Жаңалықтар

Сирек тұлға — сәңкібай

Әбілқайыр хан, Есет батыр және Әжібай бидің замандасы Сәңкібай — азаттық аңсаған қазақ халқының аруақты арыстарының бірі. Оған тағзым ету — кейінгі ұрпақтардың парызы.

Сәңкібай ХVІІ ғасырдың 1687 жылы дүниеге келген. Ақтабан шұбырынды жылдары қазақ жерінің батысын жаулап алуға тырысқан қалмақтарды Еділ мен Жайықтан асыра қуу кезінде Әжібай би мен Арал батыр бастаған сарбаздарға қолдау көрсетуде Сәңкібайдың атқарған рөлі өте күшті. Оның есімі Сағыз, Жем, Ойыл бойына кеңінен жайылған.

Сәңкібайдың өмірі Әжібай бидің саясатымен, іс-қимылымен тығыз байланысты болды, біте қайнасты. Ол белгілі бидің ақыл-кеңес алар нөкері, нағыз сенері, сүйенері, халықпен екі ортада байланыстырушысы, дәнекері болды.

1729 жылы Балқаш көлінің оңтүстік беткейінде Әбілқайыр хан бастаған қазақ жасақтары жау қолын талқандады. Осында Есет Көкіұлы Кіші жүздің туын көтерген батыр ретінде көрінді. Сәңкібай Әжібай бимен бірлесе отырып, үлкен парасаттылық пен көрегендік жасап, елдің қауіпсіздігі қамына белсене кірісіп, аянбай еңбек етті, тәуелсіздік үшін тікелей атсалысты.

Сәңкібай есімін арада үш ғасырдай уақыт өтсе де ел ұмытпай, әлі күнге дейін қадірлеп, қастерлеп, оның биік парасатын, жарлы-жақыбайларға көрсеткен көмегін, қамқорлығын, өз байлығынан айналаға үлескенін, ұрпағын рахымды етіп, қолдарын ашық қылып тәрбиелегенін аңыз етіп айтады.

Халық арасындағы айтылған әңгімелерге сүйенсек, оның кедей-шаруа туыстары: «Сәке! Күн болса суытып келеді, бала-шағаға қалжалайтын бір-екі жылқы берсеңіз қайтеді?» деп өтініш айтқанда, ол «неғыласың бір-екі жылқыға бола әлектеніп, одан да алдыңа салып айдауға ыңғайлы бір үйір жылқы алсайшы!» дейтін көрінеді.

Шынында да ол күнінде қолы ашық, мырза адам болған екен. Халқымыз бекер айтпаған ғой «Қолы ашықтың — жолы ашық» деп. Мәселен, Сәңкібайдың Бәшен деген ұлы көңілі дархан, мырза, ақжарқын, кеңпейілді, кедейлерге жәрдемін аямаған жан болыпты.

Адамның жас кезінде жаңа толысып келе жатқан сана-сезімі пендеге тән күнкөрістің толып жатқан күйкі тірлігінен таза сақталады да, сол кездерде естіген әңгімелер есінде қалтқысыз қалып қояды екен. Сол бейкүнә шақта есімізде сақталған жағдай Ақбота-Сәңкібай атауының шығу тарихына келіп тіреледі.

Осы жолдардың авторларының бірі өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында іссапармен Байғанин ауданында болғанда шаруашылық басқарған ел азаматтары Қалдыбай Төлебаев пен Жұбан Айжарықовтың аузынан біраз дерек естіген болатын.

Бірде мамыр айы туа Сәңкібай жылдағы әдеті бойынша Әбілқайыр ханға сәлем беріп, амандасып қайтуға жиналған ел жақсыларымен бірге сый-сияпат алып, Ырғыз даласына қарай аттанады. Ол кезде хан Түркістанды қыстап, жазда ежелгі жайлауына келеді екен. Кіші жүздің ішінде тама Есет батыр, табын Бөкенбай, кете Әжібай, беріш Есболай, адай Шотан сияқты тізгін ұстаған адамдары бастаған топтар хан мекеніне бағыт ұстағанда ежелден аңдысып келе жатқан, бірде жеңіп, бірде жеңілумен итжығыс өмір кешкен қалмақтар жансыздары арқылы елдің бас көтерер ерлері жолаушылап кеткенін біліп, қазақ ауылдарынан кек қайтармақ болады. Ол тұста Жемнің Атырауға құяр тұсы әлі де қалмақтардың қолында еді.

