БілімБасты жаңалықтар

Өткені — өнеге, келешегі кемел білім ордасы

Шежірелі тарихымен ел экономикасының күре тамырына айналған теміржолдың кәсіби мамандарын дайындап, ел ырысын еселеуге тікелей атсалысқан,  жарқын істерімен танымал білім ордасы — Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжіне – 85 жыл.

Білім беру көкжиегінде  жаңа  дәуірдің кемел келбеті мен ізгілік әлеміне жол тартқан оқу орнының алғашқы іргетасы өткен ғасырдың 30 жылдарында қаланды. Қазақ даласына тыңнан түрен салып, қоғамның ілгері көшіне қарай жаңарудың өзгеше бір лебін әкелген темір тұлпар күре жолдың дамуына тың серпін берді.

Бұл жаңалық осы саланы жетік меңгерген кәсіби маман даярлауды қажет етті.  Кәсіптік оқу орнын алғаш рет 1936 жылы  наурыз айында 36 түлек «Қозғалысты басқару» мамандығы бойынша бітіріп шыққан болатын.

Еліміздің батысында темір жолдардың қайта іске қосылуына байланысты мамандықтардың зәрулігін болдырмау мақсатында заман ағымына сай бірнеше мамандықтар ашылды. 1995 жылы  оқу орны  «Ақтөбе теміржол техникумы» болып өзгертілсе, қайнаған тіршіліктің бәрі елдің күре жолына қатысты екенін ескеріп, ғаламдық өркениет өрісіне орай 2006 жылы Ақтөбе облыстық әкімшілігінің шешімімен «Ақтөбе теміржол көлігі колледжі» атауы  «Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжі» болып жаңа атауға ие болды.

Өткені – өнеге, іргесі- ізгілік, керегесі – кемел істерге толы оқу орны талай қиындықтар мен кедергілерді басынан өткерсе де, өркениет көшінде керуені тоқтамай, жаңа заманға сай бейімделіп, елдің дамуына өз үлестерін қосуда.

Колледждің материалдық-техникалық базасы инновациялық, технологиялық жүйемен қамтамасыз етілген, әрі білім алушыларға барлық жағдай жасалған.   Бүгінгі таңда 30 мыңнан астам маман теміржол көлігінің әр саласы бойынша колледжде білім алып, еңбек жолына қадам басты.

«Нәтижелі еңбек жүйелі жұмыстың жемісі» – демекші, білім сапасын арттыру мақсатында ғылым мен техниканы, өндірісті әлемдік деңгейде дамыту үшін озық мемлекеттердің тәжірибесін үйреніп,  біліктіліктерін жаңа деңгейге көтерді. Колледж директоры және арнайы пән оқытушылары дамыған шетелдерде, атап айтқанда, Германия, Норвегия, Түркия,  Сингапур, Австралия, Башқұртстан, Беларусь сияқты өркениетті елдердің оқу үрдісіндегі жаңа технологиялық үлгілерін  тәжірибе алмасу жолында үйреніп, өз тәжірибелеріне дуальды оқыту  жүйесін қолдануды негіздеді.

Ғылыми-зерттеу қызметі – оқытушы жұмысының маңызды құрамдас бөлігі. Колледж оқытушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттары  халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық байқауларға, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысу, электрондық әдістемелік оқу құралдарын әзірлеу, оқу үрдісіндегі ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу болып табылады.

Дарынды студенттердің білімін шыңдауда тәжірибелі оқытушылар жетекшілігімен пән апталықтары, облыстық, республикалық, ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен семинарлар ОНЛАЙН түрінде өткізіліп, халықаралық, республикалық, облыстық додаларда жоғарғы жетістіктерге жетіп жүр. Атап айтқанда, «Жас дарын», «Сырлы әуен саздары-ай»,  «Мен өз елімнің патриотымын», тағы басқа байқаулар мен «Мамандық — болашақ кілті»,  «Ардагерлерге мың алғыс», «Жастар және ғылым, инновациялар: ой- пікірлер, ізденіс» іс- шаралары және республикалық, облыстық пән олимпиадаларының жүлделі орындарын иеленді.

Сонымен бірге облыс, республика колледждерімен  өзара тәжірибе алмасып, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңіраралық мемлекеттік университетімен, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен, Орынбор педагогикалық университетімен, Уфа мемлекеттік университетімен, облыстағы әлеуметтік серіктестермен т.б. байланыста болып біріккен шаралар ұйымдастырылуда.

