Жаңалықтар

Келер жылы 22 ауыл әкімінің сайлауы өтеді

Бейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде «2021 жылғы ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлау қорытындылары» тақырыбында брифинг өтті.

Биыл ел Президентінің тапсырмасы бойынша тұңғыш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өткені белгілі. Сол бойынша дерекке көз жүгіртсек, 2021 жылы облыстың 12 ауданында 141 әкімнің 43-і тікелей сайлауға қатысты. Оның 36-сы өкілеттік мерзімінің аяқталуына, ал 7-еуі өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты саяси науқанға түсті. Сайлау барлық 12 ауданда өтіп, оған 12 аумақтық және 91 учаскелік сайлау комиссиялары қатысты, — деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов.

Оның айтуынша, барлық 43 округ бойынша 144 кандидат ұсынылды: 65-і өзін-өзі ұсынса, 79-ы 6 саяси партияның атынан түскен. Жалпы, үміткерлердің басым бөлігі мемлекеттік қызметкерлер екен. Бұл ретте осы жылғы сайлау қорытындылары бойынша әкімдер корпусы 30 пайызға жаңарғанын айта кету керек. Өз кезегінде 43 округте өткен сайлауларға дауыс беруге 41024 сайлаушының 32157-сі, яғни 78,4 пайызы қатысыпты.

Брифинг барысында биылғы сайлау науқаны кезінде арыз-шағымдардың түспегенін баян еткен спикер келер жылғы жоба-жоспарларға да тоқталды.

— 2022 жылы заңмен белгіленген өкілеттік мерзімдері аяқталатын 22 ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткізіледі, — деді ол.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button