Қалмақтар 1780 жылдары бас көтерместей болып жеңілгенге дейін жыл сайын қазақ еліне тосыннан шабуыл жасап, күн көрсетпей қойғаны тарихи шындық жағдай.

ХVІІІ ғасырдың аяғында Еділ мен Жайық өзендерінің арғы бетіне ығыстырылғанша олар Ойыл-Қиыл, Жем-Сағыз, Темір, Елек, Қобда өзендерінің алқабын қоныстанған қазақ ауылдарын жылына екі рет, көктем мен күзде шауып кетіп отырған.

Сәңкібай ауылына тиіскен де Жемнің құйылысын мекен еткен қалмақтар болатын. Алайда, түтін салып, дабыл қағу арқылы жау келіп қалғандығынан дер шағында хабарланып үлгерген ел үдере көше бастайды. Сәңкібай атамыздың Ақбота атты қызы ауылда қалған тума-туыс, малшы-жалшы жігіттерді іріктеп, еркекше киініп, жауға қарсы шабады.

Әбілқайыр ханға бір жылғы есебін беріп оралған Сәңкібай ауылына тиген жаудың жеңілгенін, бірақ Ақботаның жазым болғанын жолшыбай естиді. Көшіп келе жатқан ауылын осы күнгі Ақбота-Сәңкібай дөңінен қарсы алады. Сонда Сәңкібай: «Сүйегін адам мен мал аяғынан аулақ, сонау ақтау құм басына тапсыралық» депті.

Сол биік құм бойындағы жалғыз зират — Ақботаның бейіті. 2009 жылы Германияның Гамбург қаласынан Ресейдің өнеркәсіп және сауда палатасының қызметкері Надежда Шилова іздеп келіп, Ақбота-Сәңкібай ескерткішінде болған. Ол және оның қасындағы жолдастары табиғи ескерткішті «Шахмат ханшайымы» деп атапты.

Дегеніне жете алмай, армандаған ғашығына арызын айта алмай өмірден қыршын кеткен батыр қыздың мәңгілік мекені сол күннен бастап Ақбота аталған. Мүмкін құлпытастағы жазуға қарап, ел «Ақбота Сәңкібайқызы» деу орнына оралымды етіп бірден-ақ «Ақбота-Сәңкібай» деп кетті ме екен…

Көнекөз ақсақалдардың айтуына қарағанда, жау ел шетіне жеткенін хабарлау үшін Сәңкібай әулеті осы тарихи мекендегі құмның басына от жағып, түтін салса, оны Сағыздың Нарқызыл аталатын биігінде тұрған кісінің көзі шалып, әрі қарай белгі беруді жалғастырады екен. Сонда айналасы бір бие сауым мезгілде сексен-тоқсан шақырым жердегі Қарауылкелді, одан әрмен Ойыл бойындағы Қарауылтөбе «жау шапты» деген суыт хабар алады екен.

Осындай заманда өмір сүрген Сәңкібайдың өзіне біткен құты — қалың жылқысы өзеннен су ішкенде кейбір тайыз жерлердің суы тартылып, балықтар қайырлап қалатын көрінеді.

Бұрынғы «Алтай» кеңшарының шығысында Жем-Сағыз өзендерінің арасында жалпақ адыр бар. Сол адырдың орта деңгейінде ұзындығы жиырма-жиырма бес шақырымдай айтақыр жер жатыр. Сол арада өткен ғасырларда суы мол, екі шеті сағыммен тілдескен айдын көл болыпты. Бірде осы көлдің құрағына жабылып, шұрқырап жатқан жылқысына көз салып тұрғанда, байдың қасына ақ есек мінген ақсақал ентелей тоқтап, «Әй, Сәңкібай, енді көңілің толды ма? Жаратқанға ризасың ба?» деп тіл қатыпты дейді. Көлде жусап тұрған жылқы судың терең жеріне бармаған шығар, сол тұсты ойыстау көріп, «әне бір жері сәл кетіктеу емес пе?» дегенде, әлгі ақсақал «түу, адам баласының көзі тоймайды екен ғой» депті-мыс, сол Қыдыр екен дейді.

