Жақсы істердің жанашыры

Еліміздің егемендігі жарияланғаннан кейінгі кезеңде бастау алған Қазақстан-Қытай экономикалық ынтымақтастығының алғашқы қарлығаштарының бірі — «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы Ақтөбе облысында сәтті іс-қимылдарымен тұрғылықты халықтың сеніміне ие болды. Қазіргі күнде акционерлік қоғамға қарасты он кәсіпорын мен басқармада алты жарым мыңға жуық адам еңбек етеді, оның тоқсан бес пайыздан астамы — тұрғылықты халық өкілдері. Жыл өткен сайын өндірістік-техникалық әлуеті нығайып келе жатқан құрылымдар басшылығында, инженерлік-техникалық қызметкерлер құрамында жауапкершілік арқалаған қаракөз бауырларымыздың үлес салмағы арту үстінде. Соның бірі — Ардақ Өтегенов.
Теміржол саласында абыройлы жұмыс істеп, зейнет демалысына шыққан әке-шешесі Садақбай мен Бақыттың тәлімін ойға түйген кейіпкеріміздің өмір жолы сүйсінерлік.
Ардақ Садақбайұлы 1979 жылдың 12 қазанында Шалқар ауданына қарасты Қотыртас стансасында, ата-әжесінің шаңырағында дүниеге келген. Төрт ағайындының ортаншысы. Үлкен ағасы Жансерік, әпкесі Гүлім — дәрігер, кенже қарындасы Гауһар — мұнай саласының маманы. Ата-анасы қалада тұрса да, ауылға жиі барып-келіп жүрген шақтардың бірінде Ардақ дәл сол киелі ауылда дүниеге келеді. Балалық шағы Ақтөбеде өтіп, №32 мектеп-гимназиясында білім алған. 1996 жылы орта мектепті аяқтап, үлкен өмірге қадам басқан Ардақ үшін ауылдың орны тым бөлек. Жаз шықса ата-әжесінің бауырында, кең даланың қойнауында өткізген демалыстары оның жан дүниесіне ерекше жылулық сыйлайтын. Әсіресе қой кезекке шығу — қала баласы үшін үлкен сынақ әрі қызық.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде құқық және экономика негіздері бойынша оқыған студент өз бетінше ағылшын тілін меңгеруге ден қояды. Күнделікті лекциясынан қалмай қосымша үйірмеде дәріс алу нәтижесінде бұл мақсатына жетті. Жоғары білімін айғақтайтын диплом қолға тиген соң еш ойланбастан, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты Жаңажол газ өңдеу зауытында жөндеу-механикалық бөлімнің слесары болып, жұмысқа қабылданады.
Бәрі дұрыс сияқты, сөйтсе де талабы зор жігітті қытай тілін меңгерсем деген ой мазалай берді. Бұл межеге жетудің басты шарты ретінде ағылшынша сөйлеп, жазуға машықтанғаны мұндай жақсы болар ма?! Акционерлік қоғам басшылығы салалық он басқарманың әрқайсысынан бір адамды базалық негізде төрт айлық қытай тілін үйрету курсына қабылдау туралы хабарландыру жариялайды. Өзінің міндетін уақытында сапалы орындап, жақсы тәртібімен көзге түсіп жүрген қатардағы слесарь Ардақ Өтегенов төрт сынақ бойынша сынақтарға еш қатесіз жауап беріп, газ өңдеу зауыты атынан әлгі курсқа қабылданады.
«Ізденген жетер мұратқа» деген нақылдың ақиқаттығын біздің кейіпкеріміз тағы да дәлелдеді. Адал қызметі үшін басшылықтың шешімімен Қытай Халық Республикасындағы Пекин мұнай университетіне іссапарға жіберіледі. Алғыр жігіт аспанасты елінде алты ай бойына күніне төрт сабаққа толық қатысу, лекция тыңдау қажеттігін ұғынды. Қытай тілінің грамматикасы талаптарына сәйкес бір мезгілде иероглифті оқуды үйренді, есту қабілетін шыңдады, содан кейін сөйлеу лексиконын дамыта түсті.
Журналистік машығыммен екеуара оңаша әңгімелесіп отырмыз.
—Аға, Алланың бергені емес пе, болашақ жарым Лауланы да сол Пекинде кезіктірдім, — дейді ол.
Елең ете қалдым. «Апырай, бөтен ұлттан-ау» деген ой сананы шарпып өтті.
Жағдай былай өрбіген. Еліміздің басшысының Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында Хаттамаға Пекин қаласындағы жоғары оқу орындарында оқитын қазақ студенттерімен кездесу енгізіліпті. Шараның талаптарына сәйкес сегіз университеттің әрқайсысынан бес студент іріктелген. Тізімге мұнай университетінен өкілдер санатында Ардақ Садақбайұлы ілігеді. Лаула болса, өзге жоғары оқу орнынан, түп төркініТалдықорғанның Текелісінен, әке-шешесі қазіргі күнде Алматыда тұрады екен.
