Жаңалықтар

Контейнерлер алаңы: үйілген қоқысты кім шығаруы тиіс?

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов аппарат жиынында тағы да Ақтөбе қаласының тазалығын сынға алды.

Күз бойы қала тазалаған еңбекті бірлі-жарым қоқыс контейнері алаңындағы үйілген тұрмыстық заттар еш ете ме? Қаланың адамы полигонға дейін барғысы келмейді, ал тазалаушы мекеме өзіне тиесілі еместі мойнына алғысы келмейді.

Мысалы, қаладағы ең негізгі көшелердің бірі — Ә.Молдағұловадаңғылында орналасқан №58/Б үйдің маңында қоқыс тау-төбе болып үйіліп жатыр. Бұған кім жауапты?

Астана ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық  бөлімінің басшысы Мирас Ажибаевтың айтуынша, қоқыс контейнерлері маңындағы үлкен көлемдегі тұрмыстық қалдықтарды жинауға қоқыс шығарушы мекеме де, қала тазалығына жауапты мекеме де міндетті емес.

— Бұған тұрғындар жауапты. Бекітілген ережеге сәйкес, ірі көлемдегі заттарды қоқыс полигонына тұрғындар шығаруы тиіс.

Дегенмен «Өтес-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қоқыс алаңдарын 1-2 күнде тазалауды тапсырдық. Жақын күндері сыннан қорытынды шығады, — дейді Мирас Ажибаев.

«Өтес-Ақтөбе» ЖШС —Ақтөбенің орталық көшелерін тазалайтын мекеме. Бұл серіктестікке шаһардағы жалпы көлемі 1 508 070 шаршы метр аумақтытазалау міндеттелген.

Бізге 28 көше бекітілген. Олардың арасында Әбілқайыр хан, Молдағұлова, Сәңкібай батыр даңғылдарының және Пожарский көшесінің жарты бөлігі, сондай-ақ Есет батыр, Маресьев, Қалдаяқов, Тілеу батыр, Вавилов, Рысқұлов, Досжанова, Сәтбаев, Макаренько, тағы басқа көшелері бар. Мекемеде 35 жұмысшы еңбек етеді. Олар жылдың төрт мезгілінде де дамыл таппай, жұмыс жасайды. Жаз бен күзде жаяу жүргіншілер жолындағы жапырақтарды жинап, қоқыстарды сыпырып әуре, көктемгі лайсаңда жұмыс тіптен күрделілене түседі. Қыста тіптен маза жоқ: ауа райы қалай құбылады деп отырамыз. Мәселен, болжамға сүйенсек, бүгін түнде қар жауады. Демек, ертең қарбалас болады. Біздің міндет — көше жолдарын, жаяу жүргіншілер жолдарын жинау. Адамдар құлап қалмауы үшін жаяу жүргіншілер жолын қар мен мұздан тазалаймыз, — дейді «Өтес-Ақтөбе» ЖШС бас директоры Мұрат Пірімбетов.

Жалпы Ақтөбе қаласындағы Астана және Алматы аудандарында 14 аумақтық учаске бар. Оларға 7 мердігер мекеме қызмет көрсетеді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button