2009 жылдан бүгінгі күнге дейін колледжді техника ғылымдарының кандидаты, облыстық маслихаттың депутаты Жеңіскүл Сағидоллақызы Мұхамбетпайызова басқарып келеді. Осы жылдар аралығында оның биік деңгейдегі парасат-пайымы, үздіксіз ізденісі, қажырлы еңбегі, шебер іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығымен оқу-тәрбие үрдісі жаңа деңгейге көтеріліп, білім беру орындары арасында зор беделге ие болуда.

Алғаш рет техникум ұжымы ұзақ жылдар теміржолшы мамандарын даярлауда өзіндік тәжірибе жинақтап, кәсіби мамандардың біліктілігін арттыруда қосқан үлесі үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу мақсатында заманауи озық технологиялар мен әдістемелерді енгізу барысында жетістіктерімен еленіп, облыста кәсіби білім берудің көшбасшысы атанған колледж бірнеше рет  «Үздік оқу орны» атағына ие болды. Облыс әкімінің педагогикалық жетістіктер конкурсында «Облыстың ең үздік колледжі» грантын  және «Үздік білім беру ұйымы» байқауында І орынды иеленіп, ВАЗ-2107 автокөлігімен, 6 оқытушы «Ең үздік оқытушы»  сертификаттарымен марапатталды.

«Білім», «Жұмыс», «Мансап» облыстық форумында колледж оқытушылары «Жаңашыл зерттеуші», «Жас маман», «Алтын қор»  номинацияларын иеленіп, облыстық білім беру департаментінің марапатына ие болды.

«Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» акциясының қорытындысында 30 оқушыға ноутбук, 60 оқушыға Астана қаласына жолдама және 2 оқушыға ВАЗ-2107 автокөлігі кілті тапсырылды. Қазақстан Республикасының Президенті өз қолымен автокөлік кілтін ІІІ курс оқушысы Ольга Ганина табыстады.

Колледж «Кадр дайындауда металлургия саласында ең үздік оқу орны» республикалық конкурсынан I орын, колледж оқытушылары арасында өткен XIV спартакиада жарысынан І орынды иеленді.

Адал, шынайы еңбек адам өмірінде рухани, парасаттылық тұрғыдан көрініп, үлкен құрметке ие болады. Сондай еңбектің нәтижесімен көрінген, ғылым мен білім негізінде терең қаруланған, саналы, мәдениетті, ұлттық адамзаттық құндылықтарды меңгерген, бәсекеге қабілетті озық елдердің қатарында кәсіби білім беруге мақсаты бағытталған, педагогикалық шеберлікке ие оқу орнында техника ғылымының кандидаттары, доцент, ҚР оқу ағарту ісінің үздіктері, магистрлер, инженер-педагогтар, өндірістік оқыту шеберлері қызмет етеді. Оның ішінде 60 пайызы жоғары және бірінші санатты инженер-педагогтар.

Колледждегі әр инженер-педагогтың, жетекшінің, оқытушының атқарған әр қилы еңбектері еленіп, жаңашылдық пен ізденіс шыңында ізгі істерімен құрметке ие болған оқытушыларымыз «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, «Білім беру ісінің  үздігі», «ҚР-ның білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен,  Елбасының жарлығы бойынша «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасында «Жылдың үздік ұстазы» төсбелгісімен, А.Байтұрсыновтың 145 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық байқауда «Ұлт ұстазы » төсбелгісімен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталғаны — ұжымның мақтанышы. Бұл қатарда  бірнеше ұстаздады мақтан етіп атап айтуға болады.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Біз халықаралық деңгейде біліктілігі бар, инженерлік және техникалық кадрларға сұранысты қамтамасыз етуіміз керек» –  деп атап көрсеткен  болатын. Соның негізінде кәсіптік тәжірибе – болашақ мамандардың шеберлік мектебі болса, ал мамандарды даярлау әлеуметтік серіктестік қатынастағы кәсіпорындардың шынайы еңбегінің көрінісі.  Студенттердің кәсіби біліктілігін қалыптастыру — білім мен тәжірибенің жетістігі. Осы орайда соңғы үлгідегі оқу – тәжірибелік орталық жабдықталып, іске қосылды.

Студенттерге дуальды оқыту жүйесі арқылы білім мен тәжірибені ұштастыруда  іскерлік қарым – қатынас орнатқан  «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы АҚ Ақтөбе «Жүк тасымалдау» бөлімшесі, «Ақтөбе электрмен жабдықтау дистанциясы», Ақтөбе локомотив жөндеу депосының филиалы «Қамқор Локомотив» ЖШС, «Транстелеком» АҚ, Жолаушылар тасымалдау филиалы, «Ақтөбе жол дистанциясы», тағы басқа да серіктестер үнемі  байланыста. Сонымен бірге әлеуметтік серіктестердің басшылары студенттер мен түлектерге жетекші болып, жұмыспен қамтамасыз етуге қолдау көрсетеді.  Тәжірибелі маман дайындау шеберлікті қалыптастырудың  маңызды бір бөлігі екені белгілі, сондықтан да бірлесіп жұмыс атқару – елімізге қосқан сүбелі үлес ретінде бағалануда.

