БілімБасты жаңалықтар

ЗАМАН ТАЛАПТАРЫНА САЙ ОҚУ ОРНЫ

Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжі — еліміздегі кәсіптік білім беру саласында кәсіби құзіретті мамандар даярлауда ерекше үлес қосып отырған оқу орны. Бүгінде білім беру ұйымында 153 педагог еңбек етеді. Олардың арасында 6 педагог-шебер және Қазақстанның үздік педагогі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегерлері, Техникалық және кәсіптік білім беру ісінің үздіктері бар.

Колледж өзара келісімшарт аясында республикамыздың және шетелдердің оқу орындарымен бірлескен іс-шаралар ұйымдастырып, тәжірибе алмасып отырады. Мәселен, Самара мемлекеттік қатынас жолдары университеті, Ижевск қаласындағы теміржолшылар университетінің жанындағы теміржол техникумы, Мәскеу қаласындағы В.Орехово-Зуево атындағы теміржол техникумы, Атырау жоғарғы APEC PetroTechnic колледжі, С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжімен байланыста.

Колледж оқытушылары түрлі кәсіби байқауларға қатысып, 25-і — Алғыс хатқа, 10-ы — І орынға, 11-і — ІІ орынға және 5-і — ІІІ орынға ие болып, жоғары көрсеткіш  көрсетті. Сондай-ақ колледждің білім алушылары мен оқытушыларының семинар, конференцияларға қатысымы өткен жылға қарағанда 7 пайызға артқан.

Колледждер арасындағы ең өзекті мәселелердің бірі — WorldSkills чемпионаты, бұл — жұмысшы мамандықтар бойынша даярлау сапасын арттыруға және осы мамандықтарды жастар арасында танымал етуге бағытталған бағдарлама. Біздің колледж базасында 2021 жылы теміржол мамандықтарына қатысты теміржол көлігіндегі тасымалдау процесін басқару, теміржол автоматтары, жылжымалы құрамды жөндеуші құзыреттері бойынша облыстық чемпионат өтті. Былтыр

WorldSkills бағдарламасы аясында 21 білім алушы 16 құзыреттілік бойынша үлкен жетістіктер көрсетіп, соның ішінде теміржол мамандықтары бойынша колледж базасында төрт қосымша құзыреттіліктен өңірлік чемпионат өткізілді.

Қазіргі таңда колледжде 1226 студент 16 мамандық бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқиды. Оқу орны дуалды оқыту аясында әлеуметтік серіктестермен тығыз жұмыс жасап отыр. Мәселен, дуалды оқыту жүйесі бойынша шетелдерде, яғни Сингапур, Финляндия, Шотландия, Беларусь, Малайзия, Германия, Ұлыбританияда 27 оқытушы өз біліктіліктерін арттырды. Салыстырмалы түрде айтсақ, дуалды оқыту жүйесі бойынша 2013-2014 оқу жылында 78 студент оқыса, 2023-2024 оқу жылында 324 студент білім алды.

«Жас маман» жобасы бойынша заманауи электропневмо-автоматика, электротехника, мехатроника, робототехника және логикалық контроллерді бағдарламалау бойынша оқу аудиториялары, «Вагон ісі» мамандығы бойынша 3 кабинеттен тұратын инновациялық, интерактивтік, мультимедиялық оқу кешені, моноблокты проекторлармен және интерактивті тақталармен жабдықталды.

Колледждің оқу және жатақхана ғимараттарында 48 аналогты, 64 IP камералы бейнебақылау жүйесі орнатылып, жедел басқару орталығымен байланыстырылды. Білім беруге арналған 20 мультимедиялық жүйе сатып алынып, оқу үрдісінде қолданылады. Оқытушылар мен білім алушылардың интернетке қолжетімділігін арттыру мақсатында колледж ғимараты толықтай 500 Мбит/с жылдамдықтағы кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында колледж оқу ғимаратына face бақылау жүйесі орнатылып, кіріп-шығу тіркелетін болды.

Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжі — еліміздегі кәсіптік білім беру саласы бойынша жаһандану заманының талаптарына жауап беретін, білікті де кәсіби маман даярлауда өз жетістігімен еленген, экономикаға жоғары деңгейде үлес қосқан, шоқтығы биік оқу орны болып қала бермек.

М.РАМАЗАНОВ,

Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар

колледжі директорының оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button