БілімБасты жаңалықтар

«Дипломмен — ауылға»: жас мұғалім Сәния Дәулетқалиеваның қалаға қайтқысы жоқ

 Қостанайлық қыздың қалай Алға ауданына қарасты Тамды ауылының тұрғыны атанғанының өзі үлкен хикая. Бір анығы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін тәмамдаған кейіпкеріміз мемлекеттік бағдарлама арқылы ауылға қоныс аударғанына бір сәт те өкінбепті. «Ауасы кең, дастарқаны табиғи өнімдерден үзілмейтін ауыл деген ғажап қой. Сол арқылы Үкіметтің демеуімен әлеуметтік жағдайымды да жақсартқан соң, енді қалаға шақырса да көшпеймін», — дейді ол.

Біз «Дипломмен — ауылға» мемлекеттік бағдарламасының өңірдегі жай-жапсарын анықтап, бұған қатысты ресми статистиканың аужайын да білген едік…

Қостанайда туып, Ақтөбеде оқыған, ал жұмысы — Алғада    

 — 2013 жылы Ақтөбе өңірлік университетін инженер-технолог мамандығы бойынша бітірдім. Артынша осында оқып жүргенде танысқан жігітке тұрмысқа шықтым. Көп жұмыс істегенім жоқ, декреттік демалысқа шығып, ұл-қызымды өмірге әкелдім. Содан тағы да оқуға түсіп, былтыр орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын игеріп шықтым. Іле-шала «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша өткен жылдың күзінде 306 300 теңге жәрдемақы алдым, несиеге 4,5 миллион теңгенің үйін рәсімдедім. Бұйыртса, 15 жыл айына 26 мың теңгеден төлеп тұрамын. Үстемеақысы небәрі 4500 теңге, бұл өте тиімді. Қазіргі таңда Алға ауданының Тамды ауылында отбасымызбен өмір сүріп жатырмыз, осындағы мектепте сабақ беремін.

Үй алғанға дейін Тамдыдағы ата-енеміздің қолында тұрдық. Енді, міне, үлкендердің батасын алып, бөлек шығып жатқан жайымыз бар. Үкіметтік бағдарламаның шарапатын сезінгеніме қуаныштымын, — дейді жас педагог.

Тіл маманының «қаладан келген» деген аты болмаса, нағыз ауылдың қызы. Мұндағы тіршілікке тез үйренісіп кеткенін айтады. Тамдылықтар да қырын қарамай, жақсы қабылдапты. Сәния болашақта жолдасымен бірге қосымша мал шаруашылығымен айналысқысы келеді. Бір жағынан, қаланың өмірін қолай көрмегені де сондықтан. «Ауасы кең, дастарқаны табиғи өнімдерден үзілмейтін ауыл халқының таным-түсінігі, айналасындағы адамдарға пейілі де алабөтен» —  деген ол ауылда өсіп-өніп, тұрақтауды мақсат етіп отыр. Лажы болса, замандастарына айтар кеңесі де осыған саяды.

— Ауылға келсем, тынысым ашылады. Мұндағы жұртшылықтың пейілі де дастарқанындай кең, бәрі бір-бірін танығасын әрдайым құрақ ұшып тұрады. Тек табиғи, таза өнімдерді тұтынамыз. Бұның өзі қандай!?  

Қалада пәтер жалдап, көшіп-қонып жүргенше, Үкіметтің ұсынған демеуін құр жібермеуді ұсынамын. Бұрынғыдай емес, жолдың жағдайы жақсы, демалыс күндері қалаға барып-қайтуға болады. Ең бастысы, бұл жерде шыңдалып, мол тәжірибе жинайсың. Жастарға өсуге де мүмкіндік бар, — дейді әңгімелесушіміз.

Үйінің жанындағы бау-бақшасына түрлі жеміс, көкөністерді егіп үлгерген бағдарлама қатысушысы бүгінгі тіршілігіне дән риза.

6 мыңнан астам ақтөбелік игілігін көрді

Мемлекеттік бағдарлама әу бастан ауылда жұмыс істеймін деген жастарды ынталандыру мақсатында қолға алынғаны белгілі. Соның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешені салаларының өкілдеріне басымдық беріледі. Айталық, биыл өңірде  «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша 449 түлек еңбекпен қамтылады деп күтілуде.

