Басты жаңалықтар

Мұнайлы өңір Мұғалжар

Туған жерім — нұрлы елім

Биыл Мұғалжар ауданы үшін айрықша жыл. Екі ауданның ізінен құрылған қазіргі Мұғалжар (бұрынғы Октябрь және Мұғаджар) ауданының құрылғанына 20 жыл, Қандыағаш қаласына 50 жыл толып отыр.

Мұғалжар ауданы — облыстағы ең ірі аудан. Оның аумағында үш бірдей шағын қала —  Қандыағаш, Жем, Ембі орналасқан. Сондай-ақ, 12 ауылдық округ бар.

Әлеуеті зор өңірде 20-дан астам  өндірістік мекеме жұмыс істейді.  Олардың арасында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС секілді ірі компаниялар бар.

Өндірісті ауданда өндіріліп, өңделіп жатқан өнім көлемі көп. Мәселен, өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі — 202,9 миллиард теңге. Өндірілген шикі мұнай — 1044,4 мың тонна. Бұл облыста өндірілген мұнайдың 43,4 пайызы деген сөз. Сондай-ақ, 2091,1 мың тонна мұнайға ілеспе газ өндіріліпті. Яғни, облыс бойынша өндірілген газдың 77 пайызы осы Мұғалжардың үлесіне тиеді.

2017 жылға  жоспарланған аудан бюджетінің  кіріс  бөлігі 8842,0 миллион теңге болса , 7 айда  оның 4801,4 миллион теңгесі түсіп отыр. Бюджеттің шығыс бөлігінде жоспарланған  6041,9 миллион теңгенің  6026,7 миллион теңгесі игерілді  (99,7 пайыз).

Біз ауданның тыныс-тірлігін, әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы нақтырақ білмек ниетпен тиісті мекемелерге хабарласқан едік. Сонымен…

Өндіріс

АУДАН ЭКОНОМИКАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Елбасының  биылғы  «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық  бәсекеге  қабілеттілік» атты Жолдауында жүктелген ел экономикасын дамытуға бағытталған міндеттері мен тапсырмаларын іске асыруда біздің ауданда бірқатар нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деп әңгімесін бастады Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов. — Жалпы 7 айдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының өсімі жоғары. Әлеуметтік жағдай тұрақты. 

Мұның нәтижесін аудан экономикасының негізгі секторлары бойынша атқарылған нақты жұмыстардан байқауға болады. Өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі — 202,9 миллиард теңге. Оның ішінде тау-кен өнеркәсібінде — 160 миллиард 173 миллион 300 мың теңгенің өнімі өндірілсе,  өңдеу өнеркәсібінде 32 миллиард 821 миллион 900 мың теңгенің өнімі өңделді. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі — 45,5 миллиард теңге, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 есеге артық.

Көрсеткіштер атауы өлшем бірлігі қаңтар-шілде айлары
2016 ж 2017 ж
нақты
Өнеркәсіп өндірісі өнімінің көлемі млн.тенге 173 443,6 202 906,4
нақты көлем индексі % 103,3
тау-кен өнеркәсібі млн.теңге 145 748,6 160 173,3
нақты көлем индексі % 103,5
өңдеу өнеркәсібі млн.теңге 18 308,6 32 821,9
нақты көлем индексі % 103,2
Ауыл шаруашылығы

7 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнімнің жалпы көлемі — 7 миллирд 378 миллион теңге. Оның ішінде  мал шаруашылығында 6 миллиард 515 миллион теңгенің өнімі өндірілсе, өсімдік шаруашылығындағы өнім көлемі — 863 миллион теңге.

Аудан әкімінің айтуынша, ауыл  шаруашылығы  саласына  36 миллион теңге инвестиция тартылған. Бұл қаражатқа негізінен техникалар сатып алыныпты.

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ШАПАҒАТЫ

Мұғалжарлықтар мемлекеттік бағдарламалардың да шарапатын көріп отыр. Мысалы,  «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларын  орындау мақсатында биыл 200 бас ірі қара, 50 бас жылқы  және  270 бас қой сатып алу жоспарланған.

Қазір «Құлан»  бағдарламасы 30 пайызға орындалып отыр. Яғни, 15 бас  жылқы сатып алынды. Қалған 35 бас малды алу үшін Ақкемер, Егіндібұлақ, Еңбек  ауылдық округтерінің шаруа қожалықтары құжаттарын  дайындап,  аграрлық несие корпорациясына  тапсырады. Нәтижесінде жоспар 114  пайызға  орындалатын болады, — дейді Ербол Данағұлов. Оның айтуынша, «Сыбаға»  бағдарламасы бойынша  Құмжарған  ауылдық  округіндегі «Дастан-Б» шаруа  қожалығы 150 бас мал алу үшін тиісті құжаттарды әзірлеп, аграрлық несие корпорациясына тапсырған. Сонымен қатар,  Жұбанов ауылдық округіндегі «Заманай»  шаруа  қожалығының  құжаттары да аталған мекемеге тапсырылыпты.

