БАСТЫ МАҚСАТ — ЕЛДІКТІ САҚТАУ

Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен жаңа Конституцияның жобасын талқылауға арналған жиын өтті.
Жиынға облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің, «Aqtòbe» телеарнасының журналистері, баспасөз саласының ардагерлері қатысты.

«Ақтөбе-Медиа» ЖШС-ның баспасөз клубында ұйымдастырылған кездесуге арнайы шақырылғандардың қатарында облыстық мәслихат депутаты Боран Ізбасов, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Талғар Әбілов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров, белгілі заңгер Әбдіхат Мырзалин, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Естай Жайлыбай болды.
Жиынды Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, «Ақтөбе-Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин ашып, жиынның мақсатына тоқталып, шақырылған азаматтарды таныстырды:

— Бүгінде халқымыз өте маңызды тарихи таңдау алдында тұр. Жаңа Конституцияның жобасы баспасөзде жарияланды. Жаңа Конституция бойынша нақты шешім жалпыхалықтың референдумда қабылданатын болады. Конституцияның маңызын, ерекшеліктері мен негізгі бағыттарын жан-жақты талқылау мақсатында осы кездесуді ұйымдастырып отырмыз, — деді ол.
Облыстық мәслихат депутаты Боран Ізбасов конституциялық реформаның неден туындағанына тоқталып, қазіргі Конституцияға түзетулер енгізуге қатысты талқылаулар барысында азаматтардан 2 мыңнан астам ұсыныс түскенін, сондай-ақ алдағы парламенттік реформа, басқа да өзгерістерге қатысты түзетулерді саралай келгенде, бұл Конституцияның барлық бөлімдері мен 77 бабын, жалпы мәтіннің 84 пайызын қамтығанын атап өтті. Осылайша, жаңа Конституцияны әзірлеу мәселесін күн тәртібіне қойылды.
Естай Жайлыбай өз сөзінде Конституция жобасы жарияланғаннан кейін, түрлі пікірлердің белең алғанына назар аударды.

— Әрине, мұндай маңызды құжатқа қатысты еліміздің әр азаматы өз пікірін айтуға хұқылы және әр пікір маңызды. Әйтсе де мықты ойланып сөйлейтін тұстар бар екенін ұмытпаған жөн. Алып-қашпа сөздерге еруге болмайды. Бүгінде біздің тәуелсіздігіміз нығайды, тәуелсіздік қарсаңында біз күрескен, көздеген мақсаттардың қазір іске асқанын көріп отырмыз. Мысалы, Ақтөбе қаласында ол кезде бір-екі қазақ мектебі болса, қазір қалада балалар 80-ге жуық мектепте қазақ тілінде білім алып жүр. 2016 жылы мен облыстық жер комиссиясының құрамында болдым. «Жеріміз шетелдіктерге сатылмасын» деген ұсынысымыз заңға енгізілді. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асты. Біз басты мақсат — осы тәуелсіздікті одан әрі нығайту, елдікті сақтау екенін ойлауымыз керек. Конституцияның жобасында Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы, жеріміздің байырғы қазақ жері екені атап өтілуі өте орынды, — деді.
М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Талғар Әбілов пен Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров өз сөзінде жаңа Конституция жобасындағы ғылымды дамытуға бағытталған өзгерістерге тоқталды. Заңгер Әбдіхат Мырзалин жобаның «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» бөліміндегі өзгерістер жөнінде кеңірек айтты.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



