Басты жаңалықтарСпорт

Азиада: алғашқы жүлделер

Қытайдың Ханчжоу қаласында23 қыркүйекте басталғанХІХ жазғы Азия ойындарында 45 елдің спортшылары өнер көрсетіп жатыр. Қазақстанның ұлттық құрамасы 3 алтын, 3 күміс, 16 қола медаль алып, қазіргі күні ресми емес жалпыкомандалық есепте11-орында тұр.

Спортшыларымыздың бүгінге дейінгі нәтижелеріне тоқталсақ:

Әбибаның күмісі

Биыл жазғы Азия ойындарына елімізден 524 спортшы барған еді. Олардың арасынан дзюдошы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері Әбиба Әбужақынова бірінші болып жүлдеге қол жеткізді. Ол 24 қыркүйекте, яғни жүлделер сарапқа салына бастаған алғашқы жарыс күнінде күміс медаль иегері атанды. Әбиба қыздар арасындағы ең жеңіл салмақта (48 келі) финалға дейін жақсы жеткен еді. Өкінішке қарай, финалда жапон қызы Нацуми Цунадойдан жеңілді.

Дзюдошылар 5 медаль алды

Дзюдо спорты бойынша Азия ойындары аясындағы жекелей жарыстар 24-26 қыркүйек аралығында өтті. Жарыстың бірінші күнінде, жоғарыда айтқанымыздай, қыздар арасында Әбиба Әбужақынова күміс жүлдегер атанса, ерлер құрамасының сапынан Мағжан Шамшадин (60 келі) қола жүлде алған еді.

Сондай-ақ қыздар арасынан — Эсмигүл Куюлова (63 келі), ерлер арасынан Абылайхан Жұбаназар (81 келі) мен Нұрлыхан Шархан (100 келі) ХІХ жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Осылайша дзюдошыларымыз бұл байрақты бәсекені 5 жүлдемен аяқтады.

Айта кетейік, Қазақстан жазғы Азиадаға 1994 жылдан бері қатысып келе жатқан болса, дзюдошыларымыз содан бергі құрлықтық Ойындардың ешқайсысынан да жүлдесіз қайтқан жоқ. Биылғы нәтижені қоса есептегенде, олар Азиада ойындарында — 2 алтын, 11 күміс және 27 қола медаль алып отыр. Оның ішінде Елдос Сметов (2014 жыл) пен Дидар Хамза (2018 жыл) алтын медаль иеленді.

Сонымен қатар қазақстандық дзюдошылар бұған дейін командалық жарыстарда да екі рет — 2014, 2018 жылдары күміс жүлде алған болатын. Өкінішке қарай, кеше Ханчжоуда біздің құрама алаң иелері — Қытай командасымен қола жүлдеге таласып, 2-4 есебімен жеңіліп қалды.

Қорыта айтсақ, 2014 және 2018 жылдардағы құрлықтық Ойындармен салыстырғанда, дзюдошыларымыз үшін биылғы Азиада сәтсіз аяқталды. Дегенмен бұл жарыс дзюдошыларымызға келесі жылы өтетін Париж Олимпиадасына жолдама алу үшін рейтингтік ұпай жинауға оң әсерін тигізді деп үміттенеміз.

Оқ атушылар да олжалы

Алғашқы күндері жарыс жолына шыққан спортшыларымыздың арасынан, дзюдошылардан бөлек, оқ атушылар да жақсы нәтижеге қол жеткізді. Атап айтқанда, 25 қыркүйекте тапаншамен 25 метрге жылдам ату жарысынан Никита Чирюкин қола медаль алды.

Ал келесі күні құрамында Бақтияр Ыбыраев, Андрей Худяков және Асадбек Нәзірқұлов сынды спортшылар бар Қазақстанның ерлер командасы 10 метрден нысана көздеу бойынша жарыста күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ пневматикалық мылтықпен 10 метрден нысана көздеу жарысында Ислам Сәтбаев пен Александра Ли жұбы (аралас жұп) да осы күні ел қоржынын тағы бір қола жүлдемен толықтырды.

Эльмир — қола жүлдегер

26 қыркүйекте семсерлесуден ұлттық құрама үздіктерінің бірі — Эльмир Әлімжанов та қола жүлдеге қол жеткізді. Жартылай финалда ол, өкінішке қарай, жапон семсерлеушісі Кано Кокидан 9-15 есебімен жеңілді.

Осымен алғашқы үш күнді түйіндер болсақ, қазақстандықтар үш спорт түрінен — дзюдо, оқ ату және семсерлесу — 9 жүлде иемденді. Оның екеуі — күміс те, өзгелері — қола.

Сонымен қатар, қазіргі бессайыстан екі спортшы — Георгий Борода Дудочкин мен Елена Потапенко Олимпиада жолдамасына қол жеткізді.

Алғашқы үш күннің қорытындысы бойынша Қазақстан жалпы командалық есепте 16-орында болды.

