Басты жаңалықтар

«ЭКСПО-2017»: 93 күнге созылған бүкіләлемдік көрме осылай өтті

«Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесі жоғары деңгейде әрі табысты өткенін зор мақтанышпен айтқым келеді. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктердің бірі болды. Елорда үш ай бойы 115 ел мен 22 халықаралық ұйымның басын қосқан ЭКСПО шағын қалашығына айналды. Бұл көрме Қазақстанның әлемге танымалдылығы мен туристер үшін танымдылығын арттырды. Елімізге келген мәртебелі меймандарға халқымыздың қонақжайлығын көрсете алдық. Біз болашақтың энергиясына қатысты бүкіл әлемнің тәжірибесін өз елімізде тоғыстырдық.

«ЭКСПО-2017» көрмесін 4 миллионға жуық адам аралап көрді. Олардың үштен екі бөлігі жастар мен оқушылар еді. Баршаның назарын аударған әсем қалашыққа күн сайын 40-50 мыңдаған адам келіп тұрды. Көрмені 180 мемлекеттен жарты миллион адам тамашалады. Яғни әр алтыншы қонақ шетелдік екенін атап өткім келеді».

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ

ЭКСПО-ның жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінен.

Біз бұл жолы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында елордада өткен халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесін қорытындылап, марапатқа ие болған қатысушы елдер мен жалпы санайғақтарға тоқталмақпыз. Танысыңыз…

КЕЛУШІЛЕРДІҢ САНЫ — 3 977 545

«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының хабарлауынша, 15 желтоқсанға дейін көрме аумағындағы халықаралық павильондарды бөлшектеу жұмыстары аяқталады.

— Бұл мақсаттағы жұмыстар 11 қыркүйекте басталды. Қатысушы мемлекеттерге павильондарды әу бастағы қалпына келтіріп, бұйымдарды шығарып, ішкі құрылыс құрылымдарын ретке келтіруге тапсырма берілді. Аталған процесс 15 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс, — дейді ұйымдастырушылар. Ал оның талапқа сай орындалуын компанияға қарасты сәулет департаменті мен халықаралық қатысушылармен жұмыс атқару департаменті қадағаламақ.

Өз кезегінде көрменің басты бөлігі — қазақстандық «Нұр Әлем» сферасы алдағы уақытта музей ретінде жұмысын жалғастырғалы отыр.

115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысқан мамандандырылған көрме бастапқыда 2 миллион келушіні қабылдайды деп жоспарланған. Алайда ЭКСПО-ны тамашалағандардың саны, соңғы дерек бойынша, 3 977 545 адамға жеткен.

«Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің сөзінше, үш айда 40 Мемлекет басшысы, 9 Премьер-министр, 72 Сыртқы істер министрі көрмеге арнайы ресми сапармен келген. «Бүгінгі күні аталған ауқымды жоба ел экономикасына оң әсерін тигізді және шамамен 50 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Көрмелердің тәжірибелеріне жасалған жете талдау барысында аталған ауқымды жобалар мұраларының маңызы зор екендігін байқадық. Қазіргі кезде ЭКСПО-дан кейінгі кезеңнің бағдарламасы аяқталуға жақын. Көрменің әрбір шаршы метрін алдағы уақытта мақсатты қолдану жөнінде нақты жоспар бекітілген. Ең бастысы, көрме қонақтары ұмытылмас әсер алды», — дейді ол.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 ЭКСПО дегеніміз бір жарым ғасырлық тарихы бар дүниежүзілік көрме. «Уикипедия» сайтында көрсетілгендей, ол — индустрияландырудың белгісі және техникалық һәм технологиялық жетістіктерді көрсететін мүмкіндік. Ең алғашқы көрме 1851 жылы Ұлыбритания мемлекетінде ұйымдастырылған. Содан бері қарай бұл көрме алпыс бес рет өткен. Мұндай халықаралық шара негізінен 3-6 айға созылады.

Келесі көрме 2020 жылы Дубайда өткізіледі деп жоспарланып отыр.

ҮЗДІК ПАВИЛЬОНДАРҒА МЕДАЛЬДАР ТАПСЫРЫЛДЫ

ЭКСПО көрмесі ұйымдастырылған сайын Халықаралық Көрмелер бюросы өзгелерден дараланғандарды атаусыз қалдырмай, марапаттау рәсімін өткізуді дәстүрге айналдырған. Бұл әдемі үрдіс Қазақстанда да жалғасын тапты.