—Сол тарихи сәтте алғаш жүздесуіміз ары қарай ортақ тіл табысу арқылы сәтімен жалғасты. Шаңырақ көтердік. Бес баламыз бар, алды — Ұлыбританияда, Манчестер университетінің студенті. Әке-шешемізді қолымызда бағып отырмыз, — деді Ардақ. — Балаларының ұйғарымымен олар Мекке-Мәдинаға сапар шегіп, қажылық парызын өтеді.
Ардақ Өтегенов үшін отбасы — өмірдің ең маңызды құндылығы. Ол өмірлік серігі Лаула екеуі бүгінде бес перзент өсіріп отыр. Имран, Осман, Хасан есімді ұлдары және Джанан мен Амаль есімді қыздары бар. Тұңғышы — студент, қалғандары мектеп пен балабақшада тәрбиеленуде.
Негізінде,Өтегеновтер отбасы салауатты өмір салтын ұстанады. Ардақтың өзі —бокстан спорт шеберлігіне үміткер. Балалары да спорттың әр түрімен: дзюдо, волейбол, футбол, шахмат ойнаумен айналысады. Әке мен анадан алған тәрбие, ата-әженің мейірімі — олардың басты байлығы. Отбасының ұстанымы — адалдық, имандылық, әділдік және жауапкершілік.
Пекинде жоғары оқу орнында үздік үлгеріммен көзге түскен Ардақ Өтегенов Ақтөбеде акционерлік қоғамға шақырылып, оған әкімшілік аппаратында тіл саясаты және іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу қызметінің аудармашысы міндеті ұсынылады. Әрине, қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерін жетік меңгерген, шаруаны тиянақты орындауға бейімделген жас маман мұнан кейін де лауазымды қызметтерде көрінді: әкімшілік департаментінің шаруашылық бөлімін басқарды, осы департамент директорының орынбасары болды, 2023 жылдан күні бүгінге дейін қоғамдық тамақтандыру және сауда басқармасының басшысы.
Ол жетекшілік ететін басқарма Ақтөбе қаласында, Кеңкияқ кентінде, Жаңажол және Ащысай вахталық поселкелерінде жатақханалар мен асханалардың, сауда мекемелерінің қалыпты жұмыс ырғағын қамтамасыз етуге тиісті. Ауа райының қандай жағдайында да тәулік бойына үзіліссіз жұмыс істейтін мұнай-газ кәсіпорнында еңбек адамдары тазалықты, мәдениеттілікті, ғимарат жылылығын, ас мәзірінің шұрайлы болуын талап етері сөзсіз.
Ардақ Өтегенов болса, қарауындағы үлкен-кішіге міндеттерді ұғындырып, ұдайы жауапкершілік сұраудан жалыққан емес. Бұдан өзге әлеуметтік, мәдени-спорт шараларын назардан тыс қалдырмай уақытында ұйымдастыруға көңіл бөліп келеді. Кейіпкеріміздің бокс спортымен шұғылданып, Ақтөбе облысында өткізілген аймақтық біріншіліктерде төрт мәрте чемпион атанғанын, спорт шеберлігіне кандидат екенін айтсақ, артық болмас.
Қашан көрсең де ашық-жарқын, кішіпейіл қалпынан ауытқымаған ол Ақтөбе облыстық мәслихатының VIII шақырылымында, қалалық мәслихаттың VI және VII шақырылымдарында депутат болып сайланды. Акционерлік қоғам басшылығы тарапынан берілген «Өндіріс үздігі» құрметті атағына және үш мәрте «Өндіріс озаты» төсбелгілеріне ие болуы көп жайдан хабардар етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталып, әріптестерін, отбасын қатты қуантты.
«Ұлы дала данышпаны» атанған Мөңке би Тілеуұлының тікелей ұрпағы Ардақ Садақбайұлының салауатты өмір салтын ұстанып, имандылық шараларының алғы легінен көрінгеніне сүйсінетініміз рас. Оның бастамасымен облыс орталығында Тәуке хан көшесінде балалардың спорт алаңы жасақталды, қала іргесіндегі Қурайлы ауылында жаяу жүргіншілер үшін көпір салынды. Қазан айында халықаралық деңгейде өткізілген Мөңке бидің 350 жылдығы қарсаңында ортақ қорға жеке қаржысынан қомақты үлес қосқандардың бірі де осы азамат. Одан басқа «СНПС-Ақтөбемұнайгаздағы» өзімен мүдделес азаматтар атынан баба тойына бес миллион теңге жиналуына да ұйытқы болғаны және бар.
