Жаңалықтар

Бұқара

  • Тағдыр

АҚТӨБЕ ӘУЕЖАЙЫНДА ЖҮРГЕН ЖАУЫНГЕР ЕЛЕСІ

Ырыздық-дәм таусылмаса, қырық жыл қырғынның болғаны, оқтың қарша борағаны, талша мойынның қылша жүдегені пенде баласына әсер ете қоюы екі талай дүние. Үстіне тау құлап кетсе де, ажалсыз адамдар өлмейді деген осыдан да болар. 1942 жылдың қаңтар айының 9-ы күні әскер қатарына алынған жауынгер жайындағы бір тұмшаланған тұнжыр естелікті баян етіп көрелік.

Қазақтың даласынан қан майданға жауынгер жинап, алып империялар арасындағы қақтығысқа, қанды қасаптың қақ ортасына жасты да, жасамысты да еріксіз апарды. 1916 жылы патшаның әскер қатарына 19-43 жас аралығындағы жігіттерді жинап, шындығы әлі беймәлім майданның бел ортасынан талай жастар бір-ақ шықты. Талайы шейіт болып кетті, талайы фашистік лагерьлерде жан тапсырды, талайы оқ атып үлгермей, әскери жасағымен тұтқынға түсіп, «отанын сатқан» деген жаламен бірнеше жылдан арқалап кете барды. Енді талайының тағдыры мүлде белгісіз арнада, хаты да, хабары да, дүниеде бары мен жоғы белгісіз күйде, артындағы үміттің үркерін таң атқанша сөндірмей, тілеп жататын іздеушілерінің ғана көңілінде өмір сүріп жатты. Соның бірі — Сағынай Ескендірұлы. Ол 1914 жылы  Қарабұтақ ауданында туған. Артында анасы мен жалғыз қарындасы ғана қалып, екеуі өмірінің соңына дейін 1943 жылдың ақпан айында Мәскеудің түбіндегі Клин қаласынан келген хатқа үмітін артып өткізген. Соғыс аяқталысымен-ақ анасы мен қарындасы жергілікті аудандық әскери бөлімнің табалдырығын тоздырып, сұрау салумен болады. Жалғыз ғана жауап алатын: «із-түзсіз жоғалаған». Тіршілікте үмітке сену тәтті, бірақ тым ұзақ күткен сезімнің салмағы жеңіл емес…

Үйде жалғыз ұлдың түйір хабарын тосқан шеше байғұс алаң көңілі аспанға бір мініп, бір түсіп, ақ жаулығына сәби сынды уыз арманын ақ шаштарымен көмкеріп, тағатсыздана күтіп отырды. Сол баяғы жауаптан өзге хабарды күтеді. Бірақ аналық арман орындалмады. Ол 1961 жылы талай бейнет пен талай нәубетті, күтумен өткен ғұмырдың баянын тәмамдап, дүниеден өтіп кеткен. Дүниеде жақынын күткен сәт пен сол уақыт өлшемінің өзегінде жатқан сол заманның адамдары ғана түсінер нәзік те өксікке толы сезім иірімдерін қазіргі жаһан түсіндіре алмасы анық…