Ал «Алтын асық» бағдарламасы бойынша да жұмыстар жүргізілуде.

Мысалы, Ащысай  ауылдық  округіндегі «Ислам» шаруа қожалығы 100 бас қой алу үшін құжаттарын тапсырған. Сондай-ақ, «Сағындық» шаруа қожалығы да «Алтын асық» бағдарламасына қатысуға ниет білдіріп отыр.

Ауданда ет, сүт өнімдерін қайта өңдеу орындары да ашылып, ел игілігі үшін жұмыс жасауда. «Қандыағаш Коммерц Групп» ЖШС-і Қандыағаш  қаласында  қуаттылығы тәулігіне 10 тонна шұжық, ет  консервілерін  өндіретін  шағын ет  комбинатын іске  қосты. Чехия жабдықтарымен қамтылған комбинаттың инвестиция  көлемі — 360,0 миллион теңге.

«Ерхан-2030»  ауыл шаруашылығы кооперативі «Ауыл шаруашылығын  қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы құны 6,8 миллион теңге болатын рефрежиратор көлігін алыпты. Аталған кооператив ет комбинатымен  өзара келісім жасап,  онда  ет  тапсырады.

Сүт  өнімдері  бойынша  Ақкемер  ауылында  «Елек-Агро» ауыл шаруашылығы кооперативі  сүт  қабылдау   пунктін ашты. Мұнда тәулігіне 1,5 тонна сүт қабылданады. Аталған кооператив «Ақтөбе Агро Сервис» серіктестігі арқылы  лизинг желісі  бойынша 5,8 миллион теңгеге арнайы сүт  тасымалдайтын  автокөлік  алды. Сонымен  қатар  осы ауылдағы «Тайбурыл»  шаруа  қожалығы  100 басқа  арналған  сүтті-тауарлы ферма  ашуды жоспарлап отыр. Қазір   құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мұнда сүт  өнімдерін  өндіретін шағын  цех ашу да жоспарланып отыр, — дейді аудан әкімі.

Айта кету керек, ауданда 18  ЖШС, 395  шаруа қожалығы, 16 ауыл шаруашылығы кооперативі, 2 ауылдық тұтыну кооперативі, 2 сервистік дайындау орталығы және 1 несие  серіктестігі  бар.

Жер

Аудан бойынша 964 086 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімі бар.  Бүгінгі мәлімет бойынша, 395 шаруа қожалығына тиесілі жер көлемі — 758 900 гектар. Сондай-ақ, 18 жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 170 171 гектар, 5 мемлекеттік емес ауыл шаруашылығы құрылымының 34 947 гектар жер телімі тіркелген.

Өткен жылдың 1 қарашасымен салыстырғанда егіс көлемі 3664 гектарға көбейіп, тыңайған жер көлемі 7336 гектарға азайып отыр.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік

 КӘСІПКЕРЛЕР ҮЛЕСІ

Былтыр Қандыағаш қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында  «Жалмагамбетова» ЖК 100 орындық балабақша құрылысын бастаған болатын. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл балабақша жыл аяғында ел игілігі үшін пайдалануға беріледі.

Айта кету керек, биыл Ембі қаласында еңсе тіктеген150 орындық «Нұрдана» балабақшасы да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылды.

Сондай-ақ, Қандыағаш қаласында денешынықтыру кешені («ҚуатТрансГео» ЖШС) мен Жұрын ауылында отбасылық дәрігерлік амбулаториясының («Универсал Алмаз ИД» ЖШС) құрылыстары бойынша қажетті құжаттар әзірленді. Қазір құрылыс жұмыстары үшін қажетті қаражаттарды шешу мәселелері пысықталып жатыр.

Кәсіпкерлік

«БАСТАУ БИЗНЕС» ЖОБАСЫ ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛЕР

Мұғалжарда 3163 шағын және орта бизнес субъектісі бар. Онда еңбек ететіндердің саны — 5981 адам. 7 айдың қорытындысы бойынша өндірілген өнім көлемі — 3851 миллион теңге.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 454,7 миллион теңгеге 17 жоба мақұлданған.

