Басты жаңалықтар

Малдың жайын баққан білер…

Еткен еңбегі үшін мақтау да, мадақтау да күтпейтін, бірақ өзіне міндеттелген жұмысты тиянақты орындайтын адамдар болады. Біздің бұл жолғы кейіпкеріміз — дәл сондай адам.

Әдеттегідей газеттің кезекті нөміріне адал еңбектің иелері туралы мақала әзірлегіміз келіп, аудан-ауылдарға хабарласқанбыз. Әйтеке би ауданындағы Белқопа ауылының тұрғындары жастайынан ат үстінде мал бағып, машықтанған Ержан Малтықбаевтың есімін атады.

Ауылдастардың шопан туралы жылы лебізінен соң оның өзіне хабарластық. Аңқылдаған азамат екен, сұхбат беруге бірден келісті.

Алдымен ақтөбеліктердің қал-жағдайын сұрап, өздерінің су тасқынынан аман екенін айтқан Ержан әңгімесін әріден бастады.

Әкем Бурабай — өмір бойы «Шевченко» совхозының қойын баққан адам. Әкеміз күндіз-түні қойдың соңында жүргендіктен, қорадағы азын-аулақ малды жайлау үйдегі бала-шағаның күнделікті жұмысының бірі болатын. Өзімнен кейін бір қарындасым мен інілерім бар. Үйдің үлкен баласы болғандықтан, жауапкершіліктің көбі сол кезден бастап маған жүктелді. Сондықтан болар, мен бала кезімнен малға жақын болып өстім, — деді төрт-түліктің қыр-сырын жақсы білетін кейіпкеріміз.

Белқопа ауылындағы орта мектепті бітірген соң Ержан әскерге аттанады. Келгеннен кейін еш ойланбастан совхоздың малын бағуға кіріседі.

— Ол кезде мектепте жақсы оқыған қыз-жігіттер болмаса, көбі оқуын аяқтаған соң ауылда қалатын. Өйткені ауылда қалған жастардың бәріне жұмыс бар еді. Тұрақты жұмысымыз болған соң басқа жаққа кету туралы еш ойланбаппыз да.  Өзім де сол қаланың у-шуынан гөрі, ауылдың тыныш өмірін жақсы көремін. Жаңа сізбен сөйлесіп отырып ойласам, сегізінші сынып бітірген уақыттан бастап, малдың соңында жүр екенмін. Осы күніме шүкір деймін. Адал еңбегімнің арқасында бүгінде отбасымды асырап, балаларымның қажетін тауып беріп отырмын, — деген ол барлығы жекеге айналған тоқсаныншы жылдардың басында түрлі қиыншылықтар кездескенін айтты. Малын бақтырғанымен, еңбекақысын уақтылы төлемегендер де болыпты. Соңғы бес жылдан бері ауыл маңындағы «Қолғанат» шаруа қожалығына малшы болып жұмысқа орналасады.

Ержанның отбасы Белқопада тұрады. Күйеуінің жағдайын жасап, үйінде ас-суын дайындап күтіп отырған жары Алтынбике Жусаева да сол елдің қызы. Екеуі 4 бала тәрбиелеп отыр. Балаларының оқуы аяқтала салысымен, Алтынбике де Ержанның қасына жаз жайлауға көшеді. Жайлау — Аралтоғай ауылының маңында.

— Қазақ мал санын айтпайды. Мыңға жете қоймағанымен, алдымда бірнеше кісіге жұмыс боларлық қой мен ірі қара мал бар. Шаруа қожалығының басшысы да Құдайына қараған азамат. Өзі де, балалары да үнемі көмектесіп жүреді. Еңбекақымды уақытында береді. Қыстай демалғаныммен, айлығым жүріп тұрды. Көктем туысымен келісім бойынша қайтадан жұмысқа кірістім, — деді ол. Оның айтуынша, әлі жайлауға көше қоймапты.

— Ырғыз өзені биыл жылдағыдай емес, арнасынан асты. Біздің аймақта да біраз жерді су басып, ағайын әбігерге түсіп жатыр. Бұл — қыстың күні жауған жаңбырдың салдары. Болмаса бұрын мұндай жағдай болған жоқ.  Жердегі тоң әлі жібімеді. Сондықтан әзір қыстақта отырмыз. Ірі қараны суару үшін Ырғыз өзенінің шетіне апарамыз. Ал қойға құдықтың суын береміз. Өзеннің суын ішкен қой мен құдықтан суарылған қойдың өсімінде өзіндік айырмашылықтар  бар. Реті келсе, ұсақ малға суды құдықтан берген дұрыс, — деді кейіпкеріміз.

