Жаңалықтар

Түбіртек талап етсеңіз…

Брифинг

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Түбіртек талап ет те, сыйақы ал» акциясын біраз жылдан бері ұйымдастырып келеді.

Бейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақтөбе қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Айбол Жұмабаев осы акцияның мақсаты, қатысу шарттары туралы айтты.

— «Түбіртек талап ет те, сыйақы ал» акциясы былтырғы қазаннан бастап қайта жалғасын тапты. Оның басты мақсаты — көлеңкелі экономикамен күреске қоғамды, қарапайым азаматтарды жұмылдыру. Жеке кәсіпкер табысының нақты мөлшерін жасыру үшін сатып алушыларға түбіртек бермеу, төлем карточкаларын қабылдамау секілді әрекеттерге барса, азаматтар бейнекөрініс не суретке түсіріп, бізге жолдай алады, — деді Айбол Жұмабаев

Бейнекөрініс не сурет түсіріп, мемлекеттік кіріс органдарына жолдау үшін азаматтар өз смартфонына Wipon Cashbak қосымшасын жүктеп алулары керек. Бұл — тегін қосымша. Ал жіберілген мәліметтер расталған жағдайда бейнекөрініс пен суреттің авторына ұялы байланысқа бірлік түрінде сыйақы беріледі.

— Бізге жіберілген әр жағдай бойынша тексеру жүргізіліп, тиісті шара қолданылады. Жыл басынан бері осы акция шеңберінде 113 арыз түсіп, кінәлі адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Біз барша тұтынушыны көлеңкелі экономикаға қарсы күреске атсалысу үшін осы акцияға белсене қатысуға шақырамыз, — деді қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары.

Сондай-ақ баспасөз жиынында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қолданысқа енгізген «E-salyk Azamat» мобильді қосымшасы туралы да айтылды. Аталған қосымша арқылы жеке тұлғалар өзінің мүлік, жер, көлік, т.б. салықтар бойынша қарызын және басқа да мәліметтерді ала алады.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button