Жаңалықтар

Судың да сұрауы бар

Индира ӨТЕМІС,
«Ақтөбе»

Ойтүрткі

Ақтөбе мен Ойылдың арасы — ең көп жүрген жолым. Осы жолдың бойындағы әлдеқашан құрғап, кейбірінің аты ғана сақталып, енді бірінің тіпті аты да қалмаған өзендердің қалың бұта, шөп басқан арналарына бұрын кәдімгі үйреншікті көрініс секілді қарап келіппін. Тек соңғы жылдары әрқайсысына үлкен уайыммен қарайтын болдым. Оған себеп — Ойыл өзенінің құрғауы. «Тас түскен жеріне ауыр» дегендей, адам не нәрсенің де салмағын өз басына түскенде ғана түсінетін болса керек: Асан қайғы бабамыз жырға қосқан, сол топырақтың әр перзенті үшін жанының бір бөлшегіне айналып кеткен Ойылдың да… (бетін аулақ қылсын, әрине) біржола құрғап, орны ғана қалған өзендердің қатарына қосылуы мүмкін екенін ойлаудың оңайға соқпағанын айтып жатуым артық болар?
2019-2021 жылдары елімізде жауын-шашын аз болды, қуаңшылық қатты сезілді. Дала қуарып, жұрт жауын тілеп, тасаттық жасауды жиілетті. Қынжылтатыны — сөйте жүрсек те, су қорын тиімді пайдалану, өзен-көлдерді ластамау, күнделікті тұрмыста суды үнемдеу мәселелері төңірегінде ойлана бермейтініміз.
Мысалы, Израильде тұщы су көзі аз. Бір кездері тұщы су тапшылығынан тіпті қарулы қақтығысқа киліккен Израиль қазір әлемдегі су мәселесін ең тиімді шешкен мемлекетке айналды. Мұнда теңіз суын тұшыту өндірісі кең түрде жолға қойылған. Кейінгі уақытта тұщы суға қажеттіліктің жартысы осы өндірістің есебінен өтеліп отыр. Екінші жағынан, күнделікті тұрмыстағы үнем мәселесіне барынша маңыз беріліп, жан-жақты насихаттың жанашырлықпен жүргізілгені соншалық, бүгінде Израиль халқы суды үнемдеп пайдалануды өзінің ұлттық мәдениетінің, болмысының ажырамас бір бөлшегі ретінде қабылдайтын болды. Оның үстіне халыққа су жан басына шекті мөлшермен ғана беріліп, ал белгіленген шектен асып кеткен жағдайда, қымбат тариф қолданылады. Еуропа елдерінде де суды үнемдеп пайдалануға барынша мән беріледі. Еуропа жұрты күнделікті ыдыс-аяқ жуғанда, жуынғанда суды үнемдеуге мүмкіндік беретін әдеттерді, сумен жабдықтау жүйесіне үнемдегіш құрылғылар қоюды қатты ескереді.
«Судың да сұрауы бар» деп, барша түркі халықтары, соның ішінде Ұлы дала жұрты да қаптаған өзен-көл, сылдырап аққан бұлақтардың ортасында отырып, тегін, таусылмастай көрінетін судың өзін артық шығындамау, ысырап етпеу, ең бастысы, ластамау мәселесіне барынша мұқият қараған. Ал кеңестік заманның «қырғи-қабақ соғыс», әлемнің алып елдерімен барлық саладағы бәсекелестік жылдарында алға қойылған мақсаттар табиғатты қорғау, экология мәселелеріне мүлде мойын бұрғызбады. Айдыны шалқыған Арал тартылды. Бидай, жүгері, мақта, күріш өсіру жоспары әр бесжылдық сайын артып, басқаны айтпағанда, Сыр мен Әму сынды өткел бермес дариялардың арнасын тарылтты. Кәсіпорындар қалдық суын өзен-көлдерге еш аяусыз төкті. Сандаған шағын өзендер, «ақ моншақтан аспанға шашу шашқан» бұлақтар жоқ болып тынды. Ең өкініштісі, кеңестік дәуірде санаға, тұрмысқа әбден сіңген сол дарақылықтан арылмақ түгіл, арылудың қажеттігін де жете түсіне алмай келеміз.
Қай елде де су қорының көп бөлігі ауыл шаруашылығына жұмсалады. Қазақстанда жыл сайын пайдаланылатын судың, орта есеппен 60-67 пайызы осы саланың үлесіне кетеді екен. Сондықтан ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларының қоршаған ортаға жанашырлығы, осы салаға су үнемдейтін заманауи технологияларды енгізу мәселесі өте-мөте өзекті. Ал халықтың тұрмыс қажеттіліктеріне жыл сайынғы су шығынының 10 пайызы ғана жұмсалғанымен, шын мәнінде, нақ осы күнделікті өмірде суды үнемдеуге мән берудің маңызы зор, өйткені болашақ әр азамат, ертеңгі ұрпақ, ең алдымен, отбасында тәрбиеленеді, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі».
«Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, мамандардың болжамы бойынша, 2040 жылға қарай елімізде су тапшылығы 50 пайызға жетуі мүмкін. Ендеше, келешек күннің несібесін де ойлап, суды тұтынуға жауапкершілікпен қарап үйреніңіз. Әр тамшы суды үнемдеудің маңызды екенін ұмытпаңыз: теңіз де тамшыдан құралады…

Басқа жаңалықтар

Back to top button