Жаңалықтар

Қазақстан мұнайына 120 жыл!

Биыл Қазақстан мұнайына 120 жыл! 1899 жылы қазақ жерінде бірінші рет бұрғы салынып, бірнеше метр тереңдіктен алғашқы мұнай фонтаны атқылағаны — Қазақстандағы тұңғыш мұнайдың өндірілуі болып тарихта қалған-ды. Кейін жаңа мұнай көздері табылып, сапалы мұнай әлемдік деңгейде назарға іліге бастады. Бүгінде мұнай-газ саласы — ел экономикасы дамуының негізгі локомотиві болып отыр.

Өнер орталығында өткен салтанатты шара Қазақстан мұнайының 120 жылдығына арналды. Шара барысында облыс әкімі Оңдасын Оразалин осы саланың ардагерлері мен қазіргі кезде жұмыс істеп жүрген азаматтарды құттықтады:
— Баршаңызды «Қазақстан мұнайының 120 жылдық» мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік алған жылдардан бастап дамыған елдердің қатарына қосылған Қазақстанның басты байлығын халық игілігіне айналдыруда аянбай еңбек етіп жатқан қызметтеріңіз әрқашан құрметке лайық. Мұнайшылар мен газ саласы қызметкерлерінің еңбегі ұлттық экономиканы дамытуға және елдің барлық азаматтарының әл-ауқатын арттыруға қомақты үлес қосуда.
Республикада өндірілетін мұнай мен газ көлемінің 7 пайызы Ақтөбе өңірінде өндіріледі. Сонымен қатар, өңірдегі маңызды әлеуметтік-мәдени нысандар мұнай-газ саласы кәсіпорындарының қолдауымен бой көтеруде. Кәсіби мереке қарсаңында Сіздерге Қазақстанның өсіп-өркендеп дамуына қосқан үлестеріңізге, кен игеру саласындағы абыройлы істеріңізге шынайы алғысымды білдіремін.
Зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еліміздің баянды болашағы жолындағы еңбектеріңізге үлкен жетістіктер мен мол табыстар тілеймін! — дей келе, облыс басшысы еліміздің мұнай-газ саласын өркендетуге үлес қосқан азаматтарға мерекелік төсбелгіні табыстады.
Жиында, сондай-ақ, Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ, «KAZENERGY» қауымдастығы атынан белгілі мұнайшы, Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалин лебізін білдіріп, осы салада еңбек етіп жүрген мұнайшыларға, ардагарлерге мұнай мен газ саласына қосқан үлесі үшін арнайы төсбелгілермен марапаттады. Кеш концерттік бағдарламамен жалғасты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button