Басты жаңалықтарМереке

Сарбаздардың Ақтөбедегі «Өмір мектебі»

Отан алдындағы борышын өтейтіндердің қазіргі жағдайы қалай?

Қазақстанның Қарулы Күштері құрамына кіретін әскери бөлімдер аз емес. Солардың бірі Қорғаныс министрлігіне қарасты №30238 әскери бөлімінің бүгінгі тынысы қалай? Мұнда жыл сайын қанша сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге келеді? Ал келісімшартпен жұмыс істеп жатқан әскерилер не дейді?

7 мамыр — Отан қорғаушылар күні қарсаңында Ақтөбедегі әскери өмірдің жай-жапсарын білген едік… Сапта тұрудан танкіні басқаруға дейін…

Ақтөбе қаласындағы №30238 әскери бөлімі командирінің бірінші орынбасары, майор Сапаралы Қазақбаевтың айтуынша, жыл өткен сайын сарбаздардың саны артып келе жатыр. Бұл, бір жағынан, әскери билеті бар жігіттерге жоғары оқу орнына түсуге жеңілдіктер қарастырылғаннан болса керек. Әсіресе мектепті енді бітірген жас талаптар мұнда жиі келеді екен.

— Бұрын әскерде болу 2 жылға созылса, қазір бір-ақ жылда өте шығады. Бақылау да күшейді. Біздің әскери бөлімде 72 бейнекамера орнатылған. Одан бөлек өз арамызда тәулік бойы кезекшілік құрылған, әскери полиция бар. Соның арқасында болар, қайғылы жағдай, оқыс оқиғалардан аманбыз.

Бір сөзбен айтқанда, жігіттердің әскерге деген ынтасы жақсы. Мұнда болу мерзімі қысқарып, әскери борышын өтегендерге институт-университеттерге түсу жағынан артықшылықтар болғандықтан, Отан алдындағы борышын өтеуге ниетті інілеріміз көбею үстінде. Мысалы, 2020 жылмен салыстырғанда, биыл әскерге келушілер әлдеқайда көп. Еліміздің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатыр. Жыл сайын 500-600 сарбазды әскери өмірге даярлаймыз.

Әскери бөлімде мыңға жуық әскери қызметкер бар. Олар — офицерлер, келісімшарт бойынша жұмыс істейтін сержанттар, сарбаздар. Материалдық-техникалық базамыз да жақсы. Жаяу әскер, барлаушы топтар, артиллерия, танкі әскері, басқа да түрлері қамтылған. Қару-жарақ, техникалар жағынан да осал емеспіз, бірақ әскери құпия болғандықтан нақты атауы мен санын айта алмаймын, — дейді ол.

Жер-жердегі әскери бөлімнің өзіндік мақсат-міндеті болатыны белгілі. Біз барған №30238 әскери бөлімісыртқы жауға әскери дайындық жүргізуге ерекше күш салады. Соған сай сарбаздарға сапта тұру тәртібі, киім кию үлгісі, басқа да әскери талап-тәртіптерді айтпағанда, жауынгерлік даярлық тереңдетілген деңгейде үйретіледі. Айталық, көптеген қару түрінен ату, түрлі әскери техниканы басқару, т.б. жағынан тәжірибелі мамандар сабақ береді.

«Әрине, әскери өмір оңай деуге келмейді. Бірақ ол ер жігіттерді шыңдайды. Әлгінде айтқанымдай, бізге 18-19-ға енді толған жас жігіттер келеді. Әдетте олардың 99 пайызықару-жарақтың «тілін» білу былай қойғанда, қалай дұрыс жүгіру керектігін де білмейді. Соның барлығын бір жыл бойы үйретеміз. Біздің мақсат та сол. Сондықтан денсаулық жағдайы, соның ішінде Ақтөбенің климаты жақпаған бірлі-жарым сарбаздарды есептемегенде, орта жолдан үйіне қайтататындар сирек. Бұрынғыдай емес, әскерде болу біраз жеңілдеді ғой. Мәселен, әскери борышын осында өтеп жатқан сарбаздарға сенбі-жексенбі күндері серуен ұйымдастырып, кинотеатр, музей сияқты мәдени орындарға апарамыз. Әр аптаның қорытындысы бойынша жақсы нәтиже көрсеткендерге демалыс беріледі. Сондай-ақ өз үйіне барып-қайту үшін он күнге каникул және қарастырылған. Қазіргі таңда қысқы оқу кезеңіндегі жауынгерлік даярлықтан үздік шыққан қатардағы 4 жауынгер сондай мүмкіндікке ие болып, ата-анасының қасында тынығып жатыр. Яғни жақсы оқыған, тәртібі үлгілі сарбаздарға қай жағынан да жеңілдіктер жасалады», — дейді №30238 әскери бөлімі командирінің бірінші орынбасары.