ХКБ ұйымдар, адамдар мен қатысушы елдердің павильондарын — «ЭКСПО-2017» шарасын жүзеге асыруға атсалысқандарды медальдармен марапаттады. Ең бірінші кезекте ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге үлес қосқаны мен жемісті нәтижесі үшін» алтын медальға ие болды. Мұндай атаулы сый шараға қатысушы елдерге «ұйымдасқан түрде міндеттерді орындағандары және осы шараның сәтті өтуіне қолдау көрсеткендері үшін»  табысталды.

Ал «ХКБ абырой медалімен» «көрменің барлық қатысушыларына үздіксіз көмек пен қолдау көрсеткені, компанияның барлық қызметкерлерінің қажырлы еңбегі және жоғары дәрежедегі кәсіпқойлықты танытқандары үшін» «Астана «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ атынан Ахметжан Есімов марапатталды.

Алғашқы сертификатқа көрменің ұйымдастырылуында ерекше орынға ие, іс-шараның тірегіне айналған әрі ынтымақтастық пен ниеттестік рухын асқақтатқан еріктілер лайық деп танылды. Тап сондай марапат компанияның қоғаммен байланыс қызметтеріне берілді.

Сондай-ақ, 9 сарапшыдан құралған халықаралық қазылар алқасы «ЭКСПО-2017» қатысушы елдердің павильондары арасынан жеңімпаздарды да таңдап алды. Марапаттар екі аталым бойынша табысталды, олар — көрменің дизайны және көрме тақырыбының ашылуы.

Бірлескен павильондар арасында көрменің дизайны санатында алтын медаль Кариб қоғамдастығы Плазасының өкілдерінің мойнында жарқыраса, одан кейінгі орындар Тынық мұхит Плазасы мен Латын Америка Плазасына бұйырды. Ал көрме тақырыбының ашылуы жағынан Тәжікстан Республикасына тең келер мемлекет болмады. Гана Республикасы мен Украина одан кейінгі орындарды өзара бөлісті.

Аумағы 400 шаршы метрден кем павильондардың арасында көрменің сәулеті бойынша Польша Республикасы көш бастады. Күміс медаль — Словакия Республикасына, қола медаль Латвияға тиді. Сондай-ақ, көрме тақырыбының ашылуынан үздің атанғандардың қатарында Финляндия, Сингапур және Чехия Республикасы бар.

Аумағы 400 шаршы метр мен 700 шаршы метр аралығындағы павильондардың арасында көрменің дизайнынан Катар елі озды. Әзірбайжан мен Монако Князьдығы — екінші және үшінші орындарды иеленді.

Аумағы 700 шаршы метрден асатын павильондардың арасында дизайннан Ресей Федерациясы алдыңғы шепке шықса, Ұлыбритания мен Корея Республикасы жүлдегерлердің қатарынан көрінді. Тақырыптың ашылуы бойынша Германия Федеративті Республикасы бас жүлдені, Қытай Халық Республикасы одан кейінгі белесті, ал Франция үздік үштікті қорытындылады.

Сонымен бірге, «ЭКСПО-2017» аясында Халықаралық Көрмелер бюросының «Ғарыш» сыйлығы Лесото Ұлттық университетіне табысталды. Осы орайда Халықаралық Көрмелер бюросы, «ЭКСПО-90» қоры және «Астана ЭКСПО-2017» компаниясы бірлесіп ұсынған «Ғарыш» сыйлығы биыл «Болашақ Энергиясы» тақырыбы аясында жұмыс істеп жүрген азаматтық және топтық бастамалардың коммерциялық емес жобалары үшін ашылған.

Естеріңізге сала кетсек, бұл — 1851 жылы Лондонда өткен алғашқы бүкіләлемдік көрмеден бастап дәстүрге айналған рәсім. Марапаттаудың мақсаты — катысушыларды «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға жігерлендіру және осы бағыттағы бірегей идеяларды әлем бойынша таныстыру.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ақтөбе-Астана-Ақтөбе.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

16 Comments

  1. ЕХРО мен ЭТНОауылды бөлек қоюы өзіміздің дәстүрлі мәдениетімізді жасыру ма әлде ұялу ма? Не деген бассыздық?! Егер шетелдіктерді күтсек оларға өзіміздің мәдениетін көрсету керек қой. Егер мен басқа елге барсам, олар тек өздерінің төл мәдениетін және дәстүрін көрсетеді. Ұйымдастыру жағынан сол ұнамаған жоқ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button