Бүгінгі таңда «Жас Старт» бағдарламасы бойынша 1 жоба (Р.Құрмашев) және «Кең дала» бағдарламасы бойынша 3 жобаның (Е.Елубай,        Ж.Ибрагимова, Р.Жұманбетова)  құжаттары дайындалып, несие алу жоспарлануда.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Бастау бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін  оқытуға жоспарланған 343 адамның 203-і білім алуға жолдама алды. Қазір оның 105-і білімдерін жетілдірді. Нәтижесінде шамамен 100-ге жуығы несие алып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелді.

Жұмыспен қамту

402 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ

Тамыздың бірі күнгі мәлімет бойынша, жұмыссыздар саны — 542 адам. Жұмыссыздық деңгейі — 1,5 пайыз.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша да жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Нақтырақ айтсақ, наурыз-мамыр айларында еңбек нарығына қажет мамандықтар бойынша (шаштараз, тігінші, кондитер, автослесарь, электрші) 3 айлық қысқа мерзімді кәсіби даярлау курстарына 70 жұмыссыз жіберілді.

Бағдарламаның екінші бағыты — жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Бастау бизнес» жобасы  аясында жоспарланған жұмыстар да жасалып жатыр.

Үшінші бағыт бойынша 556 адам (жылдық жоспар бойынша — 929 адам. Орындалуы — 59,8 пайыз) жұмысқа орналастырылды. Қоғамдық жұмыстарға 986 адам тартылды. Жоспар бойынша 500 адам қамтылуы керек болатын. Жұмыс артығымен орындалды: көрсеткіш — 198,6 пайыз. Сондай-ақ, «Гүлдене бер, туған ел» акциясы бойынша  224 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 334 адам, жастар тәжірибесіне 273 адам жіберілді.

7 айдың қорытындысы бойынша ауданда 402 жаңа жұмыс орыны ашылды.

«Е-халық» мемлекеттік ақпараттық жүйесіне аудан халқының 98,2 пайызы енгізілген.

 Тұрғын үй  

 60 ПӘТЕРЛІК ЕКІ ҮЙ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Жалпы ауданы 7876 шаршы метр болатын барлығы 62 тұрғын үй тапсырылды.

Қазір аудан орталығындағы 5 қабатты 60 пәтерлік 2 жалдамалы коммуналдық  тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жобаның сметалық құны — 783,2 миллион теңге. Сондай-ақ, Есет батыр көшесіндегі 90 пәтерлік жатақхананы қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобаның сметалық құны — 273,6 миллион теңге. Оның  50,0 миллион теңгесі облыстық бюджеттен бөлінді.

Әлеумет

 АУДАН ҚЫСҚА ӘЗІР МЕ?

 Жылу беру маусымына дайындық бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, соған  сәйкес жұмыстар жүргізілді. Ауданда барлығы 37 шақырым жылу құбыры, 121,3 шақырым ауызсу құбыры, 74 шақырым кәріз құбыры бар.

Мұғалжардағы 3 қаланың тұрғындары мен әлеуметтік ғимараттарға «Коммуналшы», «Ембіжылу» және «Жемжылу» кәсіпорындары қызмет көрсетеді.

2017-2018 жылдарға арналған жылу беру маусымында барлық әлеуметтік ғимараттарға 4210,7 тонна көмір және 547,9 тонна дизель отынын алу жоспарланған. Аудандық білім бөліміне қарасты мектеп және балабақшаларға  2793,1 тонна қатты отын және 285,9 тонна сұйық отын алу жоспарланған болатын. Қазір білім шаңырақтары толықтай қатты отынмен қамтылды.

Ауыз су

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында аудан бойынша 5 елді мекенді — Мұғалжар, Қайыңды, Ащысай, Бұлақ, Сағашиліні таза ауызсумен қамту мақсатында қаржы аударылып, су құбырлары тартылуда.

Білім  

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ОБЛЫС ӘКІМІНЕ АЙТҚАН ӨТІНІШІ ОРЫНДАЛУДА

Ақпан айында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесу барысында Ембі қаласының тұрғындары аталған шағын қаладағы №4 мектепте спорт залдың жоқтығын айтып, көмек сұраған-ды. Соған  байланысты жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Қазір спорт залдың құрылысы жүргізіліп жатыр. Аумағы 508 шаршы метр болатын спорт залдың құрылысын қазан айында пайдалануға беру жоспарлануда. Жоба құны —  86,6 миллион теңге.

Жаңа оқу жылында Қандыағаш қаласында жаңа мектеп ашылды. Аудан орталығындағы «Қарлығаш» балабақшасына 33,3 миллион теңге, Қандыағаш қаласындағы №5 мектепке 46,9 миллион теңге бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ, Сабындыкөл бастауыш мектебіне 650 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалған.

БІЛІМ САПАСЫ ҚАНДАЙ?

ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл —  89,8.  45 түлек «Алтын белгілерін» қорғады. «Үздік аттестат» иегерлерінің саны  — 25.

