Көше жарнамалары қадағалауды қажет етеді

Ақтөбе қаласындағы «Анаға тағзым» ғимаратында облыстық тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен және «Кеңес» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен облыстық «Көркем тіл — көрікті жарнама» акциясы қорытындыланды.
Іс-шараға жеке кәсіпкерлер, шағын бизнес өкілдері, мониторингтік топ мүшелері, қоғамдық ұйым өкілдері, мәслихат депутаттары, лингвист мамандар мен еріктілер қатысты.
Аталған акция наурыз-желтоқсан айлары аралығында мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында ұйымдастырылды. Акция барысында кәсіпкерлік нысандардағы көрнекі ақпарат мәтіндеріне, жарнама деректемелеріне және тұтынушыларға арналған бұрыштардың мемлекеттік және орыс тілдерінде заң талаптарына сай орналастырылуына кешенді мониторинг жүргізілді. Бұл ретте «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының 21-бабының орындалуына ерекше назар аударылды.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар және талдау бөлімінің басшысы Бақтыгүл Әбиеваның айтуынша, акция аясында барлығы 5997 кәсіпкерлік нысанының жарнама деректемелері сарапталып, оның 3100-інен түрлі қателік анықталған. Қазіргі таңда анықталған қателіктердің 2100-і түзетіліп, заңнама талаптарына сәйкестендірілген. Қалған нысандардың иелерімен жұмыс жалғасып жатыр.
— Қателіктер көбіне деректеме мәтіндерінің тек орыс тілінде орналастырылуынан немесе атаулардың дұрыс рәсімделмеуінен туындайды. Сол себепті алдағы уақытта заңнамаға өзгерістер енгізіліп, маңдайша жазуларын мемлекеттік тілде орналастыру үшін арнайы келісім алу талап етіледі. Бұл келісім тілдерді дамыту басқармасы немесе қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі арқылы жүзеге асады, — деді Бақтыгүл Әбиева.
Кәсіпкерлік нысандарға ескерту «Е-РАП» жүйесі арқылы беріледі. Ал ескерту бір жыл ішінде қайталанған жағдайда заңға сәйкес айыппұл салу қарастырылған.
Акция аясында белсенділік танытып, анықталған қателіктерді жедел түзеткен кәсіпкерлерге ынталандыру сыйлықтары табысталды.
— Кәсіпкерлер үшін ең бастысы — қосымша шығынға ұрынбау. Сондықтан біз жарнама агенттіктерімен бірлесе жұмыс жүргіземіз. Түрлі жарнамалық мәтіндерді тегін тексеріп, қажет болған жағдайда сапалы аударма жасап береміз. Кез келген жарнама агенттігі немесе кәсіпкер өз мәтінін біздің жедел желіге жолдай алады. Барлық кеңес ақысыз көрсетіледі, — деді бөлім басшысы.
Акция қорытындысы бойынша облыс көлемінде тіл тазалығын сақтауға бағытталған ұсыныстар жинақталып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге ықпал ететін бастамалар әзірленді. Ұйымдастырушылар мұндай жұмыстар өңірде жалғасын табатынын атап өтті.
А.АЛТЫБАЕВА.



