Басты жаңалықтарЖастар

Жастар және мемлекет қолдауы

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы — білімді де білікті жастардың қолында. Ендеше облысымызда жастарға қандай жағдай жасалып жатыр? Өңірімізде жастарды қолдауға арналған қандай жобалар жүзеге асырылуда? Осы орайда жауапты мекеме өкілдерімен тілдесіп, облыста жастарды еңбекпен, баспанамен қамтуда атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұраған едік…

15 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды

Облыстық ішкі саясат басқармасының берген деректеріне сүйенсек, бүгінде облыста 14-35 жас аралығындағы 266 789 адам бар. Оның 161 341-і — Ақтөбе қаласында, 105 448-і ауылдық елді мекендерде тұрып жатыр.

Биыл осы жастардың арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,1 пайызға жеткен. Бұл республикалық көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Мысалы, биылғы республикалық көрсеткіш —  3,6 пайыз. Өңірдегі жұмыссыз жастардың саны 3815 болса, оның 175-і — ауыл жастары. Ал NEET санатындағы жастардың үлесі — 7,1 пайыз. Биыл бұл санатқа жататын 11 644 жас анықталып отыр.

Облыстық ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің бас маманы Мәди Кемешовтің айтуынша, бүгінде облыста жастарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі басты назарда тұр. Мәселен, былтыр өңірде 22 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылса, биыл жоспар бойынша 35 мыңнан астам жасты еңбекпен қамту көзделген. Дегенмен бұл жоспардың бүгінде 44,5 пайызы орындалған, яғни 15 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылған. Оның ішінде бос жұмыс орындарына — 6775, жастар тәжірибесіне — 1284, әлеуметтік жұмыс орындарына — 498, уақытша сипаттағы қоғамдық жұмыс орындарына 1667 жас жіберілген. Сондай-ақ облыста жүзеге асырылып жатқан «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 112 жас қатыстырылса, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 76 адам жұмысқа орналастырылыпты.

— Сондай-ақ облыс бойынша 250-ге жуық жас қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курсына қатыстырылса, 3202 адам «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Оның 153-і 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант алды. Бұдан бөлек биыл жыл басынан бері 202 жас 2,5 пайыздық жеңілдікпен несие алды. Бұл жобаға өңір бойынша 935,0 миллион теңге қаржы бөлінді. Аталған жобаға қатысушыларға «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы несие берілді, — дейді М.Кемешов.

«Жасыл ел» бағдарламасы жыл аяғына дейін жалғасады

Жылдағы дәстүр бойынша жастарды, оның ішінде жұмыссыздар мен студенттерді уақытша еңбекпен қамту мәселесі облыста «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. Биыл бұл мақсатқа бюджеттен 218 млн теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде 2 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылып отыр.

— Облыс бойынша «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарында мамыр-шілде айларында 1969 жас жұмысқа орналастырылды. Олардың ішінде мектеп оқушылары да, студенттер де, жұмыссыз жастар да бар. Мәселен, мамыр айында бірінші ауысымда 276 жас «Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыспен қамтылды. Атап айтсақ, аудандар бойынша — 27, Ақтөбе қаласында 249 жас еңбекке тартылды. Олар көшелерді, саябақтар мен аллеяларды, мекемелер аумағын көгалдандыру, абаттандыруға атсалысты. Сондай-ақ бірқатары құрылыс жұмыстарына жіберілді, — дейді «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары және «Атамекен» студенттер отрядтары қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Шаңғытбаев.

Оның айтуынша, екінші ауысымда — 523, үшінші ауысымда 630 жас «Жасыл ел» жасағында еңбек еткен. Олардың дені көгалдандыру, яғни шөп жұлу, ағаштарды суару, күту жұмыстарына жіберілген.

— Тамыз айында облыс бойынша 473 жас «Жасыл ел» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтылса, қыркүйек айында 38 адам жұмыс істеді. Атап айтсақ, қалада — 39, аудандарда 29 жас еңбек етті. Студенттер жаңа оқу жылы басталғалы күніне бір мезгіл, яғни 4 сағат жұмыс істейді. Жоспарға сәйкес биыл біз облыстағы жұмыссыз жастарды «Жасыл ел» бағдарламасымен жыл аяғына дейін еңбекпен қамтуды көздеп отырмыз. Мәселен, өткен ауысымда өңір бойынша 65 жұмыссыз жас «Жасыл ел» жасағында жұмыс істеді. Алдағы уақытта да олардың барлығы еңбекпен қамтылады. Жалпы, келер жылы да облыста екі мың жас осы бағдарлама аясында жұмысқа тартылады, — дейді Н.Шаңғытбаев. 

Биыл «Жасыл ел» жасағында еңбек еткен ақтөбелік жастар Республика күніне орай марапатталады. Ең үздік деп танылған 100 сарбазға Астанаға үш күндік сапарға жолдама табыс етіледі. Былтыр өңірде 30 жас үздік деп танылған болатын.