Сәңкібай батыр дүние салған соң балалары оның сүйегін жаз жайлауы — Ойыл өзенінен онша қашық емес, қазіргі Шұбарқұдық бекетінен Алтықарасуға қарай шыққанда он жеті шақырымдай қашықтықтықта жерлеген.

Өзі батыр, өзі бай, өзі би Сәңкібайдың басына сырқат адамдар, бала көтермеген немесе тұрмаған әйелдер әулие деп барып, жалбарынады, тілегін айтып, басына түнейді.

Сәңкібай батыр дүние салғаннан кейін әулие атана бастаған. Ұлы Отан соғысынан кейін, яғни елуінші жылдары батырдың ұрпақтары — ағайынды Құрмашев Қашқын, Әбілбай, Балғазин Оқас үшеуі оның басына құлпытас белгі қойған. 1997 жылы батыр ұрпақтарының бірі Қуанғали Қоңырбаев алыстан көз тартатын зәулім кесене тұрғызды. Сол кезде әруаққа ас беріліп, оған алыс-жақыннан көптеген ұрпақтары қатысты.

Сәңкібай батыр 1687 жылы дүниеге келіп, 1804 жылы өмірден өткен деседі, сонда 117 жас ғұмыр кешкен.

1998 жылы Ақтөбе қаласындағы ең үлкен, ұзындығы 10 шақырым даңғыл Сәңкібай есімімен аталды. Инженер-геолог Совет Байқадамовтың ұйымдастыруымен жасалған батыр бюсті бұдан былай осы даңғылдың көрнекті тұсынан айналаға айбын беріп тұрмақшы.

Сәңкібай батыр ұрпақтары қатарында біз 1906 жылы Ресей Думасының депутаты болған Алпысбай Қалменовты, Ақтөбе педагогикалық училищесінің 1925 жылғы директоры Дәулетияр Имашевты, белгілі инженер-геолог, мұнайшы Нәрен Имашевты, академик Сақтаған Бәйішевті, ғалым-заңгер, оқымысты Мұтағаллем Ермағамбетовті, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын ширек ғасырдай басқарған Әжімағи Смағұловты мақтанышпен атай аламыз.

Халқымыз «Күн ортақ, ай ортақ, жақсы адам ортақ» дейді. Сәңкібайдай ел қорғаған, тура билік айтқан тарихи тұлғаның егемен елдің еңселі ұлдарына берер тағылымы мол. Сол ұзағынан болғай.

 

Үбайдулла ЖАУЛЫБАЕВ,

ҚР құрметті журналисі.

Тұрғанғали ЖОЛБАСҚАН,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Ақтөбе қаласының құрметті азаматы.   

Қыдырды  үш көрген…

 

Сәңкібай өмір сүрген заман, әсіресе, XVIII ғасыр қазақ халқына қисапсыз қасірет әкелген аса ауыр кезең болды. Өйткені ол кезеңде елімізге тек жоңғарлық ойраттар ғана емес, көршілес Еділ қалмақтары, башқұрттар мен түрікмендер де оқтын-оқтын шабуылдар жасап тұрған еді. Кіші жүз қазақтарының басына түскен сол кездегі қиын жағдайды жазушы Әбіш Кекілбаев «Үркер» атты кітабында «Ойраттың шырғалаңы — иісі қазақтың ортақ шырғалаңы болса, торғауыт пен түрікменнің шырғалаңы — кіші жүздің енші шырғалаңы» деп көрсетеді. Осы  шырғалаңдардан жеңіспен шығу үшін үш жүздің әйгілі батырлары өз жасақтарымен Әбілқайыр хан маңына топтасып, жоңғарларға қатты соққы бергені, 1729 жылы Аңырақай мен Балқаш көлінің оңтүстік беткейінде жау қолын талқандағаны бізге тарихтан белгілі.

