Басты жаңалықтар

Ұлтты ұйыстырар фактор

Жаңа Конституция жобасы жарияланған күні Мәжілісте «Amanat» партиясы фрак­циясының жиыны өтіп, депутаттар мем­лекеттің алдағы уақытта орнықты дамуы мен қоғамды ұйыстырудағы бұл құжаттың тарихи маңызын әңгіме арқауына айналдырды. Фракция Негізгі заң жобасына толық қолдау білдіріп, оны түсіндіруге, қоғамдық талқылауға белсенді қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

Мәжіліс спикері, партия төр­ағасы Ерлан Қошанов жаңа Конс­титуция мәтіні қоғаммен бірлесіп әзірленгенін әрі бұл құжат Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру жолындағы ауқымды реформалар бағытының заңды жалғасы екенін атап өтті.

«Жаңа Конституция халықпен ашық диалог жүргізу барысында қалыптасып, жұртшылықтың шынайы мүддесін айшықтайды. Сондықтан Ата заңның жобасын «Халық Конституциясы» деп атауға толық негіз бар. Ол – еліміздің орнықты дамуының берік негізі болары анық. Ұлтымызды ұйыстыратын факторға айналуы керек. Жаңа жобаның әр бабын, әр нормасын халыққа кеңінен түсіндіруіміз керек. «Amanat» партиясы осы жұмыстың бел ортасында болуға тиіс. Бұл біздің – маңызды міндетіміз, тарихи миссиямыз», деді Е.Қошанов.

Партия төрағасы Конституция жоба­сына билік пен қоғамның ашық талқылауларының нәти­же­ле­рі енгенін, құжатта отандас­тары­мыздың арман-тілектері мен ұмты­лыстары көрініс тапқанын атап өтті. Осыған байланысты, жаңа жоба­ның кіріспесінде кейінгі жылдары әрбір тұрғынға жақын бола түскен құндылықтар – Заң мен тәртіп, Адал азамат, Таза Қазақстан көрініс тапты. Бұл құндылықтар Конституцияның барлық нормасын бойлай өтіп, мемлекеттің ал­дағы дамуына негіз болатын қуатты мораль­дық-құқықтық қалы­бын қалыптас­тырады.

Е.Қошанов мемлекеттің болашақ заң шығарушы органы – Құрылтайға арнайы тоқталды. Конституция жобасына сәйкес, жаңа бір палаталы Парламент ай­тар­лықтай күшейтіл­ген өкілет­­тіктерге ие болып, билік тармақ­тары арасындағы тежемелік тепе-теңдік жүйесін түбегейлі жаң­ғыртады. Жаңартылған Құрылтай Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын түпкілікті бекітеді.

Сондай-ақ Мәжіліс спикері Мемлекет басшысының Халық кеңесін құру жөніндегі бастамасы дер кезінде қабыл­данған аса маңызды шешім екенін атап өтті. Жиында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жаңа Конституция жобасы алғаш рет адамға бағдар­ланған мемлекет моделіне көшуді заң жүзінде бекітетінін, қоғамды жаңа деңгейде біріктіруге бағытталған «Біртұтас Қазақстан халқы» ұғымын енгізетінін атап өтті.

Мемлекетті жаңғырту негізі­не алғаш рет адами капиталды дамыту қадамы алынып отыр. Яғни мемлекеттің барлық ресурсы аза­­маттардың әлеуетін ашу мен қол­дауға бағытталады. Президенттің барлық шешімінде көрініс тауып келе жатқан осы озық идея енді ең жоғары консти­туциялық деңгейде бекітіледі.

Әділет министрі Ерлан Сәр­сембаев жаңа Конституция жобасы алғаш рет адамға бағдар­ланған мемлекет моделіне көшуді заң жүзінде бекітетінін, қоғамды жаңа деңгейде біріктіруге бағытталған «Біртұтас Қазақстан халқы» ұғымын енгізетінін атап өтті. Сонымен қатар Негізгі заң жобасында дербес деректерді қорғауға ерекше назар аударылып, процессуалдық мәжбүрлеу шараларын қолдану кезінде адам құқы­ғын қорғаудың нақты нормалары айқындалды.

Депутаттар жаңа Конститу­ция жобасындағы озық новеллалар жө­нінде өз көзқарастарын білдірді. Бақытжан Базарбек пропорционалды сайлау жүйесін енгізудің маңызын атап өтіп, ол саясаткерлердің сайлаушылар алдындағы жауапкер­ші­лігін арттыратынын айтты. Қайрат Балабиев «Заң мен тәртіп» қағи­даты жазалаудан емес, отбасындағы тәрбиеден және зорлық-зомбылық пен құ­қықбұзушылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастырудан бас­талатынын жеткізді. Снежанна Има­шева жаңа Конституция жобасы адам және оның құқығы мемлекет басымдығы ретінде алғаш рет Негізгі заң деңгейінде бекітеті­нін атап өтті. Юлия Кучинская жаңа Конституция ұрандарға емес, атсалысуға, жауап­кер­шілікке және нақты ықпал ету тетіктеріне негізделген кемел азамат­тық патриотизм моделін қалып­тастыратынын айтты.

Нұртай Сабильянов бір палаталы Парламент ең алдымен жедел ше­шім қабылдау мүмкіндігін, ашық жауап­кершілік пен қоғамның билікке деген сенімін арттыратынын атап өтті. Нартай Сәрсенғалиев ғылым, білім мен инновацияның Конституцияда бекітілуі адами капиталды мемлекеттің басты байлығы ретінде нақты мойындау екенін айтты. Никита Шаталов Парламенттің келісімімен тағайын­далатын Вице-президент институты билік жүйесінің тұрақ­тылығы мен болжамдылығын қамта­масыз ететін жаңа архитектураны қа­лып­тастыратынын атап өтті. Фрак­ция­ның барша депутаты ал­дағы ауқымды конституциялық өзгерістердің маңызын атап өтіп, жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button