Бүгінде ол құрылыс саласындағы өркенді өзгерістерге назар аударып, осы сала бойынша байыпты бизнес жүргізіп келеді. Ол үшін дүниежүзінің түрлі елдеріне сапарға шығып, өзге мемлекеттердегі инфрақұрылымдық шешімдер мен сәулет өнерінің соны жаңалықтарын тереңдеп зерттеп, Қазақстанда да сондай тартымды жобаларды жүзеге асыруды мақсат етеді.
Шетелдегі зәулім сарайлар, сапалы құрылыс, балаларға арналған демалыс орындары — бәрі де оған жаңа идея береді. Біздің адамдарымыз да еңбек етумен бірге, жақсы демалса деп ойлайды.
Ардақ Садақбайұлы үшін бизнес — тек табыс табу құралы емес, қоғамға жаңа мәдениет, жаңа стандарттар қалыптастыру мүмкіндігі.
Жалпы Өтегеновтер әулеті жыл сайын шетелге сапар шегуді дәстүрге айналдырған. Ел көру, жер тану әдетте адамның көңіл көкжиегін кеңейтеді емес пе?!
Ардақтың өзі елуден астам мемлекетті аралаған. Мұндай сапарлар оның өмірінде демалыс қана емес, тәжірибе алмасудың, жаңа идея тудырудың көзіне айналған.
Әсіресе АҚШ, Еуропа және Қытай сапарлары оған ерекше әсер қалдырған. Соңғы жылдары Қытайдың қарқынды дамуы, технологиялық жетістіктері, үздіксіз жұмыс істейтін зауыттары — оның кәсіби қызығушылығын арттырып, жаңа шабыт берген.
2019 жылы Мекке мен Мәдинаға барған қажылық сапары кейіпкеріміздің рухани өміріне үлкен өзгеріс әкелді. Қасиетті мекенге аяқ басу оның жүрегіне тыныштық және имандылықтың мәнін тереңірек ұғындыра түсті.
Ардақ Өтегенов Ақтөбедегі іргелі қайырымдылық жұмыстарымен де танымал. Ол үшін қайырымдылық — міндет емес, жүректің қалауы. Әрбір игі істің артында ата-бабадан қалған «Жетім көрсең, жебей жүр» деген өсиет бар. «Нұр Ғасыр» мешітімен, «Ыбырай» қайырымдылық қорымен және басқа да ұйымдармен тығыз байланыста жүріп, ол жетім-жесірлерге қолдау көрсетуді басты парыз санайды.
Жетім балаларды жоғары және арнаулы орта оқу орындарында жұмысшы мамандығын алуға бейімдеп, грант бөлгізгені — мақтауға тұрарлық жай. «НұрҒасыр» мешітінде мінәжат етушілерге азық-түлік пакетін таратуды ұйымдастыруы да үйреншікті көрініске айналды.
Кешегі пандемияның қиын кезеңінде Ардақ Өтегенов елде болып жатқан қиындықтарға бейжай қарамай, инфекциялық ауруханаға оттегі концентраторын сыйға тартты. Оның бұл әрекеті сол уақытта мыңдаған адамның өмірі үшін маңызды болған көмектің бірі еді.
Ол— әркез туған жеріне жанашырлықпен қарап, ел игілігі үшін жақсылық жасауды өмірлік ұстанымына айналдырған азамат. Қайда жүрсе де, өзінің қоғам алдындағы жауапкершілігін ұмытпай, ата-бабадан қалған ізгілік жолын жалғастырып келеді.
Жақында Қотыртас мектебіне 140 дана кітап сыйлады. Кітаптардың барлығы — шетел авторларының қазақ тіліне тұңғыш рет аударылған шығармалары. Мектеп директоры Сағыныш Қаржаубайұлы, ұстаздар мен оқушылар бұл сыйлықты зор қуанышпен қабыл алды. Ардақ Өтегеновтің айтуынша, кітап оқудан артық қазына жоқ, ол тіл байлығын дамытады, ойды тереңдетеді, баланың шығармашылық қабілетін оятады, тұлғалық қалыптасуына үлкен әсер етеді.
Бұл мектеппен Ардақ Өтегеновтің байланысы да ерекше. Оның әкесі дәл осы білім ордасының 1966 жылғы алғашқы түлектерінің бірі болған. Сондықтан туған ауылына осындай рухани сыйлық жасауы — әкеге, туған топыраққа деген құрметінің белгісі.
Ақтөбе өңіріне белгілі кәсіпкер, меценат Ардақ Өтегенов — бүгінде ел таныған азамат. Елдік шаруалардың басы-қасында жүретін, көптің қамқоры, жақсылықтың жанашыры болып жүрген оның алдағы уақытта да жұртына қажетті іргелі істерді жүзеге асыра беретіні анық.
Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.