 «Дипломмен — ауылға!»: 121 жастың қуанышы

«Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы елді мекендерде мамандар тапшылығын жоюға бағытталған. Биыл осы бағдарлама аясында облысымызда 121 жас тұрақты жұмысқа орналасып, баспаналы болған.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бюджеттік жоспарлау және бюджетаралық қатынастар бөлімінің басшысы Қайрат Ахатайдың айтуынша, елімізде жастарды қолдауға арналған бұл бағдарлама аясында ауылдық жерлерге барған мамандарға 1500 айлық есептік көрсеткіш немесе 5 миллион 175 мың теңге көлемінде бюджеттік несие беріледі. Несиенің сыйақы мөлшерлемесі — 0,01 пайыз. Несиені мемлекетке қайтарудың ең ұзақ мерзімі — 15 жыл. Сондай-ақ жас мамандарға бір реттік жәрдемақы ретінде 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 345 000 теңге қайтарымсыз көтерме жәрдемақы қарастырылған.

Бағдарламаның басты талабы жас маман ауылдық жерде өз мамандығы бойынша кемінде үш жыл жұмыс істеуі керек. Егер маман бағдарлама талабын бұзған жағдайда бөлінген қаражат сомасын мемлекетке толықтай қайтаруы керек болады.

«Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында облысымызда 2009 жылдан бері бүгінге дейін 6 мыңнан астам жас маман берілген мүмкіндіктерді пайдаланып, ауылдық елді мекендердің әлеуетін жақсартуға өз үлесін қосты. Мәселен, былтыр ауылдық жерлерге жұмыс істеуге 148 маман жіберілсе, биыл 121 жас барған. Олардың дені білім және денсаулық сақтау саласында абыройлы еңбек етіп жүр, — дейді Қ.Ахатай.

Оның айтуынша, биыл 1 сәуірден бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес «Дипломмен — ауылға!» жобасының сенім білдірілген агенті болып «Отбасы банкі» АҚ тағайындалған. Демек, ендігі жерде сіз ауылға барып, бағдарлама аясында еңбек еткіңіз келсе, otbasybank.kz порталына тіркеліп, электронды цифрлық қолтаңба арқылы өтінім қалдыруыңыз керек. Бүгінде еліміз бойынша бағдарлама цифрлық форматта жүргізіліп, мамандардан өтінімдер онлайн режимде қабылданып жатыр.

Жастарымызға жан-жақты көмек көрсету — өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан бұл бағдарламаның жастарды тұрақты жұмыспен қамтуда, қаржылық қолдау көрсетуде маңызы зор. Бағдарлама жастардың мансаптық өсуіне де ықпал етеді, ауылдық жерлерде жақсы тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді, — дейді бөлім басшысы.

Аталған бағдарлама бойынша ауылда жұмыс жасап жатқан жас мамандардың бірі — Венера Қожаниязова. Ол Мұғалжар ауданы Ақкемер ауылындағы Ақкемер орта мектебінде информатика пәнінен сабақ береді.

Венера 2019-2021 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін информатика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Бүгінде ол жолдасы екеуі Ақкемер ауылына барып, бірі — білім беру, бірі мемлекеттік қызмет саласында еңбек етуде.

Менің туған жерім — Қаракөл ауылы. Бұрын сол жерде тұрғанмын. Былтыр бағдарламаға қатысуға өтініш беріп, нәтижесінде Ақкемер орта мектебіне жұмысқа орналастым. Қазір мұнда информатика пәнінен сабақ беремін. Сондай-ақ әлеуметтік педагог болып қызмет атқарамын. Ақкемер орта мектебі — өзінің тарихымен, жетістіктерімен ерекшеленетін білім ордасы. Бүгінде мектепте 352 оқушы білім алуда. Мұнда еңбек еткеніме бір жыл болса да, көп тәжірибе жинақтадым, бар білгенімді шәкірттеріме үйретіп жатырмын. Жалпы, жұмысым өзіме ұнайды. Ауыл мектебінде қызмет ету — мен үшін үлкен бақыт. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдың тәрбиесі де бөлек, — дейді Венера.

Жас маман «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы аясында былтыр бір реттік көтерме жәрдемақы алыпты. Алайда жолдасына қызметтік үй берілген соң баспана алуға құжаттар тапсырмаған. Қазір ол жолдасы екеуі отбасында 4 бала тәрбиелеп отыр.

— Қазіргі таңда елімізде жастарды жұмыспен қамтуға, олардың кәсіппен айналысуына жан-жақты жағдай жасалып жатыр. Бұл орайда «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасының қосар үлесі мол. Сондықтан мен сияқты жас мамандар ауылдық жерлерге барып қызмет етсе, мол тәжірибе жинап, ауыл балаларын оқытса, дұрыс болар еді. Қазір ауыл мектептерінде барлық жағдай бар, интернетке қосылған, сабаққа қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, — дейді жас маман.

