Жаңалықтар

Жол сапасы — жіті бақылауда

Брифинг

Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдарды айтпағанның өзінде, қала ішіндегі жолдардың сапасы сын көтермей жатады. Былтыр облыс жолдарының сапасын тексеру кезінде 300-ден астам олқылық анықталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының директоры Тельман Малаев айтты.

Былтыр құрылыс материалдарынан 3236 сынама алынып, тексеріс нәтижесінде 850 сынама стандартқа сай болмай шықты. Өткен жылы 54251 шаршы метр асфальт жамылғысы сапасыз деп танылып, мекеме ол жерлерді өз қаражатына қайта салған. Бұл мердігер мекемелер жол салудың технологиясын сақтамаған.

Орталық мамандары Дөң мен Бадамша ауылының арасында салынып жатқан облыстық маңызы бар жолдың бір бөлігінде асфальтты бетон жамылғысының талапқа сай еместігін анықтады. Ол жерде асфальттың қалыңдығы 8 сантиметр болуы керек, ал мердігерлер 6 сантиметр қалыңдықта төсеген. Сынамалар да талапқа сай келмейді. Кемшілік анықталғаннан кейін мекеме 5 шақырым  жерді қайта салған. Қаланың ішіндегі Құрашасай елді мекеніне қарай апаратын жолдан да осындай кемшілік анықталды. Қазір жол қайта салынып жатыр. Бадамша мен Степной арасындағы жолды салып жатқан «Информстрой сервис» мекемесі де кемшіліктерге жол берген, — дейді ол.

Сондай-ақ орталық атынан Мемлекеттік құрылыс комитетіне жұмыс өндірісінің технологиясын бұзу фактілері бойынша бес өтініш жолданды. Айыппұл сомасы —  шамамен 12 миллион теңге.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» облыстық филиалында 20 адам жұмыс істейді. Маусым кезінде Автожол колледжінің студенттері де қосымша жұмысқа жұмылдырылады.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button