Әр әскери бөлім — бөлек бір әлем. Мұнда спортпен етене айналысып, әскери дағдыларды жан-жақты меңгеруге бар жағдай жасалған. Аталған әскери бөлімді тікелей қадағалайтын «Батыс» өңірлік қолбасшылығы да спорттың бірнеше түрінен жарыстарды республикалық, облыстық деңгейде ұдайы өткізіп тұрады. Сондай сайыстарда гір көтеру, қоян-қолтық ұрыстардан ақтөбелік Дәурен Базарбаев, Ақболат Ізтілеуов, Алмасхан Мәмбетов, Айбар Мәмбетов сынды әскери қызметшілер жүлделі орындардан көрініп жүр.

Ал сарбаздардың күн тәртібі қалай өріледі? Майор Сапаралы Қазақбаевтан білгеніміздей, қатардағы жауынгерлер таңғы сағат 6.30-да ұйқысынан оянып, 40 минут жаттығу жасайды. Одан кейін жуынып-шайынып, таңғы асын ішеді. Артынша түске дейін жоспарлы сабақтар өтеді. Тамақтанып алған соң, әрқайсысы өз бетімен келесі күнгі сабаққа дайындалады. Кешқұрым ауқаттанып алғаннан кейін 2 сағат жігіттердің теледидар көріп, газет оқуына, киімдерін үтіктеуіне, жалпы жеке ісімен шұғылдануына болады. Сосын сағат 22.00 — ұйқыға жататын уақыт. Осылай күнбе-күн қайталана береді…

— Ас-ауқат жағынан қиындық жоқ, күніне үш мезгіл тамақтанады. Мәзір республикалық әскери штаб тарапынан бекітілген. Ал мереке күндері жеміс-жидектер, айран ұсынылады.

Қазір барлығында телефон бары белгілі. Бұрынғыдай әскерден хат жазбайды. Сарбаздарға демалыс күндері екі сағатқа байланыс құрылғылары беріліп, тума-туыстарымен сөйлесуге рұқсат етіледі, — дейді С.Қазақбаев.

«АрманымҚазақстан Қарулы Күштерінің бас сержанты болу» 

№30238 әскери бөліміне қарасты 1-мотоатқыштар батальоны 3-мотоатқыштар ротасының рота сержанты Тілектес Ражабов бала кезден әскери адам болуды армандаған. Мұғалжарлық жігіттің ойынша, әр ер адам кез келген сәтте әскери ұрысқа дайын болуы керек.

— Әскер — егемен еліміздің берік қалқаны. Оны нық ұстап тұру — қасиетті борыш қана емес, зор мәртебе. Кішкентайымнан әскерде болған ағаларыма, олардың формасына қызыққан соң болашағымды тек осы саламен байланыстырдым. Мектепті бітірген бойда ойланбастан Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусына оқуға түскенім сондықтан. Одан соң АқтаудағыТеңіз жаяу әскері бригадасы әскери бөлімінде еңбек еттім. 2019 жылдан бері өзімнің туған жерім — Ақтөбе қаласында қызметтемін, — дейді 28 жастағы Тілектес.

3-сыныпты сержант күнделікті сарбаздардың хал-жағдайын, соның ішінде киім үлгісін, тазалығын, жатын орнын және материалдық-техникалық базаны тексеру міндетіне кіретінін атап өтті. Сондай-ақ жауынгерлік және физикалық дайындық, қарудан қалай ату керек, далалық жиындардағы оқу-жаттығу — осының барлығына жауапты.

— Он жылдан бері осы әскери саладамын. Талай жігітті осында күтіп алып, шығарып салдым. Бір байқағаным, әскерге барушылардың қатары жыл санапкөбейіп келеді. Тіпті сұранып, бара алмай жүргендер қаншама! Бұл — қуантарлық жайт. Өзім әр жігіт әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтегені дұрыс деп есептеймін. Өйткені әскер — өмір мектебі. Әскерге барған адам, біріншіден, физикалық әрі рухани тұрғыда шыңдалады. Белгілі бір тәртіпке бейімделіп, қай нәрсеге болсын көзқарасы өзгереді. Әрі Отанға деген сүйіспеншілік, ата-анаға, досқа деген құрмет сезімі де арта түседі.

