Жаңалықтар

19 спорт нысаны салынып жатыр

Денешынықтыру және спорт

Аймақта салауатты өмір салтын ұстанып, спортты жанына серік еткендер қатары жыл сайын көбейіп келеді. Статистикалық мәліметке жүгінсек, былтыр аймақта 400 мыңға жуық адам денешынықтыру және спортпен жүйелі айналысқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде «Ақтөбе облысының денешынықтыру және спорт басқармасының 2023 жылғы жұмыс қорытындылары және 2024 жылға арналған жоспарлары туралы» тақырыбында өткен брифингте мәлім болды.

Облыстық  денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаровтың мәлімдеуінше, өңірде азаматтардыңденешынықтыру және спортпен айналысуын қамту көрсеткіші 2022 жылмен салыстырғанда 2 пайызға өскен.

Былтыр аймақта 3320 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіліп, оған 381 800 адам қатысты. Соның ішінде 71 облыстық чемпионат пен біріншілік, 8 ел чемпионаты, сондай-ақ онға жуық халықаралық деңгейдегі турнир өткізілді. Осындай шараларға 9 мыңнан аса адам қатысты, — деді Е.Гончаров.

Қазіргі таңда облыста спортзалдарын қоса есептегенде 1643 спорттық нысан бар.

Спикердің айтуынша, былтыр спорт нысандарын түгендеуді тексеру барысында Туризм және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитеті тарапынан спорт нысандарының жалпы тізімінен тозған және стандарттарға сәйкес келмейтін спорт ғимараттары алынып тасталған.

Өткен жылы 14 жаңа спорт кешені салынды. Мәртөк ауданының Жайсаң, Сарыжар және Родниковка, Алға ауданының Үшқұдық және Бестамақ ауылдарында, сондай-ақ Ақтөбе қаласының Сазды, Есет батыр, Жарық тұрғын алаптарында осындай кешендер бой көтерді. Қазіргі уақытта 19 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Футбол академиясы, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені, Шұбарқұдық кентінде бассейн салынуда.

Спикер аймақта балаларды спортқа баулу, спорт түрлерін көбейту әрі осы саланы дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірде 34 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар. Оның ішінде 10 ауылдық мектепте 52 спорт түрінен 23181 спортшы айналысады (2022 жылы — 22116). Ал 29 олимпиадалық спорт түрімен — 17 296 бала, 18 олимпиадалық емес спорт түрімен — 2692 бала, 10 ұлттық спорт түрімен 3193 бала шұғылданады.

Ол қысқы спорт түрлерін дамыту, арнайы спорттық мектептердің жағдайы мен ондағы жаттықтырушы-оқытушылар жайын да баяндады.

Қазіргі таңда облыста 33  олимпиадалық спорт түрін дамытуға басымдық беріліп отыр. Оның 6-ауы — қысқы спорт түрі. Олимпиадалық спорт түрлері бойынша облыс спортшылары былтыр түрлі деңгейдегі 167 жарыста 65 алтын, 59 күміс, 112 қола медальді жеңіп алды, — деді.

Бүгінде аймақта ұлттық спорт түрлерімен айналысатындардың үлесі — 8,4 пайыз.

Евгений Гончаровтың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спортты (паралимпиадалық спорт түрлері) дамытуға да аймақта басымдық берілген. Қазір облыста мүмкіндігі шектеулі 1571 адам спорттың 23 түрімен айналысады. Оның айтуынша, қаланың барлық спорт кешендерінде ересектер мен ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін спортпен шұғылдануға жағдай жасалған. Қазіргі уақытта өңірде мүмкіндігі шектеулі адамдардың спортпен шұғылдануына толықтай бейімделген 9 спорт кешені жұмыс істейді.

2024 жыл — Олимпиада жылы. Бүгінгі таңда олимпиада ойындарына 9 спортшымыз үміткер. Олардың қатарында еркін күрестен Азия чемпионы Юсуп Батырмұрзаев, еркін күрестен Қазақстан чемпионы Мейрамбек Қартбай, жүзуден Диана Тасжанова, дзюдодан Аруна Жангелдина, Бақыт Қосақбаеваларды айтуға болады, — деді ол.

Брифингте аталған салада биыл атқарылатын жұмыс жоспарлары да айтылып, спикер журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button