Алға қойған жоспары көп, мақсаты айқын Венера алдағы уақытта ауыл балаларының арасынан дарынды, талантты түлектер шығатынына сенімді.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Бүгінде облыстағы білім алатын, еңбек ететін жастардың барлығы жастар ресурстық орталығына жүгінеді. Оларға бұл орталықтың мамандары әлеуметтік, психологиялық, ақпараттық жағынан қолдау көрсетуге тиіс. Қазіргі таңда облыста мұндай 14 орталық бар. Оның біреуі облыстық болса, біреуі — қалалық, ал 12-сі — аудандағы орталықтар.

Жыл басынан бері облыстағы жастар ресурстық орталықтарына түрлі мәселелермен 4 мыңнан астам жас жүгінген. Оларға мамандар психологиялық, заңгерлік-құқықтық, материалдық, т.б. қолдау көрсеткен.

 

Ауыл жастарына қайтарымсыз несие беріледі

Бүгінде облыста жастарды баспанамен қамту — күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. Себебі әсіресе қалада пәтер жалдап, тапқан нәпақасын соған жаратып жүрген жастардың қатары жетерлік. Ресми емес мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда облысымызда 14 мың жас пәтер кезегінде тұр.

Облыстық ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Елеусіз Нұрғалиевтің айтуынша, былтыр өңірде облыс әкімінің бастамасымен «Ақтөбе жастары» бағдарламасы жүзеге асырылып, соның нәтижесінде 42 жас отбасы баспаналы болған. Бұл мақсатқа жергілікті әкімдіктен — 300 млн теңге, ал «Отбасы банкі» АҚ-нан 300 млн теңге қаржы бөлініпті. Биыл да бұл бағдарлама жалғасын таппақ.

Сондай-ақ биыл жастарға қолдау көрсету, өңірде волонтерлік қызметті дамыту бағытында «Волонтерлік қозғалысты дамыту» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 4 миллион теңге бөлінді. Аталған жоба аясында волонтерлік қызметті дамытудың 7 бағыты бойынша 100-ден астам шара өткізіледі. Мәселен, бүгінге дейін өңірде 3410 жасты қамтыған көптеген іс-шаралар өтті. Жоба аясында волонтерлік фронт-кеңсесі мен әлеуметтік дүкен ашылады, — дейді ол.

Оның айтуынша, биыл облыста Тәуелсіздік күні қарсаңында екінші рет білім және ғылым, мәдениет және өнер, бизнес және кәсіп, медиа, ақпараттық технологиялар және волонтерлік салаларындағы жастардың бастамаларын қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы жүзеге асырылады. Жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 9 млн теңге қаражат бөлінген. Жоба аясында биыл ауылдық жерлерде тұратын 30 жасқа 300 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріледі.

  • Облыста бүгінде жастарды баспанамен, жұмыспен ғана қамтып қоймай, олардың қоғамдық жұмыстарға атсалысуына да жағдай жасалады. Бұл орайда биыл облыстың жастары «Қазақстан КВН Одағы» қоғамдық бірлестігінің «Жайдарман» жобасына қатысып жатыр. Мәселен, жыл басынан бері өңірімізде 32 команданың қатысумен 3 мың адамды қамтитын екі кезеңнен тұратын «Жайдарман» ойындары өткізілуде. Бұл ойындарға мектеп оқушылары мен студенттер атсалысып жатыр, — дейді Е.Нұрғалиев.

Жастарды не толғандырады?

Жуырда «Жастар рухы» жастар қанатының облыстық филиалында өткен жастарды қолдау кеңесінің отырысында облыстық басқармалар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері өзара ой бөлісіп, жастарды толғандыратын мәселелерді көтерді.

Мәселен, облыстық ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Елеусіз Нұрғалиевтің айтуынша, биыл өңірімізде «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмыссыз ауыл жастарын кәсіптік дағдылауға бағытталған «Дем» бағдарламасы іске асырылған. Алдағы уақытта осы жоба жалғасын тапса, елді мекендерде жұмыссыз жүрген жастардың кәсіп ашып, өз-өздерін тұрақты жұмыспен қамтуына мүмкіндік беріледі.

Биыл біз 12 аудандағы ауылдық округтерде жұмыссыз жүрген 278 жастың бар екенін анықтадық. Осылардың ішінде «Дем» жобасына 22 жас қатысты. Олардың бірқатары бүгінде кәсібін дамытып отыр. Келер жылдары да осындай жобалар жүзеге асырылса, жастарға үлкен демеу болар еді. Сол сияқты бизнеске бет бұрған жастарға бөлінетін қайтарымсыз гранттардың саны да көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді, — дейді ол.

Отырыста қоғамдық ұйым өкілдері ауылдарға барып қызмет еткісі келетін жастарға жатақхана салынса, сондай-ақ мамандар жетіспейтін елді мекендер мен мекемелердің тізімі жасақталса, олар туралы өңір жастарына жан-жақты ақпараттар таратылса деген ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ жиналғандар облыс жастарын тұрғын үймен қамтуда тағы да жаңа бағдарламалар жүзеге асырылса деген тілегін жеткізді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button