Бүгінде екі қызым бар. Болашақта ұлым болса, міндетті түрде жолымды қуғанын қалар едім, — деген ол соңынан ерген жалғыз інісінің полицей екенін қосты.

Әңгіме арасында бүгінге дейінгі жетістіктеріне жетуде ата-анасы Мұрат пен Әминаның еңбегі өлшеусіз екенін айтқан әскери қызметшінің ендігі арманы — ҚР Қарулы Күштерінің бас сержанты болу.

Отан қорғаушылар күнін әдетте отбасымен қарсы алатын Тілектес Ражабовқа 2014 жылғы 7 мамыр ерекше есте қалыпты.

— Кадет корпусының IIкурсында оқып жүрген кезім. Бәріміз 7 мамыр күнгі әскери парадқа қызу дайындалып, таңнан кешке дейін дамыл таппаймыз. Қызығы сол — 1-2 күн қалғанда арамыздағы бір жігіт желшешекпен (ветрянка) ауырып қалып, тұтасбөлімді карантинге жауып тастағаны бар. Сөйтіп, қаншама уақыт жақсылап дайындалғанымызбен, мерекелік бағдарламаға қатыса алмай қалдық. Сол жылғы 7 мамыр осындай оқиғасымен есімде сақталыпты. Негізі, мерекені жылда бір-бірімізді құттықтап, дастарқан жайып қарсы аламыз, — деп сөзін аяқтады рота сержанты.

«Әскери баспананың» игілігін көрген Әнуарбек

— Мамандығым — заңгер. Онымен дипломым бойынша жұмыс табылмай, әскерге кеттім. Содан кейін осы салаға ауыстым. 2014 жылы келісімшарт бойынша Ақтау қаласындағы №25744 әскери бөлімде қызмет етіп бастадым. 3 жылдан бері №30238 әскери бөліміндемін. Қазіргі таңдаартиллериялық дивизионы артиллериялық батареясының сержанты ретінде жеке құрамның жауынгерлік және физикалық даярлығы, моральдық-психологиялық жағдайы, жалпы тәртібін қадағалаймын. Өзімнің туып-өскен жерімдегі жұмысым ұнайды. Жалақымыз уақтылы беріледі, «Әскери баспана» бағдарламасы арқылы баспаналы болдым, — деп әңгіме тиегін ағытты 32 жастағы Әнуарбек Құрманғазин.

Генерал болуды армандамайтын сарбаз жоқ. Кейіпкеріміз деҚР Қарулы Күштерінің бас сержанты болуды мақсат етеді. Ол үшін, әрине, тынбай еңбектеніп, қызметте жақсы жағынан көріну керектігін жақсы түсінеді.

Екі баланың әкесі әлеуметтік жағдайының орташа екенін айта келе, әскерилерге қолдау күшейтілсе деген бұйымтайын білдірді. «Біздің әскери бөлімнің жағдайы өте жақсы. Сарбаздардың жай-күйі де, осыдан 10 жыл бұрынғылармен салыстырғанда, әлдеқайда тәуір. Бұны өз тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Осы орайда тек әскерилердің жалақысын өсірсе деген тілегім бар. Өйткені қазір бәрі күн санап  қымбаттап жатыр… Еңбекақымызды көп деуге келмейді. Мүгедек қызым бар. Оған ерекше күтім керек. Неге екенін білмеймін, қазір денсаулығы дімкәс балалар көбейді. Сондай отбасыларға материалдық көмек көрсетілсе, жақсы болар еді», — деді әскери қызметші.

Физикалық формада болу үшін спорттық жаттығуларды үзбейтінін айтқан Әнуарбектен жұмыстан тыс уақытта әріптестерімен футболдан жарыс ұйымдастыратынын, жалпы салауатты өмір салтына ерекше көңіл бөлетінін білдік. Әскери техникалардың «тілін» жетік білу үшін күнделікті оқу-жаттығу жұмыстарының тоқтамайтынын да баян етті.

3-сыныпты сержант Отан қорғаушылар күнінің «иісі» жұмыс орнындағы толассыз құттықтаулардан-ақ сезілетінін, мерекені отбасымен кең дастарқан басында атап өтетінін айтты.

Бөлімше командирінің белесі

Күн сайын 100 метрге жүгіру, кемінде 15 рет белтемірге (турник) тартылу, апта сайын сынақ тапсыру.  Бұл — жоғарыда аталған әскери бөлімнің танкіге қарсы батереясының бөлімше командирі Бауыржан Есенаманның спорттық нормативі.

