Жаңалықтар

Жақыннан жол тазалайды

Қыстың қамы

Боран күндері Ақтөбеден алыс тұрғын алаптарда қар тазалаудан мәселе туындамас үшін мердігерлердің арнайы техникалары және жол жұмысшылары тәулік бойы кезекшілікте тұратын уақытша базалар құрылып жатыр.

Бұл — қала әкімдігінің жолдарды қысқы уақытта күтіп ұстау жұмыстарын міндетіне алған мердігерлерге келісімшарт аясында биылдан бастап қойылып отырған негізгі талаптардың бірі.

Жексенбіде қала әкімі Азамат Бекет Шилісайда және Бауырластар, Сазды тұрғын алаптарында құрылған базалардың жұмысын барып қарады.

— Біз осы жылдан бастап мердігерлерге қыс айларында алыс елді мекендерге техниканы тұрақты қоюды талап етіп жатырмыз. Қыс бойы тұратын базада арнайы техникалар, жұмысшылардың демалатын орны, бейнебақылау, GPS-бақылау болады. Мысалы, Шилісай қаладан — 25 шақырым, Бекқұлбаба ауылы 30 шақырым қашық. Боран күндері техника қаладан жетемін дегенше көлік шыға алмай, тұрғындар қиналады. Сондықтан осындай шешімге келдік. Әзірге 3 база құрылды. Негізі, барлығы 9 пункт болады, —деді қала әкімі Азамат Бекет.

Шилісай елді мекенінде «Ақтөбе Адал құрылыс» ЖШС мердігер мекемесінің базасы орналасқан. Олар Шилісай, Садовый, Пригородный тұрғын алаптарының жолдарын тазалауды міндетіне алған.

Ал Бауырластар тұрғын алабындағы базада «ZNS group» ЖШС-ның 2 щетка, 3 тиегіш, 1 құмсепкіш техникасы және 1 грейдері бар. Бұл техника Бауырластар, Сазды, Жаңатұрмыс алаптарын және осы аумақтағы бау-бақша ұжымдарына қатынайтын мектеп автобусының жолын тазалап жатыр.

Қала әкімі барлық мердігерге тұрғын алаптың ватсап чатына қосылып, боран күндері тұрғындармен байланыста отыру талап етілетінін ескертті.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button