Басты жаңалықтарМереке

Көрікті орда

Ақтөбе қаласының байырғы бөлігі мен кейінгі сәулеті асқан жаңа бөлігін тоғыстыратын беделді аумақ бар. Ол — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағы.

Әуелгіде бұл аумақ жасыл шалғын жайқалған, тал-ағаштар өсіп тұрған, тұсына көліктер аялдамай өте шығатын ашық алаңқай еді. Міне, қазір сол аумақ барша қалалықтар мен қонақтардың басын қосатын салтанатты ордаға айналып отыр.

Негізінен бұл саябақтың гүлденуі 2009 жылдан басталды. Сол жылы облысымызға жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы саябақта орналасқан Қазақстан халқы арасындағы достық пен бірліктің символы болатын «Бірлік пен келісім» сулы-жасыл гүлзардың тұсауын кесті. Сол шарада Елбасы:

Қазақстанның жері ықылым заманнан бері қарай шығыс пен батыстың ортасында, үлкен жолдың торабында — Ұлы Жібек жолында орналасқан.  Бағзы заманнан күні бүгінге дейін біздің жеріміз сауда мен мәдени айырбастар арқылы Азия мен Еуропа арасын өзіндік бір байланыстырушы буын қызметін атқарып келеді. Ғасырлар бойы Ұлы Дала төсі көптеген халықтардың бейбіт мекені болды. Ол бүгін де ұлттар мен ұлыстардың ортақ үйі болып отыр. Бұл — бірлігіміздің жемісі. Ендеше алдағы уақытта ауызбіршілігіміз артып, ынтымағымыз жараса берсін! — деп тілегін жеткізді.

Бүгінде саябақ қалалықтар мен қонақтардың әсіресе жаз бойы ең сүйіп аралайтын мекеніне айналды. Әрине, қысқы кезеңде де, мысалы, Жаңа жыл мейрамы тәрізді елеулі күндерде де бұл маңайға халық көп жиналады.

Дегенмен жазғы ойын-сауықтардың орны бөлек-ақ. Әр апта сайын өткізілетін Аудан күндеріне арналған мерекелерге Ақтөбе қаласында тұратын сол аудандардың өкілдері жаппай жиналып, мәз-мейрам болады.

Ал жексенбі күндеріне сәйкес атап өтілетін кәсіптік мерекелер қаншама. Мұндай жиындарда әртүрлі мамандық иелері өздері мен өздері еңбек ететін ұжымдардың мәртебесін көтеретін шараларға белсене атсалысады.

Сондай-ақ күндіз Ақтөбе қаласындағы сан түрлі ұлттардың этномәдени орталықтарының мүшелері әндерін әуелетіп, билерін ұсынып жатса, аптасына бір рет өткізілетін ретро билер алаңына жиналатындар да азайып көрген емес.

Ересектер өз алдына ғой, бүлдіршіндер де түн шымылдығы түссе де осы саябақтағы қызықты ойын-сауықтардан кеткілері келмей, үйлеріне әзер тарасады.

Спортты сүйетіндерге баскетбол-стритбол алаңы қызмет көрсетуге дайын тұрады.

Жаңадан оқырмандар тарту үшін кітапханашылар ұйымдастыратын көрмелерге бір бұрылып бармасаң, әлденеден құр қалатындай көрінетінің және бар.

Несін айтасыз, соңғы жылдары Тұңғыш Президент атындағы саябақ кісі арылмайтын құтты ордаға айналып болды.

Енді бірер ресми мәліметтер де бере кеткен жөн шығар.

Саябақтың жалпы ауданы 42 гектарды құрайды.

Көлемді территорияға қылқан жапырақты және жапырақты ағаштар егіліп, көркем гүлзарлар отырғызылып, әдемі жаяу жүргінші жолдары салынуы, субұрқақтардың сан түске боялатын тамшылары саябақ келбетін кереметтей ажарлады.

Ал саябақтың нақ орталығында Қазақстандағы ең биік — 91 метрлік тутұғыры орнатылған.

Саябақтың оң жағында жасанды көл бар, оның үстінен керілген әсем көпір де ерекше сән беріп тұр.

Қорыта айтқанда, Тұңғыш Президент атындағы саябақ Елбасымыздың «Өсе бер, өркендей бер — Ақтөбе!» деген тілегінің орындалып жатқандығының бір ерекше көрінісі ретінде күн сайын көз арбайды.

 

Дастан АЗАМАТҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button