Басты жаңалықтарӘлеумет

Тұмса табиғат таңғажайыбы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында туризмнің әсіресе экотуризм мен этнотуризмнің дамуына  экономиканың маңызды саласы ретінде көңіл бөлуді тапсырған болатын.

Президенттің бұл тапсырмасын орындауға біздің өңірдің әл-ауқаты жеткілікті. Өйткені Ақтөбе облысында табиғаты сұлу жерлер де, киелі орындар да баршылық.

Бір қуантарлығы, соңғы 3-4 жылдықта ақтөбеліктер арасында отандық туризмді қолдаушылар саны көбейгенге ұқсайды. Олай деуімізге өзіндік себеп бар. Бүгінде Қарғалыдағы сарқырамада, Байғаниндегі Ақтолағай үстіртінде, Мәртөктің орманында жүрген жерлестеріміздің фотосуреттерін әлеуметтік желілерден жиі көреміз. Десе де, әлі күнге дейін аяқ басып көрмеген әдемі жерлеріміз бар. Ол туралы ақпаратты қайдан білуге болады? Біз осы сұрақтың жауабын іздедік.

         

Біздің жаққа келсеңіз…

Қазір бұрын тек кітап пен интернет арқылы ғана таныс аңызға айналған тарихты көзбен көріп, аяқпен басудың мүмкіндігі жақындай түсті. Қолыңдағы ұялы телефон арқылы аспанның асты, жердің үстіндегі кез келген нүктені оңай табуға болады. Одан басқа ішкі туризмді дамыту, өңірге келген саяхатшыларға ақпарат беру мақсатында өткен жылы Ақтөбеде «Visit Aktobe» туристік ақпараттық орталығы ашылды.

«Сарқыт» мейрамхана кешенінің 3-қабатында орналасқан бұл орталықта Ақтөбе облысын алақандағыдай көру мүмкіндігі қарастырылған. Кіреберістегі жарға өңірдің картасы ілініп, киелі орындары көрсетіліпті.

Ал ресепшннің жанында тұрған туристік ақпараттық тақтадан қайда барып тынығуға, тамақтануға, қыдыруға болатынын, қаладағы саябақтар мен аллеяларды, облыс аумағында қандай туристік аймақтар бар — соның бәрін білуге болады. Бұл жерде туристер үш тілде ақпарат ала алады. Мәселен, Шалқар немесе Байғанин ауданына баруды алыссынсаңыз, осы жердегі тақтадан ондағы көрікті жерлер мен киелі орындарды 3д форматта көре аласыз. Ал егер сол маңға өз аяғыңызбен барғыңыз келсе, сізге «Visit Aktobe»-нің қыз-жігіттері көмектеседі.

Орталықтан Ақтөбе облысы мен қаласының туристік картасын көрдік. Қалтаға салып жүруге ыңғайлы етіп жасалған буклет-картада барлығы тайға таңба басқандай көрсетіліпті. Тіпті шұғыл жағдайда хабарласуға болатын жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіру қызметінің нөмірлеріне дейін жазылған.

Ал картаның төменгі бөлігіндегі суреттердің жанында QR-код тұр. Телефоныңыздың бейнекамерасын жақындатсаңыз https://www.visitaktobe.kz/kz сайтына топ ете қаласыз. Бұл сайтта табиғи, тарихи-мәдени, қалалық нысандарды қамтитын 29-ға жуық туробъект цифрландырылған. Сондай-ақ өңірдің негізгі туризм нысандары туралы пайдалы ақпараттар бар.

Орталық ашылғалы бері мұнда 1500-ден астам адам келіп ақпарат алған. Олардың қатарында Италия, Түркия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания секілді елдерден келген туристер де бар.

Орталық директорының міндетін атқарушы Темірлан Сәдуақасовтың айтуынша, туристердің көбі Ақтолағай үстіртіне баруға қызығушылық танытады екен.