Қарағанды облысында әскери борышын өтеген оның Ақтөбедегі әскери қызметіне— 8 жыл. Қарамағындағы 7-8 адамға басшылық ететін 29 жастағы жігіт:

— Біздің басты талап — әрдайым физикалық дайындықта болу. Сондықтан дене жаттығуларына, спорттық сайыстарға ерекше мән береміз.  Әскери бөлімнің өз полигоны бар, күн сайын сол жерде жаттығамыз. Өзім осы спорт жағынан «5» деген бағаға тапсырамын, — дейді.

Әсіресе жаз мезгілінде оқу-далалық жиындардың көбейетінін айтқан бөлімше командирі сынақ барысында әр минуттың ерекше рөл атқаратынын баян етті. Оның айтуынша, тек сарбаздарға ғана емес, әскери қызметшілерге де бұл жағынан талап жоғары. Өйткені қай кезде де алдыңғы буын кейінгілерге үлгі көрсетуі керек…

Әу баста энергетика саласы бойынша білім алған Бауыржанныңәскери адам атануының өзі қызық. «Біздің елімізде еңбек өтілінсіз ешқайда қабылдамайды. Оқуды енді бітірген жасқа қайтпек керек? Амалсыздан басқа салаға бет бұруына тура келеді. Менде де сондай жағдай болды. Әскери салада бәрін өздері үйретеді, анау айтқандай талап жоқ. Шүкір, осы салаға келгеніме өкінбеймін», — деп сыр ақтарды.

Батылдық, физикалық және психологиялық дайындық, шапшаңдық. Бауыржан әскери адам болу үшін осы қасиеттер адам бойынан табылуы керек деп есептейді.

«Аттандым үйіме, көңілде — мол арман…»

Біз №30238 әскери бөліміне сұхбатқа барғанда бір топ сарбаз еліне қайтуға дайындалып жатыр екен. Солардың бірі осында бір жыл әскери борышын өтеген атыраулық Тұрар Амангелдіні дәл туған күнінде аз-кем әңгімеге тарттық.

— Индер ауданынан 18 жасқа толған күнімде осында келіп едім, араға бір жыл салып қоштасатын сәт те жетті. 19 жасымды керемет көңіл күйде қарсы алып жатқаныма қуаныштымын. Өйткені армияны ойдағыдай өткердім, денім сау, шүкір.

Үйде анам күтіп отыр. Соған асығып барамын. Шыны керек, қашан қайтқанша сағат санап кеттім, — деп күлген жас жігіт әскерге өз еркімен келгенін, Атырау қаласындағы колледждердің бірінде өрт сөндіруші мамандығына оқып жатқанын айтты. Әскерге қабылданбастан бұрын шаштараз болып қосымша жұмыс та істеген.

Енді әскери сала бойынша жоғары білім алуды жоспарлап отырған Тұрар жазға салым Алматыдағы институтқа құжаттарын тапсырмақ. Мемлекеттік гранттан үмітті.

«Әрине, басында темірдей тәртіпке үйренісу, ұйқыдан ерте тұру қиынға соқты. Қанша айтқанмен, басқа орта әсер етпей қоймайды. Бірақ Атыраудан барлығы 23 жігіт боп келгесін әскердегі өмір қатты ауыр болды деп айта алмаймын. Бала кезден бірге өскен досым Батырбек Айтмұқан әрқашан қасымнан табылды. Осында ақтөбелік Дастан Әлібеков есімді жақсы дос та таптым. Бәріміз сыйластықта борышымызды өтедік. Тамақ жағынан тіпті қиналмадық, керісінше, артылып қалып отырды», — деп ағынан жарылды әскерден қайтқан Тұрар.

№30238 әскери бөлімінде АКС-74, миномёт, т.б. қару түрлерінен атуды үйренген ол әскери психолог мамандығын игеруді мақсат етіп отыр.

— Әрине, ең әуелі анам Кенжегүл Жұмашоваға, осында бәрін үйреткен ағайларға және әскери борышымызды бірге өтеген замандастарыма алғыс айтамын.   Мен үшін бұл үлкен мектеп болды. Менің ойымша, лажы болса, әр жігіттің әскерге барғаны дұрыс.

Бұйыртса, пойыздан түскесін тума-туыс, достарымды жинап, дастарқан жаймақ ойым бар. Одан кейін жоғары оқу орнына түсуге дайындаламын, — деп сөзін түйіндеді Тұрар Амангелді.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button