Осы соғыстың қиян-кескі бір тұсында Сәңкібай батыр жасаған ерлік жайында ел аузында төмендегідей әңгіме бар: Сол кезде Сәңкібай бабамыз 42 жаста екен. Хан айрықша сенім артып, оған соғыс кезінде Хан шатырын қорғауды тапсырыпты. Түн ортасы ауа қалғып кеткен Әбілқайыр хан «Аттан, Аттан! Жау келіп қалды!», — деген үрейлі дауыстан төсегінен атып тұрады. Есік алдына атқосшысы көлденең тартқан атына қарғып мініп «Есет батыр, өз жүздігіңмен жауға қарсы шап! Ал, Сәңкібай, сен жасағыңмен шатырды қауіпсіз жерге көшір!» деп бұйрық береді де, қас қаққанша жиналып, сап түзеген әскеріне қарап, шаба жөнеледі! Айсыз қараңғы түн. Нөсерлеп құйған жауын. «Аттандаған» дауыс. Тұтқиылдан шапқан жау қолының шамасын болжап білер емес. Жан-жақтың бәрі айқай-шу. Кім жау, кім өзіңдікі екенін ажырату қиын. Толассыз құйған нөсерден қалың қамыс арасы ми батпақ. Аузы тұмшаланған, қом салынған түйелер тайғанақтап әзер-әзер адымдайды.

Сәңкібай батыр жасағы қарсы келіп қалған он шақты жауды шаншып тастап, Әбілқайыр ханның «Шатырды қауіпсіз алаңға көшір!» деген тапсырмасын орындауға күш салуда. Қаптаған жаудың ұрандаған даусы құлақ жарады. Қалың қамыс ішінен жол тауып ашық алаңға шығу қиын. Сәңкібай батыр шатырды батпақты жерден алып шығудың лажын келтіре алмай қатты сасады. Сол кезде ол атынан қарғып түседі де, құбылаға қарап қол жайып, «Иә, Алла, иә, бабаларым, жар бола көр! Қырық Шілтен әулие, өзің қолда!» деп атына қайта мініп, жасағымен қалың қамыс ішіне енеді. Сол кезде алдынан бір ақ сақалды шал ғайыптан пайда болып, оған жөн сілтейді. Сәңкібай ақ сақалды шал қай жаққа қол сілтесе, сол жаққа қарай жүреді. Әйтеуір, таң ата қалың қамыстың арасынан айналасын су

қоршаған үлкен алаңқайға шығады. Осы алаңқайға шатырды тұрғызып, оның айналасын жағалай бірге қорғаныс шебін құрады. Бұл жолы да «Аққа құдай жақ» дегендей қазақ қолы жауды тас-талқан етіп жеңеді. Әбілқайыр түнгі ұрыс қорытындысын шығара отырып, Сәңкібайдың хан шатырын қауіпсіз жерге шеберлікпен көшіріп орналастырғанына үлкен ризашылық білдіреді. Оның жасағындағы адамдар да Сәңкібайдың тапқырлығына, қараңғыда қалай жол тапқанына таңданып, қайран қалады. Кешкі кеңесте кешегі жағдайды тағы бір сөз қылған Әбілқайыр «Уа, Сәңкібай, сен өзің айсыз түнде, нөсерлі жаңбырда қалың

қамыс ішінде адаспай жүретін, Қыдыр ата әрқашан жол көрсететін Кіші жүздің аруақты көріпкелі, Қыдыр көрген киелі батыры болдың ғой! Бұдан былай сені «Қыдыр көрген Сәңкібай» деп атаймыз» деген екен. Сол сөз ел арасына лезде тарап кетіпті. Қазақ халқының дүниетанымында Қыдыр сәттілік пен бақ беруші, кез келген пенденің көзіне түсе бермейтін қамқоршы, желеп-жебеуші тұлға түрінде бейнеленеді. Бірақ атам қазақ сирек кездесетін Алла сыйлаған айрықша қасиеті бар адамға болмаса, кез келген кісіге «Қыдыр көрген» деген сөзді айдар ғып таға бермеген. Соған қарағанда, Сәңкібай бабамыз тегін адам болмаса керек-ті.