— Жуырда Жапониядан келген туристерге қызмет көрсеттік. Облыстың киелі орындары, табиғаты әдемі жерлері туралы ақпарат алған жапондық жастар Байғанин ауданындағы  халықаралық маңызы бар оңтүстік Ақтолағай үстіртіне барғылары келді. Біз туроператормен байланыстырдық, — деді ол.

Айтпақшы, «Visit Aktobe» бюджет қаражаты есебінен өңірдің көрнекті туристік орындарына беседка, отырғыштар, қоқыс салатын жәшіктер қойып, бағыттауыштар орнатыпты.

Әңгіме барысында орталық басшысы халықаралық «Qargaly Fest» фестиваліне дайындалып жатқандарын айтты. Өткен жылы фестиваль аясында сұлу Қарғалының бойына 25 мыңнан астам адам жиналған болатын. Екі күнге созылған шараның арқасында қаланың қым-қуыт тірлігінен бір сәт қол үзген тұрғындар қайықпен серуендеп, ашық аспан астында тынығып, жұлдызды кештің куәсі болды.

Ауданның туристік әлеуетін бір көтеріп тастаған фестивальді өткізу биыл да жаздың соңына қарай жоспарланған. Бір қуантарлығы, бұл жолы саяхатқа құмар ақтөбеліктер 3 күн бойы Қарғалы су қоймасының маңында тынығады.

Бұдан басқа белгілі блогерлер мен журналистер үшін ақпараттық тур ұйымдастырылмақ.

2022 жылы Ақтөбе өңіріне 187 мыңға жуық, ал жыл басталғалы 35 мыңнан астам турист келген.

Облыс аумағында 23 маршрут жұмыс істейді, 859 тарихи және мәдени ескерткіш, 3 санаторий, 8 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар.

Халықтың, жақын және алыс шетелдердің азаматтары арасында 7 туристік нысан өте танымал. Олардың қатарында «Ақтолағай» бор таулары, «Қасқыр» сарқырамасы, «Аққұм», «Барқын» құмдары, «Мылқау» ауыл, «Орқаш» қорықшасы, «Төлеубұлақ» үңгірі бар.

Туған жерін туризм аймағына айналдырған азамат

Сұхбат барысында Темірлан Сәдуақасовтан қандай туристік операторлармен жұмыс жасайтындарын сұрадық. Ол бүгінде инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасында 27 мыңға жуық жазылуышысы бар Еркебұлан Аймұратұлының есімін атады.

Туған жерін туризм аймағына айналдыруды басты мақсат еткен Еркебұланмен біз алғаш рет 2020 жылы сөйлесіп, «Еркебұлан елге шақырады» деген мақала дайындаған едік. Араға 3 жыл салып, Ақтөбенің ішкі туризмін дамытып жүрген азаматпен сөйлесудің сәті түсті.

Алғашында тек Байғанин өңіріндегі Ақтолағай, Ақбота-Сәңкібай шоқысы, Дөңгелек сор, Күлдірдің тақыры, Аққұм секілді киелі жерлерге тур ұйымдастырып, пилоттық режимде жұмысын бастаған Еркебұлан бүгінде Ақтөбенің барлық ауданымен қатар, өзге өңірлерге, тіпті шетелге туристер апарып жүр екен.

Бұдан басқа қала маңында түрлі қызықты шаралар ұйымдастырады. Біз кездегі бала арманын өз қолымен ақиқатқа айналдырған жігіт мәселелер жүйелі түрде шешімін тауып келе жатқанын айтты.

— Туризм бағытында жұмыс жасап жатқанымызға 4 жылға жуықтады. Осы азғантай уақыттың ішінде бұл салада бірқатар өзгеріс болып, көп мәселе шешілді. Қазір облыс маңындағы туристік аймақтарға кемпинг зоналар мен әжетханалар орнатылды, — деген ол бізге осыдан үш жыл бұрын айтқан кеңесі әлі сөз жүзінде екенін алға тартты.

— Ақтолағайға қарай жолыңыз түсіп жатса, суды көбірек алып шығыңыз. Өйткені ең жақын деген су көзінің өзі — Ақтолағайдан 50-60 шақырым жерде.

