Жаңалықтар

Кешіккен құрылыстың бірі еді…

Жаңа мектеп

Шалқар ауданының орталығында құрылысы алты жылға созылған 320 орындық мектеп пайдалануға берілді.

Жаңа мектептің жұмысымен  танысқан облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы мен білім басқармасының өкілдері, Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов оқу орнының ұжымымен, оқушылармен тілдесті.

Аталған мектепте енді осы аумаққа жақын орналасқан №5 мектеп-лицейдің оқушылары оқиды. Олардың бұрын оқыған мектебінде де білім беру процесі үзілмейді. Қазір екі мектепте барлығы 910 оқушы білім алып жатыр. Ал мектепке дейінгі ұйымда 70-ке жуық бала тәрбиеленуде. Осылайша жаңа ғимараттың салынуы аудандағы үш ауысымды мектеп мәселесін толықтай жойып отыр.

Жалпы ауданы 5,3 мың шаршы метр болатын оқу орнында 35 кабинет бар, оның 10-ы бастауыш сыныптарға берілген. Ал мұндағы спортзал, асхана, медицина, химия, биология, информатика, физика кабинеттері заман талабына сай құрылғылармен жабдықталған.

Былтыр бұл мектептің құрылысымен танысқан облыс әкімі Асхат Шахаров жауапты мамандарға оқу орнын жаңа жылда қолданысқа беруді, жұмыстарды сапалы әрі тиянақты орындауды тапсырған болатын. Осы орайда облыс әкімдігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті бірлесіп, бұл жобаға бөлінген қаржыны қайта қарады. Нәтижесінде биыл құрылыс жұмыстарын «Град Строй Сервис» ЖШС аяқтап берді.

Айта кету керек, ескі мектептің іргетасы 1907 жылы қаланған.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button