ қызметіне қатысты зияткерлік сұрақтар бойынша кім мықтыны анықтады.

«Бүгінгі ұйымдастырып отырған шарамыздың негізгі мақсаты — біріншіден, облыстағы еңбек жастарының басын қосу, екіншіден, олардың білімі мен зияткерлік деңгейін тексеру, үшіншіден, жаңа форматта жастардың кездесуіне мүмкіндік туғызу. Дөңгелек үстел, баспасөз конференциясымен жастардың басын қосу қиындау болғандықтан, осындай ерекше форматта өткізуді қолға алдық. Жалпы бұл шараны кәсіподақтар арасында алғаш рет өткізіп отырмыз. Іс-шара ойдағыдай өтіп жатса, алдағы уақытта республика көлемінде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», — деді «Келешек» Жастар кеңесінің төрағасы Дархан Жылмағанбетов.

Ойынға қатысушы командалар әртүрлі тақырыптарда, оның ішінде еңбек құқықтары мен кәсіподақтарға қатысты сұрақтарға жауап беру арқылы өз біліктіліктерін ортаға салды. Зияткерлік іс-шара барысында 6 раунд бойынша жеңімпаздар анықталып, ұйымдастырушылар тарапынан жүлделермен марапатталды. Сайыс қорытындысында 39,5 ұпай жинаған «Қазхром» ТҰК АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жұмысшыларының кәсіподағы жеңімпаз атанса, екінші орын Ақтөбе рельс-арқалық зауыты жұмысшыларының кәсіподағына бұйырды. 27 ұпай еншілеген Senim денсаулық сақтау саласы кәсіподағы үздік үштікті түйіндеді.

Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button