Сондай-ақ бұл жаққа асты биік көлікпен барған жөн. Жол жүріп келе жатқанда көліктің астын қайта-қайта қураған шөптен тазартып, температурасын бақылап отыру керек.

Бұл аймақтың улы жәндіктердің көп шоғырланған жер екенін ұмытпаңыз. Біз сапарлар аясында жылан, сарышаян, бүйе, қарақұрт секілді жәндіктердің түр-түрімен кездестік, — деді ол.

Бүгінде Еркебұлан ұйымдастыратын турлардың ең арзаны 3000 теңгеден басталады. Бұл бағаға сіз Ақтөбе қаласының маңындағы әдемі жерлердің біріне барып, фотосессия жасай аласыз. Ал Ақтолағайға барғыңыз келсе, қалтаңызда 20 мың теңге болуы қажет.

Ол әр турында өз саяхатшыларына тек көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезінетіндей әсер қалдыруды көздейді.

— Кейбір аймақтарды маусымдық турларға жатқызамыз. Мысалы, Қарғалы сарқырамасына көктем айында, ал Мәртөктің орманына күз айында барған жақсы, — дейді Еркебұлан.

Ақтөбенің өзге өңірден несі кем?

 

Мерей ҚҰПЖАН, қала тұрғыны:

– Біз «өңір туризмі, отандық туризм» деген сөз тіркесін көп айтамыз. Бірақ іс жүзінде жергілікті туризмді қолдай бермейміз. Мәселен, Жерорта теңізі жағалауында қыздырынған ақтөбеліктің Барқын құмына табан тигізбеуі немесе Ниагара көрген қазақтың Қарғалыдағы «Қасқыр сарқырмасы» туралы естімеген болуы таңғаларлық жағдай емес. Өкініштісі сол — пандемия кезінде Көлсай-Қайыңды-Шерқалалардың қадірін түсінсек те, өңірлік туризмге аса бойлай алмадық. Әйтпесе дәл сондай әсем шатқал Байғанинде де бар емес пе? Ақтолағайды біздің тарихшы-өлкетанушылар айтып жүргелі қашан? Шатқалдан бөлек, Мәртөктегі ну орманға, ондағы марал шаруашылығына, Ырғыздағы Жаманшыңға,  сол өлкедегі табиғи резерватқа барып жатқанымыз шамалы. Меніңше, ел-жер көрмей тұрып, шетел аспай жатып, ең алдымен, өңірлік туризмді түсініп-түйсініп және тұшынып алуға тиіспіз. Сонда ғана әлемді дұрыс тани аламыз.

Гүлжазира ЖОЛЖАНОВА, Әйтеке би ауданының тұрғыны:

– Облыстағы киелі орындар мен көрікті жерлер туралы естігенімізбен, бара қоймайтынымыз рас. Бірақ мен өткен жылдан бастап Ақтөбе облысының туризм аймақтарын аралауды қолға алдым. Егер шын қаласаң, астыңда көлігің болмаса да, мәселенің шешімін табуға болады екен. Іздегенге сұраған: әлеуметтік желіден туроператор Еркебұланды көріп қалдым. Соның жолбасшылығымен Қобда, Қарғалы, Байғанин, Мәртөк аудандарында болып, табиғаттың кереметін тамашаладық. Енді Ойылдағы Барқынға барғым келіп жүр.

 Ақжүніс ЖАЛЕНОВА, қала тұрғыны:

– Ел көріп, жер таныған жақсы. Бірақ әрбір адам ең бірінші өзі туған өлкенің көрікті жерлерін көруі керек деп ойлаймын. Бұл ой маған туған жерім Байғанин ауданындағы Ақтолағай үстіртіне барғаннан кейін келді. Сол өлкенің қызы болсам да, тарихы аңызға айналған Ақтолағайдың сұлулығын тұрмыс құрып, ана атанған соң көрдім. Ол жердің аурасын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан барып көруге кеңес беремін.

 

Ақерке САТЫБАЛДЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button