БілімБасты жаңалықтар

Ұлттық жоба: Ақтөбеде 18 мектеп салынады

«Орта білімнің сапасы — табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.

Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.

Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек». 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы жолдарынан.

Биыл өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 4 мектептің құрылысы басталады. Төртеуі де облыс орталығында еңсе көтереді. Олардың арасында 2000 орынға арналған зәулім мектеп те бар. Бұл ірі жоба Батыс-3 шағын ауданында бой тіктейді. Сондай-ақ Қызылжар-3 пен Сарбас (Кірпішті) елдімекендерінің әрқайсысында 600 орынға арналған ғимараттар салынады. Оңтүстік-батысауылында да (300 орын) заман талабына сай жабықталатын нысанның құрылысы жүргізіледі. Қазір мердігерлерді анықтау үшін конкурс жарияланды.

Жалпы,2023-2025 жылдарда облыс аумағында ұлттық жоба аясында 14900 орынға арналған 18 жайлы мектеп салу жоспарланып отыр. Соның арқасында 10 мектептің орын тапшылығы, 5 мектептің үш ауысымдық мәселесі шешіледі. Сондай-ақ апатты жағдайдағы 3 мектептің орнына жаңа нысан салынады.

Біз ұлттық жоба аясында жүргізілетін жобаларға жауапты мекемелердің қызметкерлерін сөзге тартқан едік…

Бірегей жоба және басты айырмашылық

Елімізде әлеуметтік салаға айрықша қолдау көрсетіліп жатыр. Әсіресе білім беру саласына басымдық берілуде. Бұған дәлел —заман талабына сай салынып жатқан мектеп, балабақша құрылыстары. Жыл сайын Ақтөбенің өзінде білім беру мекемелеріне тиесілі үлкен нысандардың құрылыстары жүргізіледі.

Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаевтың тапсырмасымен елімізде тағы бір ауқымды жоба қолға алынды. Ел Үкіметінің 2022 жылы 30 қарашадағы №963 Қауылысы негізінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бекітілді.

Жобаның негізгі мақсаты—мектептердегі орын тапшылығын болдырмау, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен шешу.

Жайлы мектептердің басқа ғимараттардан басты айырмашылығы— бірыңғай стандарттар бойынша жобаланады. Яғни пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар— бәрібір ыңғай стандарттар негізінде жабдықталатын болады. Сондай-ақ оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Осылайша оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады. Сонымен қатар балаларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар мен «ауызсу фонтандары» қойылады. Әр қабатта оқушыларға арналған тынығу алаңдары болады. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін де қолайлы жағдай қарастырылады. Айта кету керек,бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылады. Әр блоктың өз асханасы мен спортзалы болады, — дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев.

Оның айтуынша, бұл жобаны іске асыруға 5 фактор ықпал етіп отыр. Олар: урбанизация, халықтың көші-қоны, бала санының көбеюі, мектеп ғимараттарының тозуы, мегаполистерде халықтың тығыз орналасуы.

Жалпы,2023-2025 жылдарда Ақтөбе облысы аумағында ұлттық жоба аясында14900 орынға арналған18 жайлы мектеп салу жоспарланып отыр. Оның 13-і  Ақтөбе қаласында бой көтермек. Сондай-ақ облыстағы 4 ауданда — Мұғалжар (1), Темір (2), Шалқар (1),Мәртөкте (1) жайлы мектептер салынатын болады.

Былтыр облыс аумағында 14 жобаның құрылысы басталған болатын. Биыл жылдың соңына дейін бұл нысандардың барлығын ел игілігі үшін пайдалануға беру жоспарланып отыр.Сондай-ақ биыл ұлттық жоба аясында салынуға тиіс қалған 4 жобаның құрылысы басталады.Жоспар бойынша бұл ірі жобалар келесі жылы аяқталады, — дейді Ержан Мұздыбаев.

Мектептер мәселесі шешіледі

2023-2025 жылдарда облыс бойынша үш ауысымды, апатты және орын тапшы мектептердің мәселелерін шешу мақсатында 44 мектеп салу жоспарланып отыр. Сыйымдылығы — 24 000 орын.Бұл 44 мектептің 5-еуінің құрылысы— апатты, 9-ы —  үш ауысымды, 21-і— орын тапшылығы, 9-ы ескі мектептің мәселесін шешу үшін жүргізіледі.

