Басты жаңалықтарПікір

ЕЛ ЕҢСЕСІ ТҮСПЕСІН

Қазірде Ақтөбе қаласы мен облысындағы Ойыл, Қобда, Мұғалжар, Темір, Әйтеке би және Ырғыз аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны салдарынан бірқатар тұрғын үйлер, ғимараттар пен құрылыстар, 230-дан астам аула мен 700-ге тарта саяжай үйлері зақымданған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты халыққа үндеу жариялады.
«Тасқын судан зардап шеккен бірде-бір адамды мемлекет ескерусіз қалдырмайды», — деген Президенттің сөзі көпшілікке медет, көңілдерге үміт сыйлады. Сонымен қатар, үндеуде қаржылық және материалдық шығындар толық өтелетіні де айтылды. Мемлекет басшысы Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырды.
Тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың материалдық залалдарын есептеу үшін облыстың әр ауданында жеке комиссиялар құрылып, жұмыс жасауда. Олардың құрамында аудандық ардагерлер кеңесі төрағалары мен кеңес мүшелері де көпшілікпен кездесіп, халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөлуде. Облыстық ардагердер кеңесі мүшелері де бір кісідей жұмылып, қолдан келгенше көмектерін беруде.
Мәселен, Қарғалы ауданы, «Степное» серіктестігінің директоры, республика Ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің мүшесі Аманқос Төлеуов су тасқынынан зардап шеккендерге көмек, ауыл тұрғындарына қолдау ретінде барлығы 100 тонна бидай, 100 тонна арпа, 50 тонна судан шөбін, 200 қой мен 50 қашар беруде.
Апат айтып келмейді, осындай табиғи апат салдарынан зардап шеккен тұрғындарымызды сабырлылыққа шақырамыз. Бас аман болсын. Қиын кездері елмен бірге болып, қолынан келгенше бар көмегін беріп жүрген еріктілерге, құтқарушылар мен тәртіп сақшыларына, барша ел азаматтарына үлкен алғысымызды білдіреміз.
Қиын-қыстау кезеңде ауызбірлігіміз бен ынтымағымызды көрсетіп, бұл тілсіз жауды да бірлесе еңсеретінімізге сенімдіміз.
«Бір қиындықтың артынан жеңілдігі бар» деген дана халқымыз, бәрі жақсылығымен болсын.
Біз, облыстық ардагерлер кеңесі, аға буын өкілдері еліміздегі су тасқынының салдарынан зардап шеккен барлық отбасыларға қиын кезде сіздермен бірге екендігімізді білдіргіміз келеді.

Серік ШАҢҒҰТОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button