«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтарДенсаулық

Ләззат Ақтаева, ҚР денсаулық сақтау вице министрі: Ақтөбе денсаулық сақтау саласын дамытуда алда келеді

«Туған жер» форумы аясында «Аймақтық денсаулық сақтауды модернизациялау. Негізгі бағыттар. Медициналық кластердің бір жылдығын қорытындылау» тақырыбында халықаралық конференция өтті.

Былтыр облыста «Ұлт жоспары —100 нақты қадам» бағдарламасын жүзеге асыру  барысында еліміздің батыс өңірі тұрғындарына қызмет көрсететін медициналық кластер құрылған болатын. Мақсат —  жоғары халықаралық стандарттарға, алдыңғы қатарлы медициналық және басқару технологияларына сай халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған денсаулық секторын құру. Кластер «Aktobe medical center» көпсалалы ауруханасына біріктірілген облыстық  клиникалық аурухана, облыстық балалар клиникалық ауруханасы мен облыстық кеңес беру диагностикалық орталық негізінде жасақталды. «Aktobe medical center» орталығы  мен «Gangnam Severance Hospital» (Сеул, Оңтүстік Корея), (Hemogens Health Care( (Түркия), Сент-Луис медициналық орталығы (АҚШ) сынды әлемдік деңгейдегі емдеу мекемелері арасында келісім жасалды. Нәтижесінде бір жыл ішінде облыста бұрын-соңды жасалмаған аса күрделі оталар жасалды. Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев медициналық туризмді дамыту жөніндегі Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында облыста кластерді жетілдіру  үшін арнайы жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

— Осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігімен келісім жасалып, Ақтөбеде медициналық кластер құрылды. Бір жыл ішінде кластер өз міндетін толығымен орындады. Ең негізгі мақсатымыз — Ақтөбенің және батыс өңірдің халқын осы жерде емдеу, мамандарды даярлап, шетелдік әріптестермен бірлесе жұмыс жасау. 

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін біз бар мүмкіндікті пайдаланып, денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, кадрларды даярлап, оларға жағдай жасауға күш саламыз. Соңғы жылдары Оңтүстік Корея, Ресей, Израиль, АҚШ, Еуропа елдерімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Тәуелсіздік алғаннан бастап ақтөбеліктердің өмір сүру ұзақтығы  бес жылға артты. Қазір өмір сүру ұзақтығы — 72,8 жыл. Ал тұрғындар саны 15 пайызға көбейді. Бұл —  халық денсаулығының жақсарғанының белгісі, — деді облыс әкімі.

Жиында облыс әкімі елімізге белгілі ғалымдар Жақсылық Досқалиев, Серік Ақшолақов және оңтүстік кореялық профессор Кванг Вунг Ли секілді білікті мамандарға кластер аясында жасаған еңбектері үшін алғысын айтты. Сондай-ақ форум аясында 25 операция жасалса, соның ішіндегі он бесі ең күрделі ота саналды. Бердібек Машбекұлы осы оталарды жасаған дәрігерлерге алғысын білдіріп, әрі қарай да ынтымақтастықта жұмыс істеуге шақырды.

— Біз болашақта кластерді дамытуға тек бюджет қаражаты есебінен ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы да барынша көмек көрсетуге дайынбыз. Мәселен, біз республикада алғаш рет мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі шеңберінде жаңа жедел жәрдем бекетін тұрғызып жатырмыз. Оған қоса облыстық клиникалық аурухана базасында құны 5,5 миллиард теңге болатын позитронды-эмиссиялық томография орталығын ашуды жоспарлап отырмыз,  — деді Бердібек Сапарбаев.

Жиында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Ақтөбе облысы денсаулық сақтау саласын жақсартуға айтарлықтай ден қойып отырғанын айтып, облыс медицинасына жоғары баға берді.

— Ақтөбе облысы  — денсаулық сақтау реформаларын енгізу мен жүзеге асыру бойынша және ішкі медициналық туризмді, мемлекеттік-жекеменшік  серіктестікті  тиімді дамытуда алда келе жатқан облыстардың бірі. Қазақстанда жасалған 14 мемлекеттік-жекеменшік серіктестік келісімшартының үшеуі Ақтөбе қаласында іске асырылып отыр. Таяу уақытта озық халықаралық стандарттарға сәйкес жабдықталған офтальмологиялық орталық, жедел жәрдем станциясы ашылады, жалпы, медициналық көмек сапасы жақсарып келеді. Денсаулық сақтау министрлігі өңірлеріңіздің кластерлік тәсілде дамуын қолдайды, — деді вице-министр.

Сондай-ақ Ләззат Ақтаева отандық медицинаны одан әрі жетілдіру жұмыстарына тоқталды. Соңғы жылдары қазақстандықтардың өмір сүру жасы алты жылға ұзарған. Соңғы он жылда жалпы өлім-жітім 27 пайызға, ана өлімі — 4, бала өлімі — 1,5, қан-тамыр жүйелері ауруынан болатын өлім — 3, қатерлі ісіктен — 20, туберкулезден өлетіндердің саны 5 есеге азайған.

2017 жылдан бастап халық денсаулығын нығайтуға және денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған «Денсаулық» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Халық денсаулығының жақсаруына ақтөбелік дәрігерлер де үлес қосып келеді. Өңірде ана мен бала өлімінің көрсеткіші төмендеді.

