Басты жаңалықтар

Ақтөбеде Студенттер үйі ашылды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов «Эрудит» студенттер үйінің ашылуына қатысты.

Өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттеріне арналған бірінші жатақхананың құрылысына кәсіпкер 750 млн теңге  көлемінде инвестиция салған. Жоба «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландырылды.

Енді мұнда 620 студент айына 35 мың теңге төлеп тұра алады.

Жаңа Студенттер үйінде медициналық пункт, жаттығу залы, әртүрлі іс-шаралар өткізуге арналған конференц-зал бар. Сондай-ақ жастар караокеде ән айтып, туған күндерін өткізетін алаң да қарастырылған.

Өңір басшысы кәсіпкерге осында тұратын студенттерге болашақта табыс табуға мүмкіндік беретін кәсіпкерлік негіздері мен қосымша мамандықтар бойынша қысқамерзімді курстар ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Ералы Тоғжанов «Дару» оңалту медициналық орталығының жұмысымен танысып, жоғары технологиялық жабдықтарды қарап, ем қабылдап жатқан науқастармен әңгімелесті.

Медициналық мекеме 2013 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ашылған.  Емхана келушілерге амбулаторлық және стационарлық мамандандырылған көмек көрсетеді.

Облыс әкімі халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын сұрап білді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша денсаулық сақтау саласына, сондай-ақ медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде медициналық мекемелердің құрылысы жүргізіліп, заманауи құрал-жабдықтар сатып алынуда. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру, оның ішінде шетелде білімін жетілдіру бағытында да  барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Барлық шаралар халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру үшін жасалып отыр. Бұл — ең өзекті  мәселелердің бірі», —  деді облыс әкімі емхана ұжымымен әңгімелесу  барысында.

Сондай-ақ Ақтөбеде «Gold Fitness» жаңа орталығы есігін айқара ашты.

Жоба құны — 700 миллион теңге. Мұнда спортпен айналысуға, жеке жаттығулар жасауға барлық жағдай жасалған.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button