Басты жаңалықтарМереке

АҚТӨБЕЛІКТЕР ЫНТЫМАҚ КҮНІН АТАП ӨТУДЕ

Бүгін наурызнама бойынша ынтымақ күні. Ақтөбедегі бірлігі жарасқан этномәдени бірлестік өкілдері атаулы күнді өзіндік сән-салтанатымен тойлап жатыр. «Наурыз — достық мерекесі» атты іс-шара облыс орталығындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратының алдында өтіп жатыр.

Мерекелік іс-шараның шымылдығын «Аққу» би ансамблі қазақ биімен ашты. Содан соң ортаға ақжаулықты әжелер шығып шашу шашып, облыстық ақсақалдар кеңесінің құрамындағы аталар Наурыз тойының ақ батасын берді.

— Ынтымақ күнінің мақсаты — жалпы халық арасында бір-біріне деген сый-құрметті арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау. Өздеріңіз білетіндей, Ақтөбеде бірнеше этномәдени бірлестік жұмыс жасайды. Әр мереке сайын түрлі іс-шаралар ұйымдастыратын бірлестік өкілдері Ұлыстың ұлы күні қарсаңында да қарап қалмады. Бүгін сол тілі бөлек болса да, тілегі бір ұлт пен ұлыс өкілдері көрісіп, Наурыз мейрамын атап өтіп жатыр. Жаңа жыл жақсылығымен келсін, — деді іс-шараны ұйымдастырып жатқан «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз хатшысы Бекзат Молдакешова.

Бұл кештің өзгелердің ерекшелігі — өзге ұлт өкілдері тек қазақ тілінде ғана ән айтты. Роза Яппарова «Жақсы адамдарым» әнін нақышына келтіріп орындаса, Мақсут Хисамутдинов «Алатауды» аспандата шырқады. «Оксана» халықтық хоры «Бипылды» айтқанда, қол соқпау мүмкін болмады.
Сондай-ақ концерт жүргізушілері жиналғандарға Наурыз мейрамында қандай ырым-тыйымдардың жасалмау керектігін айтты.

Этномәдени бірлестік өкілдері арасында «Бауырсақ Fest» фестивалі ұйымдастырылды. Мерекеде құттықтау сөз сөйлеген «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Дариға Ғизатқызы бауырсақты ерекше дәмді етіп дайындап ұсынған бірлестік өкілдерін марапаттады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button