«Бақытты бала»Басты жаңалықтарМереке

«Baqytty Bala» Ақтөбенің брендіне айналады

Ақтөбеде Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Baqytty Bala» бірінші балалар вокалдық фестиваль-конкурсы өткізіледі. Оған әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген, сонымен бірге Қазақстаннан, Армениядан, Украинадан Данелия Төлешова, Луиза Нұрқуатова, Влад Сытник, Джордан Аракелян, Анастасия Дидух сынды халықаралық байқаулардың жүлдегерлері келеді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде аталған байқаудың ұйымдастырылуы туралы айтылды. Мәжіліске Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Юнисова,«Baqytty Bala» фестивалінің режиссер-сценарисі, Украина, Грекия, Түркия, Қазақстандағы халықаралық көлемді жобалардың  авторы Анна Обоянская, «ДимашАли» шығармашылық орталығының басшысы Қанат Айтбаев, Светлана Айтбаевалар қатысты.

Күлпаршын Айдарханованың айтуынша,халықаралық музыкалық фестивалі Ақтөбе облысының брендіне айналады.

— «Baqytty Bala» фестивалін жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз. Келесі жылы екінші рет Ақтөбеде, одан арғы жылдары, яғни 2020-2021 жылдары Астана, Алматы қалаларында өткізу жоспарда бар. Халықаралық шараны өткізуді әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайрбегеннің қолдауы үлкен қуаныш. Өзі келіп, қонақ ретінде қатысатын болады, — дейді ол.

«Baqytty Bala -2018» эстрадалық ән конкурсына 10-15 жастағы дарынды балалар қатысады. Байқауға қатысуға Қазақстан, Ресей, Украина, Өзбекстан, Грекия, Түркия, Аргентина, тағы басқа елдерден 420 өтініш түскен.

— Конкурсқа қатысушылар ана тілінде кез келген бір әнді, соның ішінде өзі шығарған бір әнді және қалауы бойынша әлемдік хитті жеке орындауы керек. Бастапқы кезеңде қашықтықтан іріктеу жүргізілді, бұл ретте бір-біріміздің пікірімізге әсер етпеу үшін қазылар алқасының мүшелері балалар өнерін жеке-жеке отырып қарап, бағалады. Бір қызығы, ортақ дауысқа салғанда барлық қазының берген бағасы 95 пайызға сәйкес келді. Осылайша 420 баладан мықты деген 20 бала іріктелді. Оның 14-і Қазақстаннан, қалған алтауы Ресей, Украина, Өзбекстан, Грекиядан келген балалар, — дейді Қанат Айтбаев.

Байқауды «QAZAQSTAN» республикалық Ұлттық арнасының қолдауымен «ДимашАли» шығармашылық орталығы ұйымдастырып отыр. Фестивальдің режиссурасы Украина, Грекия, Түркия, Қазақстандағы халықаралық ауқымды жобалардың авторы,  Димаш Құдайбергеннің Астанадағы «Бастау» 2017 жеке шоуының режиссеріАнна Обоянскаяға сеніп тапсырылған. Обоянскаяның айтуынша, байқау бағдарламасы барысында балалар қаланың әдемі жерлерін аралайды, Димаш Құдайбергеннің вокал бойынша ұстазы Марат Әйтімовтің шеберлік сабақтарына, сондай-ақ Өзбекстанның халық артисі Нодира Перматованың вокал бойынша сабақтарына қатысады.

Балалардың өнерін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ақтөбе облыстық филармониясының жеке орындаушысы, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің оқытушысыМаратӘйтімов, түркиялық әнші Эмре Юселен, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық байқаулардың жүлдегері Жеңіс Ысқақова, Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі Нодира Перматова және Украинаның «алтын дауысы», «Славян базары-2017» жеңімпазы, өткен жылы «Әлемнің үздік 30 дауысы» тізіміне енген әнші Владислав Сытниктер бағалайды. Қазылар алқасының төрағасы Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасарыКүлпаршынАйдарханова.

Байқау тартысты болайын деп тұр. Берілетін сыйлық та қомақты. Бас жүлдеге 2 миллион теңге тігілді. Бір бірінші орын (1,5 миллион теңге), екі екінші (әрқайсысына 750 мың теңгеден) және екі үшінші орын (әрқайсысына 500 мың теңгеден) беріледі. Күлпаршын Айдарханованың айтуынша, байқау өткізу үшін жалпы алғанда 47 миллион теңге бөлініп отыр, оның ішінде жергілікті қазынадан және демеушілердің көмегімен бөлінген қаражат бар.

Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықпен бірге болашақта әншілікпен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндікберіледі. Қанат Айтбаевтың айтуынша, байқауға қатысатын балалардың әлемдік сахна жұлдыздарына айналуына жол ашылады.

«Қазірдің өзінде біздің конкурсанттармен ынтымақтастық жасау туралы продюсерлік орталықтардан ұсыныстар түсіп жатыр. «ДимашАли» шығармашылық орталығы тарапынан да қолдау көрсетіледі», — деді Қ.Айтбаев.

Фестивальге қатысушылардың біреуіне әлемге әйгілі әнші, «Славян базары — 2015» халықаралық конкурсының, «Singer – 2017» халықаралық конкурсының жеңімпазы, «MTV Music Awards» сыйлығының иегері Димаш Құдайбергеннің атаулы жүлдесі беріледі.