Былтыр жыл аяғына дейін 5 мектеп ел игілігі үшін пайдалануға берілген болатын. Биыл облыс бойынша 20260 орынға 38 мектептің құрылысын салу жоспарланып отыр. Оның 18-і «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан құрылыстар болса, 2-еуі білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, 17-сі жергілікті бюджет және 1-еуі жеке инвестор есебінен салынуда, — дейді облыстық білім басқармасы инфрақұрылым және материалдық-техникалық даму бөлімінің басшысы Ләззат Ордабаева.

Айта кету керек «Жайлы мектеп»ұлттық жобасы аясында салынатын мектептер орын тапшылығы бар— 10, үш ауысымды — 5, апатты жағдайдағы 3  мектептің мәселесін шешеді. Бірегей жоба аясында салынатын жобалардың жалпы құны 90,7 миллиард  теңгеге бағаланып отыр.

Былтыр 11 400 орынға арналған 14 мектептің құрылысы басталды. Мысалы, қазір Ақтөбе қаласындағы Есет батыр тұрғын алабындағы 7-шағын ауданда 2000 орынға арналған мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеме — «Bazis construction» серіктестігі. Бұл жоба іске қосылғанда №60 мектептің үш ауысымдық мәселесі шешіледі. (Аталған мектептің жанынан 600 орынға арналған қосымша құрылыс та жүргізіліп жатыр). Сондай-ақ Есет батыр-3 тұрғын алабында да сыйымдылығы 2000 орынға арналған зәулім мектептің құрылысы (жауапты мекеме — «Bi I Global» серіктестігі) қарқынды жүргізілуде. Соның арқасында №78 мектептегі үш ауысымдық мәселесі шешіледі. «Bi I Global» серіктестігі Батыс-2 тұрғын алабындағы 7-шағын ауданында да 2000 орындың мектептің құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл жоба жүзеге асқанда аталған шағын аудандағы қос білім шаңырағы — №63, №64 мектептердің үш ауысымдық мәселесі толықтай шешіледі. Аталған шағын ауданда 900 орынға арналған мектеп те салынып жатыр (Мердігер мекеме — «Antarium group» ЖШС). Бұл жоба да №63 пен №64 мектептердегі орын тығыздығы мәселесін шешпек. 

Жаңақоныс-2 және Бауырластар-3 тұрғын алаптарының әрқайсысында  600 орынға арналған мектеп құрылыстары жүргізілуде. Бұл жобалардың арқасында аталған елді мекендердегі №69 және №66 мектептердің орын тапшылығы мәселесі шешілетін болады.

Енді 300 орындық мектептерге келсек.«Саяжай-1» (Заречный) тұрғын алабындағы мектеп құрылысы №50 мектептің орын тапшылығы мәселесін шешеді. Мердігер — «Бабэк Құрылыс» серіктестігі. Бұл мекеме Ақжар-2 тұрғын алабында да жаңа мектеп салып жатыр. Соның арқасында №45 және №49 мектептердің орын тапшылығы мәселесі шешілмек. Ұлттық жоба аясында Сазды тұрғын алабында да құрылыс қарқынды жүргізілуде. Нәтижесінде мұндағы ескі мектеп жаңарады (Мердігер мекеме — «КазПромСтройГрупп» ЖШС), — дейді Ләззат Ордабаева.

Оның айтуынша, ұлттық жоба аясында өңірдегі 4 ауданда мектеп құрылыстары жүргізілуде. Оның екеуі Темір ауданында бой көтермек. Мұнда әрқайсысы 600 орындық ғимараттар салынады. Жансен Кереев атындағы мектеп апатты жағдайда тұр. Сондай-ақ Кеңқияқ орта мектебінде орын  тапшы. Жаңа құрылыстар осы екі мектептің мәселесін түбегейлі шешеді.

Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласында 600 орынға арналған мектеп салынып жатыр. Сондай-ақ ұлттық жоба аясында Мәртөк ауданы Сарыжар ауылында және Шалқар ауданы Бозой ауылында әрқайсысы 300 орынға арналған мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. Мәртөктегі құрылыс орын тапшылығы, ал Шалқардағы нысан апатты жағдайдағы мектептің мәселесін шешеді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button