Жаңалықтар

49 кәсіпкердің мүліктік құқығы қорғалды

Кәсіпкерлік

Өңірде кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Соңғы деректерге сүйенсек, облыста 86,4 мың орта және шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олардың барлығы өңір экономикасының дамуына және жаңа жұмыс орындарын ашуға үлес қосатыны белгілі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов:

—Ұлттық палатаның негізгі міндеті — тегін сервистік қызметтер көрсетіп, кеңес беру, сондай-ақ кәсіпкерлердің құқығын қорғау.

Өткен жылы кәсіпкерлер палатасы жанынан 130-ға жуық бизнес өкілдерін біріктіретін 6 салалық кеңес құрылды.  Олар — құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергетика, индустрия, әлеуметтік сала, білім беру, денсаулық сақтау, көлік және логистика, сауда және қызмет көрсету, басқа да салаларды қамтиды.

Биылдан бастап шағын бизнеске тексерулер мен профилактикалық бақылау һәм қадағалау жүргізуге мораторийдің алынып тасталуына байланысты палата жұмыстар жүргізуде.Өткен аптаның соңында облыстық палатаның бастамасымен кәсіпкерлерге қысым жасаудыңалдын алу мақсатында облыс әкімдігі, прокуратура және «Атамекен» арасында бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Сондай-ақ кәсіпкерлерге уәкілетті және фискалдық органдар тарапынан алдағы тексерулер туралы түсініктемелер мен кеңес берілді.

Осы уақытта мобильді аударымдар, декларациялау және тексеру мәселелері өзектіболып тұр. Бұған қатысты да түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, — дейді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының айтуынша, инвесторларды қолдау үшін фронт-офис жұмыс істейді. Президенттің тапсырмасы бойынша Бас прокуратура әзірлеген «Инвесторларды қорғау прокурорлық сүзгісі» жобасы да өз деңгейінде іске асырылу үстінде. Мұндағы басты мақсат — Ақтөбедегі инвестиция көлемін арттыру.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Руслан Күйшінов былтыр бизнестің құқығын қорғау бойынша 140 өтініш қабылданғанын атап өтті. Оның 99-ы оң шешімін тауып, 49 кәсіпкердің 8,5 млрд теңгекөлеміндегі мүліктік құқығы қорғалыпты. Шағымданушылар көбіне жер қатынастары, салық салу, мемлекеттік сатып алу, т.б. мәселелер бойынша жолығатын көрінеді. «Кәсіпкерлердің құқығын қорғау сот органдарында да жүзеге асырылады. Барлығы 41 іс бойынша палата бизнес өкілдерінің мүддесін қорғады. Оның 33-і бойынша кәсіпкерлер жеңіске жетті», — дейді ол.

Палата қызметінің негізгі бағыттарының ішінде  жергілікті тауар өндірушілерді қолдау да бар.

— Бүгінгі таңда біздің өңірде 200-ге жуық СТ-KZ сертификатын немесе индустриялық сертификат алған өндірушілер бар.

Осы компанияларға өз өнімдерін сату барысында қолдау көрсету мақсатында палата тапсырыс берушілерді хабардар етуді ғана емес, рұқсат беру құжаттарын алуды көрсету, ірі жер қойнауын пайдаланушылармен нақты кездесулер өткізу, сондай-ақ сатып алудың нормативтік құжаттарын қайта қараудан тұратын кешенді жұмыстарды да ұсынады, — дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Владимир Сухорученко.

Брифингті қорытындылаған Дидар Боранқұлов кез келген кәсіпкер 744-607 байланыс нөмірі арқылы хабарласа алатынын тілге тиек етті.

— Осы басқосуды пайдалана отырып, кәсіпкерлерді 2024-2026 жылдарға арналған кадрларға қажеттілік бойынша облыс кәсіпорындары арасында өткізілетін жыл сайынғы сауалнама туралы хабардар еткім келеді. Сауалнама деректері колледждердің, жоғары оқу орындарының және оқу орталықтарының мемлекеттік білім беру тапсырысының негізіне жатады. Сауалнаманы  enbek.kz порталында онлайн-форматта өтуге болады, — деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button