БілімБасты жаңалықтар

БІЛІМ БАРШАҒА ОРТАҚ

Елімізде мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығын қорғап, басқа балалармен тең дәрежеде білім алуы үшін инклюзивті білім беру бағдарламасы енгізілді.

Инклюзивті білім беру — балалардың бірдей бағдарламаларға қатысуына мүмкіндік беретін саясат және үрдіс. Жалпы орта білім беретін мектептерде үлгерімі төмен оқушылардың 50 пайызы — психикалық дамуы тежелген және аутизм, жүйке жүйесі бұзылған, ақыл-ой белсенділігі төмен балалар. Психикалық даму тежелісі ғылымда «психика дамуының уақытша артта қалуы» деп түсіндіріледі. Мұндай балалар мектепте және үй жағдайында ерекше қадағалауды қажет етеді. Бұл балалармен жұмыс істеу арнайы біліммен қатар үлкен шеберлікті, мейірімділікті, ата-анаға бағыт-бағдар беру біліктілігін талап етеді.

Инклюзивті білім беру жүйесінің мақсаты — балаларды психологиялық-дәрігерлік-педагогикалық қолдау, қоршаған ортаға бейімдеп, қоғамның көзқарасын өзгерту, өз қатарластарымен тіл табыса білуге және дені сау балалармен тең дәрежеде ұстауға үйрету.

Алғашында арнайы мамандар жеткіліксіз болып, жаңа білімнің қыр-сырын ұғыну, түсіну қиын болғанымен, қазіргі таңда логопед, дефектолог, олигофренопедагог, әлеуметтік педагог, психолог мамандары және  пән мұғалімдері қайта даярлау курстарынан өтіп, инклюзивтік білім беру бойынша жұмыс істеп жүр.

Эмпатия — мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін педагогтің маңызды кәсіби сапасы. Ол баланы түсінуді, оған деген сезімді, жағдайды оның көзімен көруді, оның көзқарасын түсінуді көздейді. Эмпатия мүмкіндігі шектеулі балаға айналасындағылар тарапынан жылы эмоционалды қарым-қатынасты білдіретін қабылдау феноменімен тығыз байланысты. Педагогтің кәсіби қызметінде тәрбиеленушілердің әдеттен тыс сыртқы түріне, олардың адекватты емес мінез-құлқына, анық сөйлеуіне, кейде оның болмауына толерантты, сабырлы, мейірімді қарым-қатынас танытуға тура келеді. Сондықтан осындай педагог үшін төзімді болу — үлкен жетістік.

Жарымжан бала бойына сенімділік ұялатып, барлық баланы тең көріп, жеке тұлғаны қалыптастыруда педагогтердің еңбегі зор. Әсіресе мектептегі әлеуметтік педагогтің, сынып жетекшісінің, пән мұғалімінің қосар үлесі мол. Олар баламен ғана жұмыс жасап қоймай, оның ата-анасымен де тығыз байланыста болады. Мүмкіндігі шектеулі баланың өмірге келуі шын мәнінде отбасын психологиялық күйзеліске әкеледі. Ата-ананың ұнжырғасы түсіп, өзге балалармен өз баласын салыстырып, қоршаған ортамен қарым-қатынасы үзіледі. Мұндай жағдайда ата-аналарға педагогтердің, арнайы мамандардың көмегі ауадай қажет.

Балаларды тәрбиелеу, оқыту барысында жас ерекшеліктерін ескеріп, балаға шешім қабылдай алуға, өзін-өзі қамтамасыз етуге, ішкі тәртіпке бейімдеу керек. Сонымен қатар педагог не сынып жетекшісі мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-анасына баланы дұрыс тәрбиелеу мақсатында бірқатар ұсыныс берсе болады. Ата-ана ішкі қобалжуын баласына көрсетпей, қайта баласының достарымен жиі қарым-қатынаста болуына ықпал жасауға тиіс.

Мүмкіндігі шектеулі баланың психологиялық-педагогикалық түзелуіне тікелей жауапты педагогтар, дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер ата-анамен тығыз байланыста жұмыс атқарса ғана, бала дамуында оң көрсеткіштер пайда болады.

Эльзада САПАРҒАЛИЕВА,

«SMART-BILIM» мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button