Кітап — рухани мұра

Кітапхана
Кітап — адамзаттың рухани байлығы, білім мен мәдениеттің бастауы. Бүгінгі ақпараттық заманда да кітаптың қадірі мен құндылығы жойылған жоқ. Оның ұлттың ой-санасын қалыптастыруда, жас ұрпақты тәрбиелеуде орны ерекше. Сондықтан кітапхананың қоры неғұрлым бай, мазмұнды болса, оқырманның білімге деген құштарлығы соншалықты артады.
Осыған орай кітапхана қорын толықтыруға үлес қосып, құнды кітаптар сыйлаған азаматтарға шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Сыйға тартқан әрбір кітап — жаңа бір оқырманның жүрегіне жол табатын жарық дүние, білімнің шамшырағы.
Кітап сыйлау көпшілік ойлағандай қарапайым әрекет емес. Бұл — қоғамның мәдени деңгейін көтеруге арналған үлкен қолдау, ортақ жауапкершіліктің белгісі.
Кітап — өткен мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғайтын алтын көпір.
Біздің Қаратоғай жалпы білім беретін орта мектебіндегі кітапхана шын мәнінде оқушылардың рухани дамуына, жетілуіне жол ашатын орталыққа айналуда. Балалар жас ерекшеліктеріне орай түрлі жанрдағы кітаптарды оқиды. Әр жастағы шәкірттердің өз қызығушылығы бар. Біз соларды ескеріп, оқырмандарымызға ақыл-кеңесімізді айтамыз, бағыт-бағдар ұсынамыз.
Жақында әдебиетке жанашыр, парасатты азамат Бекет Құдайбергеновтің ұйымдастыруымен «Отбасы хрестоматиясы» баспасынан шыққан кітаптар біздің мектеп кітапханасының қорын толықтыра түсті.
Бұл іске демеушілік жасап, қолдау көрсеткен Рахметулла Тәжіғұл мен ауыл азаматы Тілеуберген Елеукеновтің де игілікті шаруаның жүзеге асуында үлесі мол.
Мектептегі жаңа кітаптарды таныстыру кеші рухани құндылықтарды бағалау сипатында тағылымдық мәнге ие болды.
Бұл игі бастама жастардың кітапқа қызығушылығын оятып, руханиятты жаңғырту жолындағы жаңа қадамға айналды.
Гаухар ҚУАНДЫҚОВА,
Қаратоғай орта мектебінің кітапханашысы.
Шалқар ауданы.



