Жаңалықтар

Бидай өсіндісінен шырын өндіреді

Тәуелсіздік құрдасы

Егемен елімізбен бірге дамып, өсіп келе жатқан отыз жастағы тәуелсіздік құрдастарының дені белгілі бір салада жетістіктерге жетіп жүр. Солардың бірі — жас кәсіпкер Аида Нұрымова.

«Иә, мен 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алған тұста дүниеге келдім. Егемен елдің баласымын. Біздің мемлекет шағын және орта бизнесті дамытуға көптеген мүмкіндік беріп отыр. Бұл мүмкіндікті міндетті түрде пайдаланып қалу керек деп есептеймін», — деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. Одан әрі ол биыл облыстық кәсіпкерлік басқармасы ұйымдастырған «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша гранттардың облыстық байқауына өзінің жобасын ұсынып, қатысқанын, алайда осы жолы грант иегері бола алмағанын, бірақ алдағы уақытта тағы бір бағын сынап көретінін де әңгімеледі.

— Мен бидай өсінділерінен шырын жасаймын. Ол «витграсс» деп аталады. Ағылшын тілінен аударғанда wheat — бидай, grass — шөп дегенді білдіреді. Витграсс — шетелде өте танымал сусын, сосын мен де өзім тұратын қаланың тұрғындары осы жасыл түсті шырынның пайдасын көрсе дедім. Оның үстіне пандемия бәрімізге денсаулықтың қадірін түсіндірді. Менің бағытым — жаңа, көпшілік әлі білмейді, бірақ осы идеямды ілгерілетуге барлық күш-жігерімді саламын. Қазіргі таңда мен өзімнің отбасым мен таныстарым үшін ғана бидайды үйде өсіре бастадым, мен өндірген шырынды ішіп көргендер жылы сөздер айтып жатыр, өзім де ішіп, денсаулығымдағы оң өзгерістерді байқадым. Мен бидайдың жасыл желегін гидропоника технологиясы бойынша, яғни топырақсыз жасанды ортада өсіремін. Бидай 10-15 сантиметрге дейін өседі, бұл — өсіндінің пайдалы витаминдер мен минералдарға бай ең жақсы кезі. Біз өнген өсінділерді қиып аламыз, шырын сыққышпен сығып, шырын өндіреміз, сосын досымнан сұрап алған қарқынды мұздату камерасына қоямыз. Мұндай технологияда шырынның құнары 97 пайызға дейін өз бойында сақталады. Содан кейін ғана кәдімгі мұздатқыш камерада сақтауға болады. Витграссты тұтынар алдында ғана еріткен жөн,дейді Аида Нұрымова.

Аида кооперативтік колледжінде оқып, кейін 9 жыл тамаша тату ұжым — «Энергия» сауда үйінде еңбек етті. Бүгінде сүйікті жар, екі баланың анасы, үлгілі келін. Қазір бала күтімімен үйде отырған ол осылай өзі ұнатқан кәсібін жүргізуге көмектесіп, қолдау білдіріп отырған ата-аналарының еңбегінің зор екенін де атап өтті.

Айтпақшы, жасыл шырын, яғни витграсс 400-ден астам тірі фермент пен адамға қажетті 95 микро және макро элементке, амин қышқылдарына, витаминдерге бай. Витграсс көрші Ресейде кеңінен танымал, сондай-ақ Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент секілді ірі қалаларда да бар. Біздің өңірде мұндай өндіріс жоқ. Иә, әркім өз үйінде балконда өсіріп, қиып, тағамға пайдалануына болады. Ал біздің кейіпкеріміз Аида Нұрымова бидай өсіндісінен шырын алатын цех өндірісін құрып, бүкіл Батыс Қазақстан аймағын жасыл шырынмен қамтамасыз етуді армандайды.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button