Жылдың төрт мезгілінде де тыным таппайтын Ержан жұмыс барысында түрлі қиындықтар кездескенін айтты. Ұйытқыған боранда да далада қалған кездері болыпты. Шетсіз-шексіз боран ойнақ салғанымен, туған өлкенің тау-тасын бес саусағындай білгендіктен Ержан бұл жағдайлардан аман қалған. Малшы атаулыға табиғаттан келер тағы бір қауіп — түз тағылары. Кейіпкеріміз мұндай жағдаймен де бетпе-бет кездесіпті.

— Кезінде әкем алдындағы қойына қасқыр шапқан кезде қалай құтқарып алғанын айтып отыратын. Менің тәжірибемде малыма қасқыр шапқан кез болған жоқ. Өйткені қазір біздің аймақта қасқыр жоқтың қасы. Бірақ сілеусінмен айқасқан сәтім әлі есімде.

2022 жылы біздің жақтағы тоған арасында сілеусін пайда болып, біраз малшыны әбігерге салғаны бар. Білетіндер сол кезде Ресей жақта орман өртеніп, сілеусіндер содан бізге ауып келгенін айтып жатты. Болмаса, жарты ғасырдан астам өмірімде малға сілеусін шапқанын естімеппін. Түрі мысыққа ұқсас болғанымен, өте айбатты аң екен.

Біздің жақта тоған көп. Ұсақ малдарым солардың арасында қалып қоймауы үшін мұқият қарайтын әдетім бар. Бірде бір ешкім тоғанның жанындағы зиратқа кіріп кетіп, соны шығарып алуға кеткенмін. Мен келем дегенше қойларым бір уыс болып жиналып қалыпты. Дереу атпен қасына шауып қасына барсам, сілеусін бір ешкіні тамақтап жатыр екен. Қолымда қару да жоқ, қамшыммен сабалап, ешкіні аман алып қалдым. Бір-екі күннен соң дәл осындай жағдай қайталанды. Ірі қараны жинап болам дегенше, тағы да екі ешкімді жарып тастапты. Бұл менің малшылық тәжірибемдегі бірінші және соңғы шығарған шығыным болатын, — деді кәсіби малшы. Оған дейін де, одан кейін де мұндай жағдай қайталанбапты.

Ержан малшымен әңгіме барысында кеңес заманына «саяхат» жасап, бүгінгі күннің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы да әңгіме қозғалды. Айтуынша, қазір малдың бейнетіне төзіп бағатындар саны азайып барады.

— Бүгінгі заман — жаңа технологияның заманы. Жастар білекпен жұмыс жасағаннан гөрі, қай істің болмасын жеңіл жағын іздеп тұрады. Ол үшін кейінгі буынды кінәлай алмаймыз. Заман талабы сондай. Бірақ ауылға келіп, мал санын көбейтіп жатқан жігіттерді көргенде ішің жылып қалады. Солар біз секілді аға буынға жаңа технологияның тиімді тұстарын көрсетіп жатыр. Кейбір шаруалар малын үйде отырып, дронмен бақылайды. Бұрын өрісте мал төлдеп қалса, не сонда қалдырып кетіп, не ауылға алып келетін едік. Ол малшылар үшін екі жұмыс болатын. Қазір мұндай жағдайда ауылдағы жігіттерге қоңырау шала қоямыз. Олар көлікпен келіп, жас төлді алып кетеді. Бұның өзі — үлкен жеңілдік, — дейді Ержан.

…Біздің кейіпкеріміз Ержан секілді өз жұмысына адал, алдындағы малын ит-құсқа жем қылып алмауды мақсат еткен малшылар әр ауылда бар. Үйдегі үлкендер бұрын сондай азаматтардың есімі қойшылар слетінде аталып, құрметке бөленіп жататынын айтады. Бір уақытта бүл үрдіс үзіліп кеткенімен, соңғы жылдары ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнінде үздік қойшы, жылқышы, сауыншылардың есімі аталатын болды. Бұл — «даланың меңіреу үнсіздігіне жастайынан үйренген» азаматтар үшін үлкен мәртебе, құрмет. Біздің кейіпкеріміз де сондай құрметке лайық. Кез келген еңбектің бағаланғаны жақсы ғой…

   Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button