Елімізде мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жұмыс істейді. Медициналық сақтандыру жүйесі жүзеге асырылуда. Осы саладағы реформаларды сәтті іске асырып жатқан өңірдің бірі — Ақтөбе, — деді Ләззат Ақтаева.

Ақтөбе медицинасы Оңтүстік Кореямен тығыз байланысты жұмыс істейді. Облыста алғаш рет бауыр ауыстыру отасы кореялық мамандардың қатысуымен жасалды. Қазір ақтөбеліктер  Сеул Ұлттық университетінің профессоры Кванг Вунг Лиді жақсы таниды. Тіпті профессордың өзі Ақтөбеге бауыр басып қалғанын, туған қаласындай болып кеткенін жиі айтып жүреді. Жиында профессор халықаралық ынтымақтастық ел медицинасының табысты дамуының негізі екенін баяндады.

Шетелде ем алатын қазақстандықтардың санын азайтудың бір жолы — халықаралық байланыс орнату. Тәжірибе алмасу арқылы үлкен жетістіктерге жетуге болады. Мәселен, трансплантология саласын айтар болсам, Ақтөбеде жақсы трансплантологтар бар. Жұмыс кезінде олардың әрбір ісінен қандай маман екенін байқаймын. Олардың қолынан бәрі келеді. Мен болашақта Ақтөбе облысының медицинасы Қазақстанның батыс өңіріне,  бүкіл Қазақстанға үлгі болатынын және халықтың соған сенетініне сенімім мол, — деген Кванг Вунг Ли Ақтөбе медицинасының жандануы облыс әкімі Бердібек Сапарбавтың қолдауының арқасында екенін айтып өтті.

Жиында ҚР Ұлттық академиясының академигі, ғалым-фармаколог, медицина ғылымының докторы, профессор, «ҚР денсаулық сақтау министрлігінің дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сараптаудың ұлттық орталығы» РМК Фармакологиялық орталығының бас фармакологы Раиса Көзденбаева, кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан кардиология ассоциациясының президенті Сәлім Беркімбаев, Сент-Луис медициналық университетінің ортопедиялық клиникасының жетекшісі Жолдас Құлжанов, «General Electric» компаниясының өкілі Мерхад Таңсыққожин медициналық кластер жөнінде пікірлерін білдіріп, осы саланы әрі қарай жалғастыру бағытындағы өз ойларымен бөлісті.

Бүйрек, бауыр ауыстыру операцияларының қыр-сырын жергілікті хирургтерге үйретіп жүрген және форум аясында бірнеше күрделі ота жасап, екі адамның бауырын ауыстырған  ҚР Ұлттық медицина орталығы жанындағы республикалық трансплантология орталығының басшысы Жақсылық Досқалиев Ақтөбеде мүше тасымалдайтын санавиация қызметін ашуды ұсынды.

Ақтөбеде мүше тасымалдайтын санавиация қызметін ашу қажет, егер ашылса, түйінді мәселе шешіледі. Себебі аймақта медициналық кластер құрылды, трансплантолог-хирургтер жұмыс жасап жатыр. Мәселен, көз жұмған адамның бауырын Петропавлдан әкелу үшін бірнеше күн бұрын Астанаға хабарластық. Олар солтүстік өңірге барып қайтыс болған адамның бауырын, жүрегін, көзін алды. Кейін оларды жан-жаққа таратты. Ақтөбеде ем алып жүрген Атырау облысының тұрғынына бауыр тіні сәйкес болып шықты. Осылайша бауыр ауыстыру отасы жасалды. Бұл — медициналық кластердің қызу жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді. Егер санавиация ашылса, мамандар өздері барып, мүшені тікелей осы жерге жеткізер еді және осы арқылы  қаржыны үнемдеп, уақытты да қысқартуға болады. Бұл ұсынысқа министрлік қолдау білдіреді деген үміттемін, — деді Жақсылық Досқалиев.

Облыс әкімі ұсынысты қолдайтынын айтты.

— Екі жылдан бері бұл шаруаға қатысты келісім жүріп жатыр. Бізге тек ұшақ, тікұшақ қажет. Егер министрлік бұл ұсынысты қолдаса, қалған қажетті заттарды, яғни құрал-жабдықтар, ғимарат және мамандармен қамтамасыз ете аламыз, — деді ол.

Жалпы 2014 жылдан бері облыста  36 бүйрек, 10 бауыр ауыстыру отасы жасалды.

Сондай-ақ Жақсылық Досқалиев медициналық кластердің жұмысын жоғары бағалады.

Басқосуда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев облыс медицинасының білікті мамандармен қамтылғанын, базалық технологияларды енгізуде белсенділік танытылатынын, семинарлар, шеберлік сабақтары, күрделі операциялар, функционалдық зерттеулер өткізілетінін айтты. Жыл аяғына дейін «Aktobe мedical center» медициналық кластерінде травматология, педиатрия кардиохирургия, трансплантология және тағы басқа түрлі салада 426 жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетіледі.

Жиын соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ресейдің «Медициналық инвестиция тобы» ашық акционерлік қоғамының атқарушы директоры Илья Иванов және республикалық кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының директоры Сәлім Беркімбаев пен «Aktobe мedical center» орталығының директоры Рүстем Исаев ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Облыс әкімі бірқатар форум қатысушыларын облыстың денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан үлестері үшін «Ақтөбе — құтты мекен» медальдары және Алғыс хатпен марапаттады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button