Жалғыз қарындасы күнде үмітпен құмалағын салып, жақсылыққа жорып, жалғыз ағасының жаңалығын тосқан алаң көңілі бір күндері тіпті қуанып, үміті дәл ертең орындалатын іспетті, төбесі көкке жетіп, жеті нанын таратып, сандықтағы жаңа көйлегін шығарып, бір абыр-сабыр күйдің ырғағына сүйеніп, сырлы бір қалыптың қалтарысынан жәутеңдеген үмітінің үнсіздігіне әуен біткендей, «адамдық арман деген тәйірі орындалатын құбылыс екен ғой, сірә» деп, қапылып та қалған еді. Оған себеп болғаны:  Қарабұтақ ауданына қарасты Көрпе деген ауылдан Ахмет деген кісі Қарақалпақстанда тұратын туған қарындасының шақыртуымен, шұғыл шаруасын бетке алып, Ақтөбенің әуежайынан бір-ақ шығады. Бір ұшақтар қонып, келесі әуе кемелері кеңістікке әзірленіп тұрған мезетте өз ұшағына бетке алып бара жатып, есімін айтқан жаққа қарай қалады. Сөйтсе, Сағынай екен. Оның естен шыққаны қай заман. Одан бері талай су тасып, талай қар басып, соғыстың аяқталғанына да 27 жыл өткен болатын. Ширек ғасырдан кейін, іс-түзсіз жоғалған жігіттің Ақтөбенің әуежайында ұшырасуы — бұл дүниенің күтпеген жүздесуі. Өзінің тұтқында болғанын, қаз-қатар тізілген адамдарды екінші ұшаққа итпен қоршап тиеп алып бара жатқанын айтып үлгереді. Қайдан, қайтіп, қайда кетіп бара жатқанын өзі де білмейтінін, елге сәлемін айтып қана үлгеріп қалады. Басқа хабар да, ошар да, өзге хат та, жауап та жоқ. Осы оқиғаның желісін елге келіп күтіп отырған жалғыз қарындасына сол ауылдан бір әжей келіп, сүйіншісін сұрап, қуанышпен жеткізеді. Қарындасы Сыпайы Ескендірқызы бір жаңалықтың болғанын жақсылыққа жорып, енді ағасының келетінін бек үмітпен күткендей еді. Қарындасы көңілі алып ұшып, ағасының хабарын сұрап аудандық әскери бөлімнен бір-ақ шығады. «Із-түзсіз» деген жауапты тағы естіп, ауданнан бес шақырым фермада жатқан қоржын үйіне жаяулап, еңсесі езілген күйі қайтып келеді.  Бұл 1967 жылдың жазы еді. Қолында 1943 жылы алған хаты ғана бар. Осы хатты 2000 жылдың жазына дейін сақтап, өзі елу жыл тұрған ауылынан көшерде отқа өртеп, барлық үміті мен күткен сезімдерінің қат-қабат салмағын тілсіз жалынның құрсауына күйдіріп, тағат пен сабырдың, сенім мен төзімнің жолдарына нүкте қойған іспетті. Басқа амал да жоқ болған шығар, бәлкім… Адамның алпыс жылдай күткен құбылысын сол сезім иесінен басқа ешкім сөзбен түсіндіріп бере алмас. Адами сезімдер атан түйеге артатын жүк те емес. Сол қонысынан жаңа бағытқа беттеген ағасын алпыс жыл күткен қарындас-ғұмыр да 2001 жылдың мамыр айында мәңгілікке үзілді…

1967 жылы Ақтөбе әуежайына талай құпия ұшақ қонып, ұшқан шығар. Оны бір Құдайдан өзге ешкім білмес. НКВД-ның мұрағатында қандай мәліметтер шоғырының бары бұл дүниедегі пенделерге тағы қолжетімсіз. Құпияға құрылған жалған ұрандарды ұлықтаған кеңестік жүйенің адам тағдырларына қылған қисапсыз обалы бүгінгі есті адамды қынжылтып та жүр. Қазіргі заманауи ізденіс құралдарынан табылғаны ресейлік мемориал сайтынан алынған бір жапырақ парақ қана. Өзге ешқандай із бен белгі мүлде білінбейді. Ұрпақсыз, ұрансыз өткен бір әулеттің тағдыры мен тарихының қысқаша баяны осылай өрбиді. Егер, осы жауынгердің қандай да бір хабары мен ақпараты таныс қазақ болса, байланысқа шығуы сұралады.

Берік НҰРМҰХАМЕДОВ,

гуманитарлық ғылымдар магистрі.

Қарабұтақ ауылы,

Әйтеке би ауданы.

 

  • Жанайқай

ҚЫЗ АЛЫСУ КЕРЕК!

