«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтарДенсаулық

Серік Ақшолақов жұлын ісігіне ота жасады

«Туған жер» форумы аясында «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы, медицина ғылымының докторы, профессор Серік Ақшолақов жұлын ісігіне шалдыққан екі науқасқа ота жасады.

Медицинаның ең бір күрделі де қиын саласы —  нейрохирургия. Бұл саланың қыр-сырын жетік меңгерген ғалым науқастарға ота жасап, кеңес берді.

Ұлттық нейрохирургия орталығы Ақтөбе облысымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Себебі орталық мамандары жаңа технологиямен жұмыс істеу әдісін республика аумағындағы мамандарға үйретеді. Қазіргі күні Ұлттық орталықта дүниежүзінің алпыстан аса жаңа технологиясы енгізілсе, оның қырықтан астамын облыстар меңгеріп, тәжірибеде қолданып жүр. Орталықтың нейрохирургиялық операцияларды жасауда мүмкіндігі мол. Өңірлерде жоқ құрал-жабдықтардың барлығы бар. Бұндай отаға қажетті құралдар өте қымбат тұрады әрі операцияның өзі ұзақ жасалады. Сондықтан ауыр науқастарды орталыққа алдырамыз. Кешеден бері екі операция жасалды. Әлі де науқастарды қарап жатырмыз. Егер ота жасау керек болса, жасаймыз. Жалпы ақтөбелік дәрігерлермен байланысымыз үзілмейді. Алдағы уақытта клиникалық фармация бөлімшесін ашуды жоспарлап отырмыз. Ақтөбе медициналық орталығымен ынтымақтастық меморандумына қол қойылады, —  деді Серік Ақшолақов.

Сондай-ақ ғалым облыстық аурухана эндоскопиялық жаңа аппарат сатып алғанын, Ұлттық орталық мамандары сол аппаратты тәжірибеде қолдануға көмектесетінін айтты.

— Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен аймақта  медициналық кластер құрылып жатыр. Бұл еліміздің батыс аймағындағы тұрғындардың барлығына көмек көрсетуге  мүмкіндік береді. Бұған ақтөбелік дәрігерлердің мүмкіндігі зор, негізі мықты қаланған мектеп бар. Медициналық университетіндегі ұстаздардың біліктілігі жоғары, — деді Серік Ақшолақов.

Сондай-ақ ғалымның қатысуымен аурухананың мәжіліс залында жиын өтті.

Жиында «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ госпитальдік фармация бөлімінің меңгерушісі Айгүл Төлепбергенова клиникалық фармация бөлімшесінің мүмкіндіктерімен таныстырды.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button