Аудандағы мектептерде 36 кітапхана бар. Мектептердегі кітап қоры — 334 815. Жалпы оқулық қоры — 187 279 дана.

Аудандағы барлық оқушы толықтай оқулықпен қамтылды. Жаңа  оқу  жылында  117 980 дана оқулық алынды. Оқулық сатып алу үшін  жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы — 124 миллион теңге.

Мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында облыстық бюджеттен жалпы 40, 673 мың теңге бөлінген. Өткен оқу жылында мектептерде жалпы 1067 дана компьютер болған еді. Жаңа оқу жылынан бастап 176 дана компьютер, 64 дана интерактивті тақта алынды. Соның арқасында 8 оқушыға 1 компьютерден келеді.

Ауданда 39 мектеп (23 орта, 12 негізгі, 4 бастауыш мектеп), 5 мектеп жанындағы интернат, 3 аула клубы, 1 шығармашылық орталығы, 1 саз мектебі, Жем қаласы КА-168/5 мекемесі жанындағы жалпы білім беретін кешкі (ауысымдық) мектеп және 25 балабақша бар; оның 21-і мемлекеттік балабақша, 4-еуі — жеке балабақша.

КҮЛ ШЫҒАРЫП, ОТ ЖАҒАТЫН МЕКТЕПТЕР ЖОЙЫЛАДЫ

Мұғалжардағы үш бастауыш мектеп таратылды. 5 мектеп және 1 интернат салу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Олардың екеуі апатты мектептердің орнына салынады. Ал үшеуін саманнан салынған, әлі күнге күл шығарып, от жағатын мектептердің орнына салу жоспарланып отыр. Ақкемер мектебінің жанынан салынатын 50 орындық интернатқа аталған мектеппен бірге, Елек, Жарық, Көтібар батыр негізгі мектептерінің балалары қамтылады.

 

Мектеп атауы Жобалық қуаты Жылы Жағдайы
1 Сағашилі ОМ 320 2017-2018 Апаттық жағдайда
2 Құмжарған НМ 60 2017-2018 Апаттық жағдайда
3 Аққемер ОМ жанынан интернат 50 2017-2018
4 Елек НМ 100 2018-2019 саман, пешпен жылытылады
5 №59 БМ 60 2018-2019 саман, пешпен жылытылады
6 Еңбек НМ 60 2018-2019 саман
Денсаулық сақтау

Өңірдегі медицина мекемелерінің жалпы саны — 35.  «Денсаулық» бағдарламасы аясындағы жоспарлы жұмыстар толығымен іске асырылып жатыр.

Мәдениет

Мұғалжарда 40 мәдениет мекемесі жұмыс жасайды. Оның ішінде 19 мәдениет үйі мен клуб, 18 кітапхана, 2 мұражай, 1 саябақ бар.

Мәдениет саласындағы мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 30 500 мың теңге бөлінді. Сонымен қатар, газбен қамтылған елді мекендердегі мәдениет ғимараттарының жылу жүйесін газға ауыстыру үшін жергілікті бюджеттен 28  миллион теңге берілген.

Спорт

Ауданда бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлінуде. 55 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 4300 адам қатысты. Облыстық, республикалық, халықаралық деңгейлерде өткізілген жарыстарда жүлделі орындар иеленген спортшылар да аз емес. Биылғы жылдың 7 айында облыстық жарыстарға қатысып жүлделі орындар алған спортшылардың саны — 60 болса, респубикалық жарыстарда 36 спортшы жүлдеге ие болды. Халықаралық жарыстарда Жандос Қалабай, Таисия Дьяченко, Жанасыл Хабидулла (күміс жүлдегер),  Әлнұр Құлнияз, Әділет Ахметов, Серікқали Алдаберді, Айдос Медет, Нұржан Жазимов, Айдар Бауыржан (қола жүлдегер)  ел намысын қорғады.

 «Туған жерге тағзым»

«Туған жерге тағзым» акциясы бойынша жыл басынан бері жалпы сомасы 61 миллион 808 мың теңгені құрайтын 80 жобаны іске асыру жоспарланған. Қаңтар-шілде айларында 39 миллион 298 мың теңгені құрайтын 55 жоба жүзеге асты. Қалған 25 жоба  (22 миллион 510 мың теңге) жыл аяғына дейін орындалады.

 Көгалдандыру

 Жақында Қандыағаш қаласындағы Интернационал көшесінің бойында жаңа саябақ ел игілігі үшін пайдалануға беріледі. Қазір 207,0 миллион теңгеге бағаланған жобаның  құрылысы жүргізілуде. Мердігер мекеме —  «Октава» ЖШС.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button