Ал енді бабамыздың би болғандығы жөнінде ел аузында: «Бір жолы Сәңкібай батыр нөкерлерімен күні бойы жол жүріп келе жатып, екі жақ боп айтысып жатқан бір ауылға ат басын тірейді. Жолаушылар  қарсы жолыққан бір адамнан сұрастырып көрсе, бұл айтыс екі ел арасындағы ұзаққа созылған егеске бітім айтылатын жиын екен де, арнайы тігілген үйде Әжібай би бар екен. Сәңкібай атынан түсіп, биге сәлемдесіп шығайын деп үйге кіреді. Әжібай би есіктен кіріп келе жатқан Сәңкібайды көре сала: «Сәңкібай би, келдің бе, сапарың ақжолтай болғай! Жоғары шық!» деп қолын алып амандасады да, оған оң тізесінен орын ұсынады. Үй толы ақсақалдарға қарап, Әжібай би көтеріңкі үнмен: «Мына келген шекті Назар Сәңкібай деген би. Бүгінгі жер дауының барлық шешіміне, бітіміне түгелдей сол иелік еді, жолымды бердім» дейді. Сөйтіп, Сәңкі баба өзі танымайтын қалың жұрт алдында Кете руының көп жылдан бері шешілмей келе жатқан жер дауын қайта туындамайтын етіп әділ шешіп береді. Оның қара қылды қақ жарған әділ билігіне ел де, Әжібай би де риза болады. Содан былай Әжібай би

үлкен дау-дамайға байланысты шешімдерді Сәңкібай бимен ақыл-кеңес құра

отырып айтатын болыпты деген әңгіме бар.

Ал енді бабамыздың әрі бай, әрі мырза болғандығы жөнінде сөз өрбітсек, Сәңкібай Назарұлы өзі өмір сүрген заманында қазіргі Байғанин, Темір, Мұғалжар аудандары алып жатқан көлемді алқапты иеленген және сол алқаптарда мінсе көлік, жесе тамақ, ішсе сусын болған жылқы малын жүздеп, мыңдап көбейтіп, елін жаудан қорғаған сарбаздарды, ел-жұртын, малшы, жалшы, сол сияқты тағы басқа  мұқтаж адамдарды көлікпен, азықпен қамтамасыз етіп отырған қолы ашық, қайырымды бай болған. Оның мырзалық, жомарттығы туралы «Бірде Назардың бір баласы Құбатайдан туған Қошқарбай батыр ағасына сәлем бере келгенде, Сәңкібай бабамыз оған: «Қарағым, жыл сайын күзде осылай сәлем беріп келіп менен керегіңше жылқы алып тұр, сен алғаннан ағаңның жылқысы азаймас, жақсы

атыңды елден естіп жүрмін» деп бес айғырдың үйірін алдына бір-ақ салып жіберген» дейді жұрт. Бізге жеткен тарихи деректерде қазақ әскерінің бас қолбасшысы болған Әбілқайыр Аңырақай шайқасында қалмақтарды талқандап, елге оралып келе жатқанда Сәңкібай батырға атаулары бүгінге дейін сақталған Күлет, Қарасай, Оңайбай, Шекпенбай, Қарабас, Тілеуімбет, Жанақбай, Тұран, Мыңжасар, Жанбике, Бәшенкөл деген шұрайлы жерлерді басыбайлы бергені және бабамыздың Үстірт, Сам, Матай, Шағылды құмдарын қыстап, көктем шыға, алдымен Жем бойы, содан соң Темір, Ойыл, Елек, Ор бойына дейін жайлап жүріп, хан жасақтарына жыл сайын өз табынынан жүздеген жылқы бөліп отырғаны сөз болады.

Бабамызға қатысты бұқаралық жұмыстарды жүргізу үшін 2010 жылдың басында «Сәңкібай батыр» қоғамдық қоры құрылды. Осы жылы қор құрылтайшыларының Сәңкібай батырға ескерткіш қою туралы  бастамалары қолдау тапты.

 

Совет БАЙҚАДАМОВ,

 Қазақстан Республикасының құрметті геологы,

«Сәңкібай баба» атындағы қоғамдық қордың президенті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button