Сағындырған алтын

Көріп отырғандарыңыздай, Азия ойындарының алғашқы үш күнінде ел қоржынына бірде-бір алтын медаль түспеді. Қазақстандық жанкүйерлер Ханчжоу жақтан сарыла күткен алтын жүлденің хабары тек төртінші күні ғана естілді.

Құрама қоржынына алғашқы алтынды стенд ату (скит бағдарламасы) жарысында Қазақстанның қыздар командасы салды, олар бірінші орын иеленіп қана қоймай, 350 ұпаймен Азия рекордын да жаңартты. Команда мүшелері — Әсем Орынбай, Зоя Кравченко және Ольга Панарина. Айта кетсек, олардың арасында Ольга Панарина — 53 жастағы спортшы.

Екінші орындағы Қытай командасы — 348 ұпай, ал үшінші орынды иеленген Тайланд командасы 342 ұпай жинаған.

Алғашқы алтын жүлдеге қол жеткізгеннен кейін Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 5 көрсеткішке жоғарылап, 11-орынды иемденді.

Жүлде жауған күн

Азиаданың төртінші күні қазақ елі үшін алтынмен басталғанымен, одан әрі қоламен жалғасты. Алдымен стенд атудан ұлттық құрама мүшесі, командалық жарыста алтын алған спортшы Әсем Орынбай жекелей жарысқа шығып, 45 ұпай жинап, қола жүлде иегері атанды. Алтын мен күміс Қытай спортшыларының еншісінде кетті.

Осы күні 100 метр қашықтықта баттерфляй әдісімен жүзуден ақтық жарыс өтті. Қазақстандық Әділбек Мусин 51.86 секунд көрсеткішпен мәреге үшінші болып жетті. Алтын — жапон спортшысына, ал күміс қытай спортшысына бұйырды.

У-шудан ұлттық құраманың үлкен бір үміті — жартылай финалға  дейін жеткен Аян Тұрсын (52 келі) еді. Өкінішке қарай, ол алаң иесі Юэяо Лиге есе жіберіп, финалға өте алмады. Сөйтіп, Аянның да қола жүлдені қанағат тұтуына тура келді. Спортшы марапаттау рәсімінде көз жасын тыя алмай, соңынан журналистерге жартылай финалдағы жеңілісіне қатты намыстанатынын жеткізді.

Кешегі күн де қазақстандықтар үшін қола медальмен басталды: семсерлесуден ерлер құрамасы жартылай финалда оңтүстіккореялықтардан 41-45 есебімен жеңілді. Осылайша қола жүлдені қанағат тұтқан құрама сапындағы спортшылар: Мұхамедәлі Рахманәли, Назарбай Саттархан, Жанат Нәбиев және Артем Саркисян.

Алайда одан әрі біздің спортшылар 2 алтын, 1 күміс және тағы 5 қола алып, бұл күн биылғы Азиададағы әзірге ең сәтті күн болды. Алтын жүлде иегерлері: нысана көздеуші Зухра Ирназарова және стенд атудан Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко жұбы.

Ақтөбеліктер қалай өнер көрсетіп жатыр?

Ханчжоу Азиадасына аттанған қазақстандық спортшылардың қатарында 12 ақтөбелік бар. Олардың жетеуі — гандболшылар.

Өткен жылы ҚР Суперлигасында біздің облыс командасы чемпион атанып, 10 бірдей ойыншы ұлттық құрамаға алыныпты. Солардың арасынан 7 спортшы, атап айтқанда, Әсет Қали, Асылхан Нәбиев, Қуанбай Қуантыр, Дәурен Тілекқабыл, Константин Миляев, Даниил Якубович және Ержан Кенжебаев гандболдан ұлттық құрама сапында ел намысын қорғауға аттанған болатын.

Олардан бөлек каратэші Нұрқанат Әжіқанов, еркін күрес балуаны Юсуп Батырмырзаев, жүзгіш Диана Тасжанова, дзюдошы Аруна Жангелдина және у-шу спортынан Нұрсұлтан Есмырзаев та Азия ойындарына қатысуға лайық спортшылар қатарынан табылыпты.

Бүгінге дейін олардың Нұрқанат пен Юсуптан басқасы жарыс жолына қосылып үлгерді.

Ганболдан ерлер құрамасы 24 қыркүйек күні алғашқы ойынын Бахрейнмен өткізіп, 22-45 есебімен жеңілді. Ал 25 қыркүйекте Өзбекстан құрамасын 31-27 есебімен ұтты.

Нұрсұлтан Есмырзаев (70 келі) 1/8 айналымдағы жекпе-жегінде ауған спортшысынан ұтылып, жарыс жолынан шықты.

Аруна Жангелдина (78 келі) жұбаныш белдесуінде таиландтық қарсыласын жеңгенімен, қола жүлде үшін болған белдесуде оңтүстіккореялық Юн Хен-джиден ұтылды.

Диана Тасжанова баттерфляй және еркін әдіспен 200 метр қашықтықтағы жарыстарға қатысып, финалға шыға алмады.

Айта кетейік, ХІХ жазғы Азия ойындары 8 қазанға дейін созылады. Спортшыларымызға алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз!

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button