Сонымен қатар кәсіптік-техникалық оқу орындарында «Өзін -өзі тану»  пәнін оқытудың пилоттық жобасы енгізілген.  Осыған орай рухани адамгершілігі мол,  өзгермелі қоғам жағдайында өздігінен шешім қабылдай алатын, бейімділігімен, ой-өрісінің нақтылығымен ерекшеленген,  парасатты, салауатты өмір салтын ұстана білетін студенттер мен оқытушылардың әр түрлі іс шаралары  облыстық, республикалық деңгейде жоғары бағаланып жүр.

«Ұстазы жақсының –ұстамы жақсы» дегендей, ұстаздарының ұлағатты жолдарын жалғастырып, оқу орнында 60-қа жуық түлектер көп жылдар бойы еңбек жолдарын білім беру саласына арнап, адамзаттың сәулелі болашағына педагогикалық шығармашылығымен қызмет атқарып жүрген  шәкірттер ретінде мақтауға лайық.

«Біз қазір «Білім-ғылым-инновация» атты үштік үстемдік құратын жоғары индустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз» – деп  Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, білім мен еңбектің жемісін көріп, еліміздің әр өңірінде шынайы еңбек жолдарын көрсетіп жүрген мыңдаған білікті теміржолшы түлектер болаттай тәртіппен өз үлестерін қосып еңбек етуде.

Білім беру процесінің тәрбиелік әсері ең алдымен оның рухани және мәдени бағытымен, ізгілік дүниетанымдылығының қалыптасуымен, білім мен дағдының өмірмен байланыстылығын анықтаумен, оң әлеуметтік тәжірибеге ие болуымен нәтижеленеді.

Біз жаңғырудың жолында бабалардың ізін мирас қылып, қанымызға сіңген ізгі қасиеттерді Абайдың даналығынан, Әуезовтің әлемінен, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазы күйлерінен алып, ғасырлар қойнауынан  жеткен бабалар үнімен  рухани мәдениеттің биік белестеріне бет алған елміз.

Тарихымыз бен әдебиетіміз, өнеріміз, әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрлеріміз, тіліміз, дініміз, діліміз – бұлар бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымызды айқындайтын негізгі құндылықтар. Бұл даналардан сусындаған рухы биік, мақсаты айқын, арманы асқақ, колледжіміздің жас өркендерінің шығармашылығынан туындаған рухани серпін, ұлттық жаңғыру-ұлттық сана сезімнің көкжиегінің кемелденуін білдіретін «Жас ақындар», «Арын» театр үйірмесі, «Мұрагер» домбырашылар үйірмесі, «Саз» вокалдық үйірмесі, «Пікірталас» үйірмесі, «Жас зияткер» үйірмесі, «Жас саясаткер» үйірмесі студенттеріміздің талабын ұштап, шығармашылығын шыңдайды.

Студенттер жазғы еңбек демалысында «Студенттік құрылыс», «Жасыл ел» жасағына қатысып, туған өлкенің көркеюіне, облыстық және жергілікті автожолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарына өз үлестерін қосты.

Ұрпақтың ұлы мұраты жолында білім көшін жылжытып келе жатқан, өз ісіне берілген, ұлағатты, парасатты азаматтар тәрбиелеуде ұстаз еңбегі зор. Колледждің оқытушылары, инженер-педагогтары, өндірістік оқыту шеберлері жыл сайын әртүрлі  сайыстарда жүлделі орындарды иеленіп, оқу орнының мерейін көтеріп, биіктерді бағындырып жүр.

Мәңгілік еліміздің болашағында өркениет көшінің ұлы мұратын ұлықтаған, адамгершілік пен парасаттылықты, білімпаздық пен ізгілік нұрын асқақтатып жүрген, сыйластығы жарасымды, ауызбіршілігі мол, үлкен жүректі ұстаздар  ұжымын білім ордасының 85 жылдық мерейтойымен  құттықтаймыз!

Тамыры-терең, тарихы – шежіре, еңсесі – биік, мақсаты -айқын білім ордасы ұжымы мүшелеріне ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, рухани тың серпін мен толағай  шығармашылық  табыс тілей отырып, еселі де ерен еңбектеріңізге алғысымызды білдіреміз.

 Гүлжан  Уразгалиева — АКК және ЖТК оқытушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button