ЖаңалықтарӘлеумет

Жол апаты жиілеп барады

Ақтөбелік полицейлер жол апатының көбеюіне алаңдаулы. Себебі осы жазғы демалыс кезінде жол апаттарының саны артқан.

Бұл туралы «Жол-көлік оқиғаларының алдын алу» тақырыбында өткен брифингте жергілікті полиция қызметі бастығы Айдос Құлжанов айтты.

Жол ережесін бұзушылар саны өте көп. Полиция күніне 20-дан астам жол-көлік оқиғасын тіркейді. Әсіресе шетелдік көлікті тізгіндегендердің тәртібі алаңдатады.

Биыл облыс аумағында 263 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 347 адам түрлі дене жарақаттарын алды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында акциялар ұйымдастырылып, жадынамалар таратылды. Соған қарамастан, қарсы бағытқа шығып кету, жылдамдықты асыру, мас күйінде көлік тізгіндеу салдарынан жол апаты жиілеп кетті. Жол-көлік оқиғасының жиілеуіне байланысты Самара-Шымкент тасжолында жүз шақырым сайын бір топ бақылау жүргізетін, енді ол қашықтық 30 шақырымға қысқарды, — дейді ол.

Оның айтуынша, облыста апат жиі болатын 13 қауіпті аймақ бар. Олар — республикалық маңызы бар Самара-Шымкент, Покровка-Жаңажол тасжолы және тағы басқалары. Жол-көлік оқиғалары осы жолдар бойында жиірек тіркеледі екен.

— Биыл республикалық, халықаралық маңызы бар тасжолдарда арнайы дрон және «Автоураган» көлігінің көмегімен 9 мыңнан астам ереже бұзған жүргізушілер анықталды. Жол апатының алдын алу мақсатында мына ережелерді сақтауыңызды сұраймыз. Егер сіз ұзақ сапарды жоспарласаңыз, көлік құралын алдын ала тексеріңіз, жолға дейін демалыңыз. Егер көлік жүргізу кезінде  шаршасаңыз, ұйқы қысса, жол бойындағы кемпингке тоқтаған дұрыс. Жүргізуші тек өзі үшін ғана емес, жолаушылардың және басқа да жол қозғалысына қатысушылардың өміріне жауапты. Көлік иелері осыны түсініп, соған сай әрекет етпейінше, жол-көлік оқиғаларының саны азаюы өзгеруі екіталай,— дейді ол.

Облыстық полиция департаменті  әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Еркін Өтегеновтің айтуынша, қаладағы көлік қозғалысынан көбіне жаяулар зардап шегіп жатады. Жүргіншілер жолағынан алаңсыз өтудің өзі мұң болып барады. Осы орайда облыс аумағындағы 17 қауіпті аймаққа 61 камера орнатылды. Сондай-ақ елімізде электр самокатпен жолда жүру тәртібі өзгеріп жатыр. Бұдан былай көлік құралы ретінде танылатын самокаттарды 18-ге толған, жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана пайдалана алады.

Бұдан былай электр самокатын жолдың оң жолағымен 18-ге толған, жүргізуші куәлігі мен қорғау шлемі барлар жүргізе алады. Сондай-ақ үстінде жарық шағылыстыратын киімі болуы қажет. Қалған жерлерде, мысалы, тротуарда жүретін болса, басымдық жаяу жолаушыларға беріледі, — дейді облыстық полиция департаменті  әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Еркін Өтегенов.

Ақмарал МҰҚАШЕВА

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button