Жаңалықтар

Шетелдік азаматтың құқықтары қорғалды

Мемлекеттік қызмет

Азаматтардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау — Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық департаменттері қызметінің басым бағыттарының бірі.

Әсіресе мемлекеттік қызметтер алу кезінде олардың сапалы әрі уақтылы көрсетілуіне, қызмет алушылардың бұзылған құқығын қалпына келтіруге айрықша мән беріледі.

Шетелдік азамат Н. Ақтөбе облысы аумағында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 бұйрығымен бекітілген «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсат беру» мемлекеттік қызметіне «EGov Mobile» мобильдік қосымшасы арқылы өтініш жолдаған. Қызметті рәсімдеу барысында қызметті көрсетуші орган — Ақтөбе облысы полиция департаментінің көші-қон басқармасы тарапынан қағидалардың талаптары бұзылып, көрсетілетін қызмет мерзімін кешіктіру фактісі орын алған.

Шетелдік азамат Н. орын алған бұзушылыққа байланысты ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне Telegram әлеуметтік желісіндегі «EgovKzBot» арқылы шағым түсірген.

Шағымды қарау шеңберінде департамент көші-қон қызметі басқармасына тиісті сұрау жолдап, нәтижесінде техникалық ақау салдарынан азаматтың өтініші ақпараттық жүйеде тіркелмегені анықталды.

Мәселені шешу мақсатында департамент мамандары шетелдік азамат Н.-мен жеке байланысып, жағдайдың мән-жайын түсіндіріп, өтінішті қайта жолдауды ұсынды. Қайта берілген өтініштің уақтылы және кедергісіз орындалуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қызметтің барлық бизнес-процесі департамент тарапынан толық бақылауға алынды.

Жүргізілген шаралардың нәтижесінде шетелдік азамат Н. «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсат беру» бойынша мемлекеттік қызметтің оң нәтижесін бекітілген мерзімде алып, құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, егер сіз негізсіз бас тарту, артық құжаттарды талап ету, мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдерінің бұзылуы немесе жауап беру мерзімдерінің сақталмауы сияқты жағдайларға тап болсаңыз, Ақтөбе қаласы, Әбілқайыр хан даңғылы, 40 мекенжайы бойынша орналасқан департаментке немесе 55-09-69, 54-54-58 байланыс нөмірлері және онлайн-форматта Telegram әлеуметтік желісіндегі «EgovKzBot» арқылы жүгінуіңізге болатынын хабарлаймыз.

Ердәулет АЙТМАҒАМБЕТ,

ҚРМемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button