— Аталған бағдарлама жастарымыз үшін керемет мүмкіндік деп ойлаймын. Еліміздің қозғаушы күші — жастарымызды демеуге бағытталған «Дипломмен — ауылға» бағдарламасының атқаратын қызметі зор. Оның аясында жас мамандар мемлекеттік қолдау шараларына ие болады. Қатысушының қала немесе ауылдан келгені маңызды емес, тек ауылдық елді мекенде жұмыс істеуге ниеті болса жетіп жатыр. Және қолында дипломы бар жастардың көшіп барғысы келетін ауылды өзі таңдауына мүмкіндігі бар. Негізгі талап — жобаға қатысушы ауылдық жерде мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс істеуі қажет.

Сонымен қатар бұл санаттағы жас кадрлар өзге мемлекеттік қызметшілер сынды әлеуметтік қолдау шараларына да іліге алатынын атап өткен жөн. Ең бастысы, бағдарлама қатысушыларының баршасына бір реттік көтермеақы — биыл 345 мың теңге беріледі. Мұнымен қоса қалауына қарай тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 1500 айлық есептік көрсеткіш (5 175 000 теңге) көлеміндегі бюджеттік несиеге иек арта алады.

2009-2022 жылдар аралығында облысымызда «Дипломмен — ауылға» бағдарламасына 6 мыңнан астам жас қатысты. Биыл 121 маманға барлығы 626,2 миллион теңгенің бюджеттік несиесі қарастырылмақ. Олардың дені — білім саласының өкілдері. Одан соң денсаулық сақтау, агроөнеркәсіп,  мәдениет салалары мамандарына сұраныс мол, — дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов.

Оның айтуынша, өңірлердегі құзырлы орган басшылары Үкіметке бағдарлама қатысушыларына берілетін несие мөлшерін ұлғайту жөнінде ұсынысын жолдаған. Себеп — жылма-жыл баспана бағасының шарықтауы. Ал қарыздың үстемеақысы, яғни пайызы өзгеріссіз қалмақ.


«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Ұлттық экономика министрлігі таратқан мәліметтерге сүйенсек, жобаны іске асыру кезеңінде (2009 жылдан бастап 2022 жылға дейін) еліміз бойынша барлығы 95 мыңнан астам маман 17 миллиард теңгеге көтермеақы алса, 45 мың маман тұрғын үй сатып алу үшін 142,5 миллиард теңге көлемінде бюджеттік несие рәсімдеген. Биыл 3,8 мың маманға тұрғын үй сатып алуға 20 миллиард теңгенің несиесін беру жоспарланып отыр.


Екі бағдарлама — бір мақсат

 Жыл өткен сайын көпшіліктің талап-тілегі бойынша «Дипломмен — ауылға» жобасына өзгерістер мен жаңашылдықтар енгізіліп келеді. Биылғы жаңалық — 1 сәуірден бастап бағдарламаның сенімді агенті болып Отбасы банк тағайындалды. Соған сәйкес азаматтардың уақытын үнемдеу және оларға осы мемлекеттік қолдауды алу процесін жеделдету үшін жоба цифрлық форматқа көшті. Енді өтінімдер otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимде қабылданады.

— Ол үшін қатысушы otbasybank.kz порталында тіркеліп, ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қоюы қажет.

Бағдарламаға ауылдық жерлерге енді ғана келген немесе бұрыннан тұрып жатқан және онда бірқатар кәсіптер бойынша жұмыс істейтін кез келген адам қатыса алады. Жасқа байланысты шектеу жоқ. Аудандық әкімдіктер мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жыл сайын өз елді мекенінде қажетті мамандықтар бойынша талап етілетін қызметкерлердің тізімін жасақтайтынын атап өту керек. Дәл осы тізім аясында жеңілдетілген несиелер беріледі.

Жәрдемақы мен бюджеттік несие алуға өтінішті бір мезгілде беруге болады.

Осы ретте қатысушылар ауылдан үй алу арқылы жағдайын жақсартып қана қоймай, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен несие алуға да мүмкіндіктері бар. Бұл жобаның шарты туралы бүкіл жерде кеңінен айтып жүрміз. Сондықтан жастарымызды аталған жобаларға қатысып, өңірімізді дамытуға атсалысуға және өзінің әлеуметтік жағдайын көтеруге шақырамын. Екі бағдарламаның мақсаты бір — халықтың әл-ауқатын жақсарту, — дейді жоғарыда аталған басқарманың басшысы Нұржан Мақсатов.

P.S. Қазіргі нарық заманында жұмысқа орналасуға сеп болып әрі көтермеақы беретін, оған қоса баспаналы болу үшін жеңілдетілген бюджеттік несие ұсынылатын «Дипломмен — ауылға» мемлекеттік бағдарламасы — жастарға үлкен олжа… Сала мамандары осыны түсінген жас мамандардың жылма-жыл артып келе жатқанын айтады.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button