Қазақтың көрші елдерді таңдантқан жақсы бір қасиеті — қан тазарған, жан тазарған кезде жеті атадан кейін ғана қыз алысу.

Жеті ата —  әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат. Туажаттың туа жаттығынан кешегі туысқандар бүгін қыз алыса береді. Жаңа өмір басталады. Халық өсіп өркендейді, жапырағын жайып, бәйтеректей жайқалады. Мұратына жетеді. Ал жеті атадан кейін қыз алыспау – надандық. Ұрпаққа жасалған қиянат. Сондай қиянатты менің атам Жақсылық өз ұрпағына тастап кетіпті: Бүгінде 10-11 атаға келдік — қыз алыспаймыз…

Төртқара  Жаманақтан тараған Жаншұқыр-Кенжес-Қашан-Жақсылық деген румыз.

Жақсылық атамыз дүниеден өтер алдында сегіз ұлын шақырып алып: «Мен дүниеден өтемін. Менің сегіз ұлым ешуақытта қыз алыспаңдар», — депті.

«Сонда қашан?» — десе керек біреуі. Атаның сөзі: «Ақ түйенің басы қарайғанша алыспаңдар!».

Атаның сөзі болса да, қате сөз. Қазақтың жеті атадан қыз алысатын заңын бұзуға менің атамның қақы бар ма? Ол кім өзі? Хан ба, би ме? Жоқ, ешкім емес, менің атам ғана.

Ертең-ақ 20 ата, 30 ата болады. Сонда жерге симай жүріп, қыз алыспайсың ба? Атасының қате сөзін ақылды ұрпағы түземей ме? Қыз алыспау — өспеу.

Ақ түйенің басының қараятын түрі жоқ. Біз қыз алыспаймыз! Сертіміз солай!

Кейде қисынсыз сөздің бәрін менің аталарым айтып кеткен бе деп ойлаймын. «Қыз алысайық» дегенді аталарымның бірі айтпаған. Неге? Ол қисынды сөз ғой. Айта ма оны?! Осы аралықта Жақсылықтың жастары тып-тыныш жүрген бе? Жоқ, бірін-бірі сүйген, ғашық болған, ынтық болған. Бірақ қосыла алмаған. Қыздар сүйгендерін қимай, артына қарайлап жылап бара жатқан, жігіттер жер тырнап құлаған… Қалаған қызымды ала алмай, алғызбай, жылаған, құлаған мен де көп сорлының бірімін.

Сонда осы жастардың обалы қайда? Неге тас жүрекпіз?!.

Жақсылық шалдың ұрпағы, ақылға келейік! Қыз алысайық. Мен сексеннің бел ортасына келдім. Мен айтпасам, кім айтады?

Төрежан МӘНДІБАЙ, сатирик, жазушы

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 

  • Құрмет

ОРЫНБАСАРОВТАР АТЫНДАҒЫ МАТЕМАТИКА КАБИНЕТІ

Жақында Ойыл ауданы Қайыңды ауылдық округіне қарасты Ақжар ауылындағы Саға орта мектебінде Орынбасаровтар атындағы қазіргі заманға сай математика кабинеті ашылды. Олай аталуының да өзіндік себебі бар.

Ойылдықтардың айтуынша, бұл мектепте аталған әулеттің бірнеше буыны бала оқытып, шәкірт тәрбиелепті. Бізге бір кездері Қайыңды ауылдық округін жиырма жылдай уақыт басқарған, Саға орта мектебінде математика пәнінен сабақ берген ардагер ұстаз Есболай Бікіров Орынбасаровтардың он бір бала тәрбиелеп өсірген елдегі үлкен, сыйлы әулеттің бірі екенін әңгімелеп берді.