Байқау бағдарламасы бойынша бүгін, яғни 31 мамырда Жұбановтар әлемі мәдени орталығында Марат Әйтімовтің қатысушыларға арналған шеберлік сабағы өткізіледі. Ал ертең қалалық open-air сахнасында байқау ресми түрде шымылдығын ашып, барлық қатысушылар таныстырылады. Осы жерде келушілер MediaPro ұжымының, жергілікті балалар ұжымдарының өнерін тамашалап, қуыршақтар мен мультфильм кейіпкерлерінің қатысуымен анимациялық шоу көре алады. Түске қарай Өнер орталығында байқаудың бірінші бөлімі, кешке таман екінші бөлімі өткізіледі. 2 маусымда кешке Өнер орталығында байқаудың гала-концерті ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталады.

Ақтөбе қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Алтынай Юнисованың айтуынша, Өнер орталығында өтетін концерттер ақылы. Алайда 1200 орындық залдың 600-ге жуық орны балалар үйі мен халықтың осал топтарының балаларына берілген.

Ақтөбеге Димаштың фанаттары келе жатыр!

Аты алты әлемге әйгілі болған қазақтың Димашын, әнші Димаш Құдайбергенді туған жерді көреміз деген ниетпен дүниенің төрт түкпірінен шағын көш келе жатыр.

Жанкүйерлер Димаштың туған жерін — Қазақстанды, туған топырағын — Ақтөбе өлкесін, Димаш оқыған Ақтөбедегі №32 мектеп-гимназияны, Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжді көргісі келеді. Димаштың ата-анасымен, бауырларымен танысып, талантын ұштаған ұстазы Марат Әйтімовтің шеберлік сабағына қатыспақ ниетте. Қазақтың болмысын, мәдениетінтанып, ұлттық құндылықтарын көруге құштар. Бір сөзбен айтқанда, Димаштай талантты перзентті туған Қазақ елін көргісі келеді. Оған қоса Димаштың фанаттары облыста өткізілгелі жатқан «Baqytty Bala» бірінші балалар вокалдық фестиваль-конкурсына көрермен ретінде қатысып, Димаштың ізін қуған қазақтың талантты ұл-қыздарын көруге ниет етіп отыр.

Димаштың апасы Света Айтбаеваның айтуынша, олардың қатарында Америка, Германия, Малайзия, Жапония, Польша, Франция, Италия, Индонезия, Украина және Қытайдан келе жатқан жанкүйерлер бар. Оған қоса Қазақстандағы Димаштың фан-топтарының жетекшілері де келеді.

— Жанкүйерлердің Қазақстанда жүріп-тұруын «Қазақ туризмі» ұлттық компаниясы мен облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасы өз жауапкершілігіне алып отыр. Олардың берген тізімінде 20 шақты адам бар. Ал өз қаражатымен келемін деушілер бұдан да көп. Келушілер Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларында аялдайды. Олар үшін арнайы бағдарлама әзірленген, — дейді Светлана Айтбаева.

Ақтөбеге келе жатқан Димаштың фанаттары арасында «Phoenif» фон-тобының негізін қалаушы Алиса Келлог (АҚШ-тың Аризона штаты), халықаралық «DKIFC» фан клубының әкімшісіЛиса Хеккер мен видеоредактор Моника Всилевская (Германияның Франкфурт қаласы), осы клубтың тағы бір әкімшісі Уинни Чу (Куала-Лумпур, Малайзия), жапон фан клубының негізін қалаушыЮрико Уолкер/Ширао(Токио, Жапония), француз клубының хатшысыАмина Уяр (Париж, Франция), Еуразиялық фан клубтың әкімшісі Юлия Малина (Новисибирск, Ресей), индонезиялық фан клубтың негізін қалаушы Ариана Дестри(Джакарта, Индонезия), «Димаш Достар фан тобы» бірлестігінің директоры Мадина Құрманғалиева (Астана, Қазақстан), осы бірлестіктің әкімшілері Екатерина Бреус (Харьков, Украина), Айгүл Тоғысбаева (Алматы, Қазақстан), қытайлық «Caring Group Fan Club» фан-тобының мүшелері Лиу Чанг пен Чен Джен (Қытай) сынды жанкүйелер бар. Жаңа, Зеландияның Крайстчер қаласынан, Финляндиядан келе жатқан жанкүйерлер де бар.

— Жаңа Зеландиядан 63 жастағы Рай Уорд деген әже келе жатыр. Димаштың әнін ютуб желісі арқылы тыңдап, өнеріне тәнті болған әже Димаштың туған жерін, Қазақстанның салт-дәстүрін, мәдениетін білгісі келеді екен. Бірнеше жыл бұрын қатты ауырып, төсек тартып жатқан кейуана Димаштың әндерін тыңдап, өмір сүруге құштарлығы артқанын айтады. Бір бүйрегі жоқ, денсаулығы мәз емес болса да, ұзақ жолға шығуға күш тапқан. Қазақстанға келу үшін арнайы спортпен, салауатты өмір салтымен айналысқан. Оны жетелеп келе жатқан ұлы өнерге деген құштарлық болса керек, — дейді Светлана Айтбаева.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button