Әулет басшысы Қалқыш аға елге сыйлы ұстаз болды. Үздік мұғалім, метаматик еді. Екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан, минометші болған. Ол — 1951 жылы Саға бастауыш мектебі құрылғанда басы-қасында жүрген ұстаздардың бірі. Мектептің алғашқы директоры — Абдолла Қожақов, сол кездегі оқу ісі жөніндегі орынбасары осы Қалқыш аға болды. Көп жылдар бойы осы мектепте математикадан сабақ берді. Көп шәкіртінің бірі — мен.

Қалқыш ағаның он бір баласының бәрі де өз дәрежесінде білім алып, өмірден өз жолдарын тапты: Балалары Қармыс — дәрігер, Төлебай — инженер, Серікбай физик еді.  Бүгінде үшеуі де өмірден озды. Ал Айкүміс — биолог, бүгінде зейнеткер. Тағы бір ұлы марқұм Амантай да, оның келіншегі Базаргүл де үздік мұғалімдер болатын. Екеуі сыныптас болды, бірге оқыды. Екеуінің сынып жетекшісі болдым. Шәкірттерімнің математикаға бүйрек бұруына ықпал еткен болармын, бәлкім. Екеуі институтта да бірге оқыды. Менің есімде қалғаны, ұлттық бірыңғай тестілеу шыққан жылы Ойыл өңірі бойынша алғашқы болып, Саға орта мектебінің екі оқушысы «Алтын белгі» иегері болды. Бұл да сол кездері математикадан сабақ беріп жүрген марқұм Амантай мен Базаргүлдің еңбегі болатын. Өйткені оқушылары есепті шемішкіше шақты,дейді Есболай Бікіров.

Осылайша әке жолын қуған Орынбасаровтар — мұғалімдер әулеті ауыл мектебін көтеруге атсалысады. Содан Амантай мен Базаргүл үйіндегі бес баласы аздай, елдің баласын күндіз-түні оқыта бастайды. Пәндік Олимпиададағы жүлденің бәрін алып, кішкентай мектептен жыл сайын төрт-бес «Алтын белгі» иегері шыққанын жұрт біледі. Айтпақшы, 2007 жылғы 26 шілдеде «Ақтөбе» газетіне Амантай мен Базаргүл Орынбасаровтар «Гимназияны ауыл жақтан да ашуға болады» деген тақырыппен мақала жариялады. Мақалада дарынды балалардың бәрі де ауылда екенін айтып, ұсыныс-пікірлерін жеткізіпті. Облыстық «Ақтөбе» газетіне марқұм Амантай Орынбасаров туралы «Грант иегерлерінің бапкері» деген мақала да жарық көрді. Бүгінде ұлдары Ізбасар мен Сырым Саға орта мектебіндегі Орынбасаровтар атындағы математика кабинетіне сенсорлы интерактивті тақта сыйлап, басқа да оқу-әдістемелік құралдармен жабдықтап берді. Енді Саға орта мектебінің оқушылары математика пәнін одан сайын терең меңгере алады. Интерактивті тақта ауыл оқушыларына графиканы сызуға, түрлендіруге мүмкіндік береді. Кабинеттің ашылуына қатысқан Жаннұр Амантайқызы: «Әке-шешем тірілгендей болды. Ауылдастарыма алғысым шексіз», — дейді.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ. 

 

  • Ауылдас

ЕҢБЕГІ ЕСЕЛІ МАЛ ДӘРІГЕРІ

Ауылымыздағы ветеринария саласының маманы Бибігүл Асқарқызының еңбегі көпке өнеге. Қызылсай ауылының тұрғынымен сұхбаттасқанымызда, әңгімесін ауылы туралы айтудан бастады:

  • Ресейдің Новотроицк қаласымен іргелес жатқан ауылымның кезінде шаруасы шалқып тұрды, тарихта ізі қалды ғой. Сол ауыл кезінде Әлімбет ауылындағы №18 партсъезд кеңшарының орталығы болып, қора толы мал, жайқалған егіні болды дегенге бүгін сену қиын… Менің мал дәрігері болуыма да сол себепші болған шығар. Анам зейнетке шыққанша мал шаруашылығы саласында жұмыс жасады. Анамның жұмысына ере барып, бұзауларды қызықтайтынмын. 1982 жылы жолдамамен Орынбор облысының Сорочинск қаласындағы ветеринарлық техникумының веттехник-фельдшер мамандығы бойынша оқуға түстім. 1985 жылы оқуымды аяқтап, елге оралдым. Әлімбетте екі жыл өз мамандығым бойынша еңбек етіп, ысылдым. Сонан соң совхоз басшылары мені Қызылсайдағы кешенге, яғни мал бордақылау орнына веттехник етіп жіберіп, сол жерде 8 жыл еңбек еттім, — дейді Бибігүл Асқарқызы. Осы уақыттарда тәжірибе жинап, бастауыш комсомол ұйымының жетекшісі, Қызылсай ауылдық депутаттығына сайланып, қоғамдық шараларға белсене араласады.

Еңбек ете жүріп, білімді жетілдіреді. 1989 жылы Орынбордағы ауыл шаруашылығы институтына сырттай түсіп, жоғары білімді маман болып шығады. Талай ширығу, шыңдалудан өткен мал дәрігерінің ветеринария саласының ілгерілеуіне қосқан еңбегі ұшан-теңіз.

Б.ИМАШЕВ,

Қарғалы ауданы.

 

  • Тағылым

КЕЛ, БАЛАЛАР, ОҚЫЛЫҚ!
Қазақ әдебиеті тарихында жастарға білім мен тәрбие беруде орасан еңбек етіп, елеулі жемісін берген ұлы ағартушылар аз болған жоқ. Оқу-тәрбие жұмыстарына белсене араласып, өзіндік іс-тәжірибесін халық арасын да болып кеңінен қолданған зиялы қауымның алдында, әрине, ұлы пелдагог Ы.Алтынсариннің орны бір бөлек. Қашанда жаңа істің бастамасында көптеген қиыншылықтарға тап болып, еш мойымай, балаға деген жүрек жылуының, ыстық шапағатының, білімділігінің арқасында үлкен нәтижеге қол жеткізген ұлы ұстаздың өмірі мәңгі шырақ болғаны анық.

Парасатты педагог «мектеп — әр шәкірттің қабілетін дамытып, қамқоршы-жасампаз тұлға тәрбиелеу міндетін атқаруға тиіс» екендігін барлық іс-әрекетімен

тамаша дәлелдеп берді. Ал мұғалімнің бойында адамгершілік мінезді, әдептілікті, имандылықты қалыптастырып, мейірімсіздікке жол бермеу керектігін барлық еңбектерімен тиянақтап көрсетті.

Ұстаз, шәкірт, ата-ана және халық арасындағы бағалы қасиеттерді бағалау, сақтай білу оқу орындарының, педагогикалық ұжым мүшелерінің басты міндеті

екендігін жан-жақты көрсетіп, дәлелдеп берді.

Ы.Алтынсарин мектептегі тәртіпке мықтап көңіл бөлген. «Тәртіп — мектеп үйі шаңырағының ең қажетті тірегі, ұжымды сымбаттандыратын құрал. Тәртіптің

шындыққа айналуы әр оқушының бойында тәртіптілік сезім тудырады», —  деп тәртіп деген педагогикалық ұғымға терең талдаулар жасаған.

Ыбырай еңбектерін жас буынның бойына сіңіріп, тәрбие мен білімді қатар қойған ағартушының шығармаларын насихаттау мақсатында Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде Ы.Алтынсариннің 180 жылдығы аясында «Кел, балалар, оқылық!» атты апталық өтті. Апталықтың алғашқы күні «Ұстаздық — ұлыдан» тақырыбындағы дөңгелек үстелмен ашылып, «Табиғат, таңғаламын тамашаңа» атты сурет байқауы, 1-4 сыныптар арасында «Дала жұлдызы» топтық сайысы, «Даланың дара ұстазы — Ы.Алтынсарин» атты  кіріктірілген танымдық сабақтар, «Білімнің шамын жаққан ұлт ұстазы Ыбырай!» интеллектуалды ойыны, «Дала қоңырауы» кітап оқу күні, «Ы.Алтынсарин тағылымы» көрінісімен жалғасын тауып, «Кел, балалар, оқылық!»  көркем сөз байқауымен қорытындыланды.

Шынар ДҮЙІСАЛИНА,

Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Құмқұдық ауылы, 

Темір ауданы.

 

  • Үлгі

«ТАБЫЛДЫ, ТІРІ» ДЕГЕН ЕКІ СӨЗДІҢ ҚҰДІРЕТІ

5 желтоқсанда Халықаралық еріктілер күні өтті. Полиция департаменті қызметкерлерінің арасында бос уақытында игі істермен айналысатын еріктілер баршылық. Солардың бірі —  ақпараттандыру және байланыс басқармасының қызметкері Әсем Капанова. Әсем ішкі істер органдарында екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Тәжірибесінің аздығына қарамастан, ол өзін жауапты, сенімді, әділ қызметкер ретінде көрсетті.

Ол бала кезінен ішкі істер органдарында жұмыс істеуді армандағанын айтады.

Әсем бірнеше жыл бойы «Zello poisk» тобының еріктісі және үйлестірушісі болып қызмет атқарған. Қазіргі таңда командада 25 адам бар. Топтағы адамдар жоғалған адамдарды іздеу бағытын анықтайды және осы тапсырмаларды орындау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Күндіз-түні олар мүлдем бейтаныс адамды іздеп, уақыттары мен күш-жігерін жұмсайды.

— Мен осындай іспен айналысатын команданың мүшесі екенімді мақтан тұтамын. Мен ерікті ретінде адамдарға қандай да бір қуаныш сыйлай алсам, ризамын. Адам өмірін сақтау, жоғалған адамның табылғанын есту — ерекше сезім. Біздің күндіз-түні жоқ іздеп, қиналғанымыз, шаршағанымыз «Жоғалған адам табылды, тірі» деген сөзді естігенде түкке тұрмай қалады, — дейді Әсем.

Е.САРҚҰЛОВ.

 

  • Сұхбат

 

«BOOKDATING»: КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУ

 «Қазақстанның оқырман ұрпағы-2021» акциясы аясында Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының актрисасы, талантты әнші Жанар Кемалбаевамен «Bookdating» әдеби онлайн сұхбаты кітапханамыздың Instagram парақшасында тікелей эфирде өткізілді.

Осы наурыз айынан бастап «Bookdating» кітапсүйер оқырмандарының әдеби кездесуін тұрақты түрде өткізіп келеміз. Жалпы іс-шараның басты мақсаты — өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.

«Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, мәдениет саласында қызмет атқару үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Кейіпкеріміз Жанар Кемалбаева Бүбісара Бейшеналиева атындағы университетті кино және драма актрисасы мамандығы бойынша аяқтаған. 15 жылдан астам уақыт ішінде көптеген басты рөлдерді сомдаған.

Жуырда ғана Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының сахнасында жазушы, драматург С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» драмасының желісі бойынша «Арамыз жылап қалар» атты отбасылық драмасы сахналанды. Осы драмада Жанар Кемалбаева, басты рөлдердің бірі Фариданың рөлін сомдады.  Мөлдір өнердің иесі Жанар Исатайқызының өнердегі ең басты ұстанымы шынайылық. Кез келген әртіс сомдаған кейіпкерінің жан дүниесіне бойлай алса, одан өте сәтті қойылым шығады. Шығармашылықты жоғары бағалайтын, өз ісіне адал жанның алар асуы әлі алда.

Ақмарал МҰҚАШЕВА,

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың қызметкері.

 

Оқырман хаттарын топтастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button